Қанымызды тулататын өнер көкпар, бәйге болса, бәрімізді шулататын доданың бірі-қазақша күрес. Бүгінгі таңда насихаты жақсы бұл спорт көпшіліктің қызығушылығына ие. Балуан Шолақ, Иман Жүсіп, Қажымұқан, секілді бабалардың жолын Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыхановтар жалғаса,олардың ізін бүгін көптеген балуандар басып жүр. Жыл сайын өтетін Қазақстан барысы турнирі бізге төл спортымыздың тарландарын таныстырды. Соларға қарап жас буын өсіп, бұғанасы қатайып келеді. Жалпы күрес өнері шариғатымызда құпталған, хадистерде айтылған. Сондықтан мұсылмандар күресе білуі тиіс.
Жуырда Шу қаласындағы «Тарлан» спорттық-сауықтыру кешенінде Шу ауданы Айтқұл баба мешітінің ұйымдастыруымен қазақша күрестен 2008-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында жарыс өткізілді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған балуандар бәйгесінде шулық өрендер бақ сынасты. Нәтижесінде 60 келі салмақта Нұрым Қырғызбаев түйе балуан атанды.
Сондай-ақ 26,29,32,35,38,42,46,51 келілер де жеңімпаздар анықталды. Жүлде қоры 70 мың теңгені құрайтын жарыста жеңімпаздарға медальдар тапсырылып, мадақтау қағазы берілді. Сонымен қоса бірінші орын алғандарға спорттық киім берілді.
Ұтымды түрде ұйымдастыра білген «Айтқұл баба» мешітінің имамы Бахтияр Нармұхановқа қатысушылар алғыстарын білдірді. Жарыстың жоғары деңгейде өткені атап өтілді.
Байжан Емберді,
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі