Ораза шаттығы туралы әсерлі оқиға

Ораза шаттығы туралы әсерлі оқиға

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір қария шопан қойларын бағып, таңсәріден кешке дейін өрісте жүреді екен. Мал бағып жүріп, көбірек уақытын өріске жақынырақ жерде өскен бір алма талының көлеңкесінде  тынығып отырады екен. Кейде алмалары піскен талдармен сыр шертіп, сұқбаттасып тұрады екен:

- Қане балам, мендей бір қарияның алмасын бере қойшы, - деп қояды екен.

Осындай керемет сөздің әсерінен дәмі шырындай, иісі жұпардай болған бір алма топ етіп жерге түсе қалады екен. Қария сол алманы алып, қалтасынан бәкі пышағын алып, өзімен бірге алып жүрген айранын шығарып, жеңілдетіп түстеніп алады екен. Сосын бабасынан қалған ескі Құран Кәрімді алып, абайлап ғана ақырын оқи бастауды әдетке айналдырған екен.

 Шопан ата әлгі алма ағашының көшетін бұдан жиырма жыл алдын өз қолымен көшеттеген еді. Көшетті жиі-жиі суғарып тұрушы еді. Намаз үшін дәрет алған кезде, дәреттен қалған суды да жақсы ниетпен көшетке құйып тұратын кездері де болған екен. Қарияның жүзі жуылатын дәрет суында да бір хикмет бар ма еді, кім білсін. Қысқасы, Алла қалауымен көшет тез өсіп, көп уақыт өтпей-ақ өз жемістерін беретін дәрежеге де жеткен екен. Шопан ата ол кездері жасырақ болғандықтан қайсы алмаға көзі түсетін болса, сол алманы дереу өз қолымен үзіп жей беретін болған екен. Алайда, арадан біраз жылдар өтіп, кешегі жігіт міне, бүгін еңкейген қартқа айналып, қария болды. Алма талы болса күннен күнге ұлғайып, жемістері де дәмді бола бастады. Алма талы қанша жерден өсіп өнгенімен, қария үшін бәрібір де жас баладай болып қала берді. Қария оны "Балам" деп еркелетер еді. Жылдар өте келе қарияда осындай әдет пайда бола бастады, ол өз баласындай болып қалған алма талының жанына келіп, сылап-сипап қойып:

"Қане балам, бұтақтарыңнан бүгінгі нәсібімді түсіргейсің" - деп тұратын еді. Көп уақыт өтпестен бір алма топ етіп жерге түседі екен. Осы бір жағдай үздіксіз жылдар бойы қайталанып тұрды. Қария сұраған кезде алманың түспей қалуы еш мүмкін болмапты. Әркез түседі екен. Ауыл адамдары қарияның бұндай қызықты сәттерін өз көздерімен талай көріп тіпті, "Шопан ата әулие екен" деген де сөздер тарқалған екен.

 Күндердің бір күнінде шопан ата әдеттегінше, алма ағашының саясында тұрып, біраз тынығып мызғып алады. Аз ғана демалған соң, намазын оқыды. Кейін алмаға қарап күндегі әдетінше, сол күнгі алмасын сұрайды. Бірақ та неге екенін қайдам, жемістері пісіп тұрса да қарияның қолына бірде-бір алма түспеген екен. Қария аң-таң... Біраз күтіп, қанша рет қайталаса да алма еш түспеді. Күтті, күтті. Қарияның көңілі бір түрлі болып, көздеріне жас келіп, кірпіктері мен сақалы көз жастарына суларына шыланып кетті. Сосын қойларының соңына жүріп кете барды...  Еш қолымды қайтармаған еді. Не боп қалды екен?! Осы ойлар біраз мазалады. Ойлай-ойлай түбіне жете алмады. Уайымы күшейді. Тіпті алма ағашына көңілі қалғандай әсерде болды. Өзін өте ауыр сезінді.

 Өрістен малдарын ертерек айдап, ауылға қарай бет алды. Бір кезде мешіт жақтан шығып жатқан азанды құлағы шалады. Бүгінгі азан өте өзгеше, әсерлі айтылып жатқан еді. Азан әуендерінің ар жағында бір қуаныш, шаттық жасырынып тұрғандай сезілді. Ішіне үміт оттары жанып тұрғандай болды. Бір кезде өзінен-өзі жымия бастады. Жоғалған нәрсесін тапқандай әсерде болды. Тағы екі көздерінен жастар сауғалай бастады. Дереу артына бұрылып, алма ағашына қарай жылдам жүріп кетті. Алма ағашының жанына келе сала, кең құшағымен құшайтап, еріксіз көздері жасқа толып:

-Балам... Балақайым. Кешір мені жас шыбығым! Мен еш түсінбеген екенмін ғой!!! Бүгін Рамазанның бірінші күні екен ғой!" - деген екен. Оразаларыңыз қабыл болсын!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ"мешітінің имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: