Туыстық қарым-қатынасты нығайтайық!

Туыстық қарым-қатынасты нығайтайық!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін баяндайын деп отырған амал үшін Алла Тағала зор сый мен мол сауап дайындап қойған. Бұл жақсы амал Алланың көркем есімдерінің бірі «ар-Рахманмен» байланысты. Тіпті Әлемердің Раббысы осындай атаумен Құранның 55-ші сүресін түсірген. Алла Тағала «рахим» атты ұлы есімімен байланысты туыстық қарым-қатынасты жаратты.  

«Рахим» - адамның туған-туыстары. Егер кімде-кім туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болса, онда Жаратушы сол құлымен байланысын нығайтады. Ал егер кімде-кім туыстық қарым-қатынасты үзер болса, онда Алла мен әлгі пендесінің арасындағы байланыс үзілетін болады, демек, адам туғандарымен қарым-қатынасын түземейінше, Алла Тағала оған Өзінің Мейірімін төкпейтін болады. Сол себепті де Алла Елшісі (ﷺ): «Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, туыстық қарым-қатынасын үзбесін», - демеді ме? Сондай-ақ, туыстық қарым-қатынасты сақтау – ғұмырымызды ұзартып, несібемізді арттырады. Туған-туыстарымызға соңғы рет қашан барып едік? Хал-жағдайларын біліп тұрамыз ба? Әрине, қоғамда орын алған карантин себепті туған-туыстарымызға бара алмай жүргеніміз өтірік емес, алайда ұялы телефонымызды ешкім тартып алған жоқ қой. Қане, туыстарымызға хабарласып, шер тарқатып бір сөйлесейікші. Алланың қалауымен, күндердің күнінде бұл карантин де аяқталар, сол кезде туыстарымызды іздеп өзіміз барайық не болмаса үйімізге қонаққа шақырайық. Негізі, «туыстық қарым-қатынасты үзбеу»дегеніміз не?

Егер сізге қатысты сіздің туысыңыз туыстық қарым-қатынасты үзген болс да сіз сол туысыңызбен араласуыңызды тоқтатпаңыз; егер ол сізге жақсылық жасауын тоқтатса да сіз оған жақсылық жасай беріңіз. Міне, дәл осы амал Алла алдында «туыстық қарым-қатынасын сақтаушы» ретіндегі сіздің дәрежеңізді көтереді. Өзіңіз ойланып көріңізші, біздің жетістігімізге қуанып, қиыншылықта бізге демеу беретін кім? Сөзсіз, туған-туыстар. Алланың қалауымен, бақилық болсақ, біздің мәйітімізді жуып, ақ кебінге орап, соңғы сапарға шығарып салатын кім? Әрине, өзіміздің туған-туыстарымыз! Ендеше, осы қасиетті Рамазан айында күйбең тірлігімізді ысырып қойып, туыстық қарым-қатынасты нығайтуға тырысайықшы, оларға барынша көп жақсылық жасайық.

Туыстық қарым-қатынасымызды нығайту үшін жасаған әрбір жақсы амалымыз үшін Алла Тағала бізді Жұмақпен қуантсын! Әмин!

 Ақерке Сыдықова

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: