Көршілерімізге жақсылық жасауға асығайық!

Көршілерімізге жақсылық жасауға асығайық!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Рамазан айында Құдай қосқан көрші-қолаңдарымызға жақсылық жасауды да ұмытпайық, ағайын! Өкінішке орай, қазіргі таңда көршіге жақсылық жасау амалының маңыздылығын көп ескере бермейтініміз рас. Тіпті көршілерімен араласпақ тұрмақ, қанша жыл кіммен көрші тұрып жатқанын білмейтін жандар да ішнара кездесіп жатады. Сондайларды көргенде ішің ашитынын өтірік емес. Егер Құдай қосқан көршілерімізбен жақсы қарым-қатынаста болсақ, Алла Тағала тарапынан мол сыйға кенелеріміз хақ.

Алла Тағала Қасиетті Құранда былай бұйырған: «Алла (Т.) ға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» (4:36).

Біздің асыл дініміз Ислам мұсылмандардың бір-біріне зиян тигізуіне тыйым салған. Егер бір адам көршісіне зиян тигізетін болса, онда зиян тигізуші-көрші Жұмақа кірмейді, демек зиянқор көрші өзінің жаман пиғылдары себепті Тозаққа түсуі мүмкін. Біздің сүйікті Пайғамбарымыздың () яһуди көршісі болған. Әлгі көршісінің баласы ауырып қалыпты дегенді естіген Пайғамбармыз () барып баласының көңілін сұрап қайтқан екен. Жалпы алғанда, көршінің үш түрі болады. Бірінші көрші — жақын мұсылман, яғни, туған-туысқан. Егер сіздің көршіңіз мұсылман әрі туысқаныңыз болса, онда оның сізге қатысты үш хақы бар – көршілік, туыстық және Ислам бойынша. Егер көршіңіз мұсылман болып, бірақ туысыңыз болмаса, онда оның екі хақы бар – көршілік және Ислам бойынша. Егер көршіңіз мұсылман емес болса, онда оның сізге қатысты тек көршілік қана хақысы болады. Біздің ата-бабаларымыз көршілерін Құдайдай сыйлап, қолда барымен бөлісіп, туысынан артық араласқан болатын, алайда қазіргі таңда көршілерімен осындай жақсы қарым-қатынаста болатын адамдар саусақпен санарлықтай ғана, өкінішке орай. Дегенмен, осынау бір кемшілікті ретке келтіретін кез келді. Қасиетті Рамазан айында көршілерімізбен қарым-қатынасымызды түзеп, оларға қатысты жақсы амалдар жасауға тырысайық. Бәлкім, кейбіреулеріңіз: «Менің көршім асқан бай адам, ол менімен араласпақ тұрмақ, мені көзіне де ілмейді әрі үйі үш метр қорғанмен қоршалған», - деп айтарсыздар. Алайда әлгі көршіңіздің байлығы да, үш метр қорғаны да сіздің онымен араласуыңызға кедергі келтірмеуі керек. Мұның бәрі тек Алла разылығы үшін әрі өзіміздің және маңайымыздағы көршілеріміздің жүрегіне жылулық ұялату үшін ғана жасалатын амалдар. Әнас ибн Мәлік (р.а.) келтірген мына бір хадисте былай айтылған: «Сорпа жасасаңыз, суын молырақ құйыңыз да көршілеріңізбен де бөлісіңіз». Тіпті көршіңізге сорпа болсын апарып берер болсаңыз, сол үшін сауап аласыз, ин ша Алла. Міне, осылайша, көршіге деген жақсы қарым-қатынас басталмақ. Күндіз-түні армандап жүретін Жұмақ қасымызда, негізі. Жұмаққа кіру мүмкіндігін жіберіп алмайық – көршімізбен қарым-қатынасымызды түзейік! Бес уақыт намаздарымыздан соң көршілерімізді де дұғамызға қосып қоюды есімізден шығармайық! Алла Тағала жақсы амалдарыңызды арттырып, Жұмақтың төрінен орын нәсіп етсін! Әмин!

 Ақерке СЫДЫҚОВА

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: