Күлімсіреу — cүннет

Күлімсіреу — cүннет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Неліктен біз осы аз күлімсірейміз? Қане, бүгінгі және келесі Рамазанға дейінгі күндерімізді күлімсіреуге арнайықшы. Күлімсіреу — жағымды әрі құнды сыйлардың бірі әрі бұл сыйды адамдар бір-біріне тегіннен-тегін сыйлай алады. Әттең, күнделікті күйбең тірлікпен жүріп біз күлімсіреудің керемет жойқын күшін есімізден шығарып аламыз. Сөзсіз, күллі әлемде орын алып, біздің елді бейжай қалдырмаған короновирус індеті мен карантин салдарынан адамдардың қажып, шаршап жүргені өтірік емес, алайда бұл біздің түнеріп, тұнжырап жруімізге себеп емес қой.

Бұл баянсыз өмір өткінші әрі бәрі уақытша екенін ескерсек, біздің құнды күндеріміз жабырқаумен өтіп жатыр емес пе? Міне, осындай күндері бұлттың астынан көрінген күн іспетті сіз де өзіңіздің күлімсіреуіңізбен айналаңызға шуақ шашып, сізді көрген жандардың жүрегіне қуаныш ұялата жүріңіз. Күлімсіреу жөнінде біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бауырыңның бетіне күліп қарауың да садақа», - деп айтты емес пе? Олай болса, біздің садақа беруімізге не әлде кім кедергі? Біздің «беретініміздің» бәрі де садақа болсын, тіпті бауырымыздың бетіне күлімсірей қарауымыз да. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (ﷺ) басынан қаншама қиын сынақтарды өткізсе де ол (ﷺ) ең мейірімді әрі ең көп күлімсірейтін адам болып қала берген.

Абдулла ибн Жарир (р.а.) есімді сахаба өзінің бір риуаятында былай келтірген: «Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) мүміндерді үмітке, мейірімге, исламға деген үндеуге, сүйіспеншілікке толы өзінің көркем күлімсіреуімен жұбататын». Қалжырау, нашар көңіл-күй, бастан асқан қарыз бен проблема сияқты өміріңізде қандай жағдай орын алмасын, күлімсірей білу тек мықты адамның ғана қолынан келетін амал. Өзегі өртеніп, жаны жегідей желініп тұрса да мықты адам сіздің жүзіңізге күлімсірей қарай алады. Көп жағддайда, күлімсіреу тек мықты адамдарға ғана тән қасиет деп айтар едім. Ол ешқашан қиыншылықтың алдында тізе бүкпейді, сағын сындырмайды, салы суға кетпейді және осындай күшті қасиетімен өзгелерге үлгі бола алады. Мұндай адам Алла Тағлаға ғана тәуекел етеді. Тек жиі әрі шынайы күлімсіреу керек. Эмоционалды ахуалдың құлы болмай, керісінше көңіл-күйіңізді уысында ұстайтын билеуші болыңыз. Жиі күлімсіреп жүрейік, ағайын! Күлімсіреу сүннет амалдан екенін ұмытпайық! 

Алла Тағала бізге анағұрлым көп жақсы амал жасауға мүмкіндік берсін деп тілейік!

Ақерке Сыдықова 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: