Ең керегі - ел тыныштығы

Ең керегі - ел тыныштығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

  Ислам - ынтымақ пен бірлік діні

 Жыл басы үлкен сынақпен басталып,  тәуелсіз еліміз күрделі кезеңді бастан  кешті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  батыл шешімінің арқасында қиындықты еңсердік. “Қасіретті қаңтар” оқиғасы  тәуелсіздіктің, тыныштық пен бейбіт күннің қадірін  бағалауды үйретті.

 Тәуелсіздіктің 30 жылында  еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қазақ елін әлем таныды, экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Тәуелсіздіктің арқасында имандылық үйлері көптеп бой көтерді. Жастарымыздың ата дінімізге деген сүйіспеншілігі арта түсті. Ең бастысы- елімізде татулық пен ұлтаралық бірлік салтанат құрды. Жұмыр жер бетінде  тәуелсіз ел болуды, өз Отаны мен жері болғанын аңсап жүрген ұлттар мен ұлыстар қаншама десеңізші. Олардың жанында біздің арманымыз жоқ деп ойлаймын.

Ислам дінінің мақсаты – Жаратқан Иемізді тану, оған құлшылық ету, адамды құрметтеуді, сол арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтау болып табылады.   Алла Тағала Құран Кәрімнің «Әли-Имран» сүресінің 103-аятында: «Барлығың Алланың жібінен ұстанып, өзара топ-топқа бөлінбеңдер»  деп  бізге бұйырады.

Ислам сөзінің мағынасы – “бейбітшілік”, “аманшылық” деген мағынаны білдіреді. «Мұсылманмын» деген адам амандасқанда бір-біріне «ассаламуғалейкум», яғни «Сізге Алланың нұры жаусын, сізге тыныштық тілеймін» дейді.  Осы сөзден-ақ Ислам дінінің мән-мағынасы мен мазмұны айдан анық көрініп тұр.

 Дін-адамдарды қашан да бейбітшілік, әділдік, имандылық туының астында біріктіруші күш. Он сегіз мың ғаламның Раббы адамды өзіне құлшылық етуді, бейбітшілік пен әділдікті тарту етті. Жер бетінде өсіп-өнсін деп жаратты. Құранның  “Ағраф” сүресінің 56-аятында:

“Жер беті түзелгеннен кейін бүлік шығарып, бұзақылық жасамаңдар. Одан қорқып әрі мейірімінен үміт ете отырып, дұға етіңдер. Шүбәсіз Алланың рақымы ізгі жандарға өте жақын” - деп,  адамдарды бірлік пен бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтауға шақырады.

 Жаратушы Иеміз ақырғы пайғамбары жер бетіне мейірімділікті жайып, бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында:

«Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят.) делінген.

Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.) хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты, ауызбіршілікті үндейтін, бөлінуге тыйым салатын көптеген хадистері бар. Тирмизи (р.а) риуаятында пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін» деген.

Халық тілегі - тыныштық пен бейбітшілік. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мем­лекет те сол сияқты. Азға қанағат, барға шүкір, Алланың берген нығметіне алғыс білдіру, уақытша қиындықтарға сабырлылық таныту - адамдық қасиетімізге жатады. Бірлік пен ынтымақтың берері - береке. Ибрагим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың Құранның екі жерінде келетін дұғасы бар:  “Раббым! Бұл мекенді бейбіт ет әрі оның Аллаға және Ақырет күніне сенген тұрғындарын жемістермен ризықтандыр” (“Бақара” сүресі, 126-аят); “Раббым! Бұл мекенді қауіпсіз ет! Мені де, ұрпағымды да пұттарға табынуыдан аулақ қыл” (“Ибрагим” сүресі, 35-аят). 

Халқымыз түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеп, әлемдік өркениетке бейбітсүйгіш ел ретінде енді. Халықтың қуаты-бірлікте. Тұрақтылық –тұғырымыз. Бірлік - баға жетпес басты байлығымыз. Қоғамдағы ұлтаралық  келісім мен саяси тұрақтылық - ең әуелі Отанымыздың  дамуы мен ел тыныштығының кепілі. Басты мақсат - еліміздің бірлігі мен ынтымағын,  қоғамдық келісімді одан әрі нығайтуға қызмет жасау біздің әрқайсымыздың абыройлы борышымыз болып саналады.

 Адам өмірі үшін ең маңыздысы - қауіпсіз мекенде, тыныштық бесігінде тербеліп,  өмір сүріп, ұрпақ өсіру, ел игілігіне қызмет ету. Сондықтан  әрқайсымыз “Қасіретті қаңтар” оқиғасынан сабақ алып,  ауызбіршілікті сақтауға,  тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге біркісідей атсалысаық. Сол жолда аянбай тер төгіп, еліміздің егемендігін нығайтып,  бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайта түсуге үлесімізді қосайық.

Жаратқан Иеміз  Отанымыз - Қазақстанның тәуелсіздігін мәңгілік етіп, кең-байтақ жерімізді қауіп-қатерден, бүліктен сақтасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Бақытбек Сағымбаев,

“Ан-нағим” мешітінің имамы.

Талас ауылы.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: