ТАРАУИХ НАМАЗЫ ҚАНДАЙ НАМАЗ?

ТАРАУИХ НАМАЗЫ ҚАНДАЙ НАМАЗ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тарауих намазы – Рамазан айының түндерінде құптан намазынан кейін таң намазының уақыты кіргенге дейін оқылатын намаз. Намаздың үкімі сүннет муәккәда яғни бекітілген сүннет. Шариғатта бекітілген сүнннет – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үнемі үзбей атқарған амалы.

Бұл намазды ер кісілердің де өз үйлерінде оқуына болады. Бірақ мешітте оқу ерлер үшін абзал болып табылады. Тарауих намазы 20 рәкәғкаттан тұрады. Хазрет Омар (Алла оған разы болсын) халифа болып тұрған кезінде мешітте, жамағатпен бірге, бір имамға ұйып, 20 рәкәғат оқуды бекіткен. Әрі бұл шешімді барша сахабалар құптаған. Әбу Ханифадан (Алла оны рақымына алсын) хазрет Омардың (Алла оған разы болсын) бұл шешімі жайында сұралғанда: «Тарауих – бекітілген сүннет. Хазрет Омар (Алла оған разы болсын) бұл шешімді өздігінен қабылдаған жоқ. Сондай-ақ, ол бұл ісімен дінге жаңалық енгізбеді. Ол бар болғаны Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көргенін орындады» деп жауап берген. Тарауих намазының артықшылығы жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  

مَنْ قَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا، غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Кім рамазан айының түндерін иманмен, сауабын (бір Алладан ғана) үміт етіп, құлшылықпен (яғни тарауих намазымен) өткізсе, оның бұрынғы өткен күнәлары кешіріледі» - деген. Рамазан айы – құлшылық айы. Сондықтан күндізді ораза ұстаумен өткізуіміз – парыз. Ал түндерін тарауих, тәһәжжуд сынды намаздармен өткізуіміз –  сүннет. Күндіз Алланың бұйырығы оразаны ұстап,  түнде ерінбей, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалдырған сүннеті тарауихты оқысақ, Алланың кешіріміне бөленеріміз сөзсіз.

   Әйел кісіге де тарауих намазын оқу – бекітілген сүннет. Алайда әйел кісіге тіпті парыз етілген намазды мешітте оқығаннан гөрі үйде оқығаны абзал екендігін ескерген жөн. Сол себепті, парыз намаздан дәреже тұрғысынан төмен сүннет болған тарауих намазын да әйел кісінің үйде оқығаны абзал. Бірақ бұл мешітте оқуға болмайды дегенді білдірмейді, мешітке барып оқыса, күнә емес.

   Тарауих намазын екі немесе төрт рәкәғаттан бөліп оқуға болады. Екі рәкәғаттан бөліп оқу абзал болып есептеледі. Сәлем берілген соң аздап тынығу керек. Сол кезде зікір немесе тасбих айтуға болады. Бізде төмендегі мына тасбих айтылады:

  «Субхаанә зил-мүлки уәл-мәләкүүт. Субханә зил-иззәтә уәл-азамәти уәл-құдрати уәл-кибрия-и уәл-жәбәруут. Субханәл-мәлики-хаййл-ләзи лә йәмуут. Суббуухун құддуусұн раббүна уә раббүл-мәләәикәти уәррууһ. Ләә иләәһә иллаллаһү нәстәғфирұллааһ нәсәлүкәл жәннәтә уә нә узү бикә минәннар».

АЙНАБЕК АХМЕТОВ 

ШЕЙХ ЗУННУН МЕШІТІНІҢ ИМАМЫ

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: