Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бірқатар жамағаты кіші қажылығын өтеп келген болатын. Қасиетті мекеннен оралған бауырларымыз еліміз, жеріміз үшін дұға етіп, елде қалғандарға қасиетті мекеннен құрма және қасиетті зәмзәм суын, бауырларымда дәм татсын деген ниетпен әкелген екен.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат Берікұлы кіші қажылық өтеп келген бауырларымыздың құлшылықтарының қабыл болуын тілеп, дұға етті. Және де жамағат зәмзәм суынан дәм татпас бұрын, қасиетті су туралы айтып өтті.
«Зәмзәм – бітпес қайнар бұлақ. Оны Жәбірейіл (ғ.с.) қанатымен ұрып ашқан. Бұл бұлақтан нәресте Исмаил (ғ.с.) және анасы Хажар ішкен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүрегін жуған су да зәмзәм. Зәмзәм суының мың бір қасиеті бар. Хадисте: «Жер бетінде ең жақсы су – зәмзәм суы. Ол әрі ас, әрі дертке шипа», – делінген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) зәмзәм суын ішкені, дәрет алғаны және басына құйғаны жайлы дерек бар. Сонымен бірге, мес ыдыстарға құйып науқас адамдарға ішкізгендігі де айтылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Зәмзәм суын қандай ниетпен ішсең, соған жарайды», – деген», - деп, зәмзәм суын ішпестен бұрын ниет етіп, дұға жасап ішу керектігін ескертіп, сөзін аяқтады.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі