Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚМДБ ғимаратында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарыққа шыққан «Ихсан – тәрбие негізі» кітабының таныстырылымы өткен болатын.
Бұл кітаптан әрбір адамға аса қажет ықылас, ниет, ыждаһат, тұрақтылық, тиянақтылық, Аллаға, Құранға, Пайғамбарға деген махаббат, нәпсімен күресу жолдары, жүрек дертінен арылу, рух тазалығы, тіл тазалығы сынды көркем мінезді қалыптастыратын сипаттарды тұлабойымызға сіңіру қажеттігін түсінеміз. Сонымен қатар, ата-ана, бала-шаға, көрші-қолаң, ағайын-туыс, айналадағы адамдардың ақысы жайлы құнды насихаттар жазылып, жаман әдеттерден арылудың жолдары көрсетілген.
Меркі ауданы орталық « Меркі ата» мешітінде имам молдаларға «Ихсан – тәрбие негізі» атты кітапты таныстыру рәсімі өтті.
Жиын барысында Меркі ауданының бас имамы Жанықұлов Нұрбек Қайсарұлы Ихсан ілімі аясында: «Нағыз мұсылман Алланың бұйырған парызына берік болып, тыйған тыйымынан бойын аулақ ұстайды. Бос, пайдасыз істерден аулақ болып, өзіне сеніп тапсырылған аманат пен міндетке асқан жауапкершілікпен қарайды. Берген уәдесіне берік болады. Міне, осындай мұсылман екі өмірде де мақсат-мұратына жетеді» - деп сөз сөйледі.
Бас имам осы қасиеттерден айнымау үшін әрдайым Жаратушы Иенің бізді көріп-бақылап тұрғанын естен шығармау қажеттігін қаперге салды. Және де бұл ілімді жамағат арасында кеңінен насихаттауды тапсырды.
Сұхбат соңында елімізге амандық, жұртымызға есендік тілеп дұға жасасып тарқасты.
Меркі ауданы «Меркі ата» мешіті