Жамбыл ауданы Бірлесу-еңбек ауылы «Бірлесу – еңбек» мешітінде ауыл имамы Сәкен Жолдасбаев бесін намазына келген жамағатқа Рамазан айының артықшылықтары турасында кеңінен уағыз айтты.
"Рамазан – пендені тақуалыққа тәрбиелейтін ай. Бір күні сахаба Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) тақуалық туралы сұраған кісілерге қарсы сұрақ қойып: «Сіздер өмірлеріңізде тікені көп жолмен жүріп көрдіңіздер ме?» дейді. Сонда сұрақ қоюшы адамдар: «Иә, өттік», – деп жауап береді. Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) тағы да: «Олай болса сол жерден өткен кезде не істедіңіздер?» – деп сұрайды. Олар: «Тікендерден сақтанып өттік», – дейді. Сонда сахаба: «Тақуалық та дәл солай, күнә мен қателіктерден сақтану», – деп түсіндіріп берген екен... Бұл оқиға арқылы біз нендей ғибрат аламыз? Алла разылығы үшін ауыз бекіткен адам қателік жасамауға барынша тырысады. Тікені көп жерден аса сақтықпен өткен адам секілді Рамазан айында қателік жасаудан барынша сақтанады. Өйткені ораза ауыз бекіту, ішіп-жеуден бас тарту деген ұғымды ғана білдірмейді. Бүкіл болмысы мен уақытын Жаратушы Иенің разылығына арнаған пенде жамандық атаулыға жақындамауға тырысады" - дейді имам сөзінде.
Жамбыл аудандық мешітінің
Баспасөз қызметі