Бүгін Меркі ауданы, Сұрат ауылы “Сұрат” мешітінде өткен Мәуліт мерекесін ауданның бас имамы Қанат Талғатұлы ашып, құран оқыды. Жиылған жамағатқа аудан бас имамы қасиетті Мәуліттің маңызын, ата дініміздің құндылықтарынан нәр алған халқымыздың бірлігі мен ынтымағына тоқталды, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағынаны білдіреді. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам - Мәуліт мерекесі жыл сайын елімізде кеңінен аталып өтіледі.
Құранда пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят).
«Меркі ата» мешітінің найб имамы Қасымалиев Батырбек Жақсымбетұлы Мәуліттің шығу тарихынан бастап, пайғамбарымыздың (с. ғ.с) өнегелі өмірі, көркем мінезі жайлы тағылымды әңгімелер, имандылық, дінаралық татулық пен бірлік туралы уағыз айтты.
Ғаламға мейірім ретінде жіберілген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімін ардақтауда Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Қанат Талғатұлы және найб имам Батырбек Жақсымбетұлы Алла тағалаға мадақ, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтты.
Жиын соңында келген жамағат мерекелік дастарханнан дәм татып, еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы үшін дұға жасап тарқасты.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі