Оразаның сауабын Алла береді

Оразаның сауабын Алла береді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Рамазан айында ораза ұстау – күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті амал. Оның үкімі – парыз. 

Алла Тағала Құранда былай дейді: “Әй, иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей Аллаға қарсы келуден сақ болатын шығарсыңдар деп санаулы күндерде сендерге де парыз етілді. (Бақара сүресі, 183-аят).

Ораза – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыретте жәһаннамнан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. 

Алла Тағала Рамазан айында парыз болатын оразаның сауабын ақыретте жеке өзім беремін дейді.

Имам Муслимнің риуаятында: «Алла елшісі (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Адам баласының барлық амалдарының сауабы еселенеді. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», – деген.

Ұлылығы шексіз Алла Тағала: «Оразаның жөні бөлек, өйткені ораза тек қана Менің разылығым үшін ұсталады, сондықтан оның қарымын (сауабын) Өзім беремін. Құлым ас-ауқаттан, сусыннан, нәпсісінің басқа да қалауларынан тек Мен үшін бас тартады.

Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқандағы қуанышы және Раббысымен қауышқандағы қуанышы», – деп айтты» – делінген. (Муслим, сиям 164).

Осы айтылған хадистерден байқайтынымыз Алла Тағалаға деген шынайы сеінммен, сауабын тек Алладан күтіп ораза ұстайтын болсақ, Алла Тағаланың құзырына барғанда сол оразаның сауабын тікелей Алладан алады екенбіз. Өзіңіз ойлаңыз, осы жалған дүниеде бір ерлік жасап, мейлі білім саласы болсын, мейлі басқада салада жетістікке жетсек, оны халық көріп бағасын берсе немесе ел басқарып отқан елбасының қолынан тікелей сол ерлігі, жетістігі үшін алғысхат алса, тіпті қарапайым әкімнің өзінен алса да әлгі адамның көңілі жадырап, ел білсе екен, мен пәленшеден осындай алғысхат алдым деп үнемі айтып жүреді.

Ал, енді бүкіл әлемді жаратқан, сіз бен бізге мұқтаждығы болмаған Алла Тағаланың өзінен тікелей сол оразамыздың сауабын алсақ, одан асқан бақыт бар ма?

Сайып келгенде, бір күндік оразамыз себепті, Алла Тағала ол пендесін тозақтан 70 жылға алыстатады екен.

Әбу Сайыд (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Қандай да бір пенде Раббысының жолында бір күн ораза ұстаса, Хақ тағала сол күннің құрметіне оның жүзін, жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады», Яғни, тозақтан жетпіс жыл тынбай жүріп өтетін қашықтыққа алыстатады. – деп айтты», – деген. (Муслим, сиям 167).

Ақылға салсақ, біздің таңнан кешке дейінгі ашығуымыз Алла Тағалаға керек емес. Өйткені Алла Тағала бізге мұқтаж емес. Яғни біздің құлшылығымыздан Алланың ұлықтығы асып, егер құлшылық жасамай қоятын болсақ ұлықтығы кеміп қалмайды. Алла Тағала онсызда ұлық. Бұл амал арқылы Алла Тағала біздің күнәлардан тазарып, үлкен сауаптарға қауышқанымызды қалайды. Өзінің беріп жатқан сансыз нығметтерін сезініп, шүкіршілігіміздің артқанын қалайды. Тіпті, біздің күндіз аш қалуымыз ұзаққа созылмауы үшін, сәресін уақытылы ішіп, ауызашарды уақытынан кешіктірмеуді әмір еткен.

Әнәс (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Сәресіні ішіңдер, өйткені сәресі уақытында ішілген аста береке болады», – деп айтты», – деген. (Муслим, сиям 45).

Сәһл ибн Сағд (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Ораза ұстаған адамдар ауыз ашуға асыққан сайын үнемі жақсылықта болады», – деп айтты» – делінген. (Муслим, сиям 48).

Алла Тағала бізге жеңілдік қалайды, ауыртпалық қаламайды. Сондықтан, біз Алланың әмірлерін орындап, тыйымдарынан тыйылып, Алланың құлы екендігімізді дәлелдеуіміз керек. Егер олай істемесек, біз нәпсінің не шайтанның құлы болады екенбіз.

Алла Тағала осы айда жасап жатқан, осы сәтке дейін жасаған барша амал-құлшылықтарымызды, ізгі істерімізді қабыл етіп, ақыретте жетістікке жеткен құлдарының қатарынан қылсын! Әумин!

Есбол Алпысбаев 

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің ұстазы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: