Жамбыл ауданы Бесағаш ауылы «Бесағаш» мешітінде шам намазына келген жамағатқа ауыл имамы Керимов Айтжан «бауырмалдық» турасында уағыз айтты.
Бауырмалдық – Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне берген ұлы нығметінің бірі. Шынайы бауырмалдық – ықыласты, тақуа пенделерге Алла тарапынан берілетін сый.
Шын мәнінде мұсылмандар Алланың мейірімімен бір-біріне шынайы бауыр болады. Алла үшін бауыр болғандардың арасында дүниелік мақсаттар мен жекке мүдделер көзделмейді. Өйткені Алланың разылығы көзделген істе ықылас пен шынайы амалдар жүзеге асады. Келген жамағаттың сауалдарына да жауап берген мешіт имамы жамағатты бауырмал болуға шақырды. Себебі, бауырмалдық – иманның рухы. Мұсылманның мұсылман бауырына деген шынайы сүйспеншілігі, қамқорлығы, жанашырлығы бейнебір діңгек ағаштан тараған бұтақтарға ұқсайды. Себебі, Алла үшін бір-бірін жақсы көргендер Жаратушы Жаббар Иеміздің бұйрықтарын бірге орындауға, адамдарды ақиқат жолына шақыруға, әділет, теңдік, адамгершілік сынды құндылықтарды қоғамда кеңінен таратуға, ренжіскен адамдарды татуластыруға, түйіндеп айтқанда жақсы істерде бір-біріне көмекші болады.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі