Алла Тағала Құранда «Мәида» сүресінің 96-аятында су жәндіктері туралы: «(Уа, мүміндер!) Сендерге және жолаушыларға пайдалануларың үшін теңіздің жәндіктері мен тағамы халал етілді» десе, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Теңіздің суы – таза және оның өлексесі – адал», – деген.
Ханафи мәзһабының ғұламалары Құран мен хадисте аталған «су жәндіктерін» балық атауына жататын жәндіктер деп түсіндіреді. Яғни, өздігінен өліп, судың бетіне қалқып шыққан балықтан басқа кез келген балық тектестің өлісін де, тірісін де жеуге болады.
Әбу Ханифа мәзһабының әйгілі кітабы саналатын «Дуррул-мухтарда»: «Өздігінен өліп, судың бетіне көтерілмеген су хайуандарынан тек балық қана рұқсат етіледі. Тіпті «жиррис және мармаһи» балықтары да адал», – деген. Жиррис және мармаһи дегеніміз – жылан балықты білдіреді.
Жоғарыда келтірілген «Теңіз суы – таза, өлігі – адал», – деген хадистегі «өлік» сөзі балықты білдіреді. Өйткені тағы бір хадисте: «Бізге екі өлік және екі қан адал дегендегі екі өлік – балық және шегіртке, ал екі қан дегеніміз – бауыр мен көкбауыр» екендігі айтылған.
Ал «Бахрур-ройқ» кітабында: «Су хайуанынан тек өздігінен өлмеген балық рұқсат етіледі», – делінген.
Имам Мәлік мәзһабының кейбір ғалымдары суда өмір сүретін жәндіктер мен балықтар жайында: «Су хайуанының барлығы желінеді» десе, кейбір мәликилер су шошқасы, жыртқыш, ит тәрізді және су перісін жеуге болмайды дейді. Мұндағы, яғни, фиқһ кітабында су перісінің айтылу себебі, оның шынайы өмірде бар немесе жоқтығын білдірмейді. Бәлкім болып қалған жағдайда үкімі қалай болады деген ұғымда айтылған.
Имам Шафиғи суда тіршілік ететін жәндіктер мен балықтардың барлығын адал деп санайды. Оған дәлел ретінде әңгімеміздің басындағы «Сендер үшін теңіз жануарлары халал етілді» деген аятты айтады. Өйткені аятта балық және балық емес деп ашып көрсетілмегендігін жеткізеді.
Ханафи мәзһабы бойынша кейбір су жәндіктері мәкруһ болып саналуына «Ағраф» сүресінің 157-аяты дәлел. Онда: «Сендерге жиіркенішті нәрсені арам етті» делінген. Сонымен қатар «Ниһая» кітабында: «Жиіркенішті нәрселер мәкруһ тахрим, яғни, харамға жақын мәкруһ. Ал суда балықтан басқасы – жиіркенішті», – деп келген.
Ханафи мәзһабындағы жиіркенішті нәрселер, яғни, мәкруһ, жағымсыз іс саналғандардың қатарына шаян, сегізаяқ, т.с.с. жатады.
Ал жыртқыш балықты жеу – шариғатымызда рұқсат. Кейбір көзқарастар бойынша Муслимде келген «Барлық азу тісті жыртқыш хайуанды жеу – харам» деген хадисті жыртқыш балыққа дәлел ретінде келтіріп жатады. Алайда аталмыш хадисте келген азу тістілер жайындағы мәселе құрлықтағы хайуандар жайында айтылған.
Сол секілді су бетіне өздігінен өліп, қалқып шыққан балыққа келетін болсақ, оны жеу де –мәкруһ. Өйткені Жабирден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.):
«Теңіздегі қандай да бір балық бір себеппен судың бетіне шығып қалса немесе өлтірілсе, жей беріңдер. Ал егер өзі өліп, су бетіне қалқып шықса, жемеңдер», – деген. (Әбу Дәуіт).
Қорыта айтқанда, ханафи мәзһабында судағы балық атаулының барлығы – адал. Балық қандай жолмен өлтірілмесін (тоқпен, мылтықпен,т.б.) оны жеу рұқсат етіледі. Ал өздігінен өліп, су бетіне қалқып шыққан және жиіркенішті балықты жеу – мәкруһ, яғни, жағымсыз іс саналады.
Алтынбек Ұтысханұлы,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша бас имамы
halaldamu.kz