Айшаның ұялы телефоны шылдырлап болмаған соң, сөмкесінен алып қараса «Белгісіз номер» екен. Әдетте апайының осындай белгісіз номерден қоңырау шалатын әдеті бар-тұғын. Тұтқаны көтергенде ар жақтан бір бейтаныс жас жігіттің өте әдемі дауысы естілді. Жас жігіт бірден сұрақтарды қойып, оны сөзге тарта бастады, алайда Айша қанша ойланса да бұл жігіттің кім екенін есіне түсіре алмады.
Айша: «Кешіріңіз, сіз кім боласыз? Мен сізді білемін бе?» - деп сұрады. Жігіт болса: «Жоқ, сен мені танымайсың, бірақ мен мәртебелі отбасынан шыққан жанмын. Келешекте екеуміз бір-бірімізді жақсы білерміз деп үміттенемін», - деп ағынан жарылды. Біраз үнсіздіктен соң Айша: «Сіз білесіз бе, менің ұялы телефоным тыңдалады», - деді.
– Рас па? Кіммен тыңдалады? Өзің оқитын оқу орныңмен бе? – деп сұрады жігіт.
– Жоқ.
- Ата-анаңмен бе?
- Жоқ.
– Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бе?
-Жоқ.
– Енді кіммен сонда? – деп күлді бейтаныс жігіт.
- Алла Тағаламен. Алла Тағала – бәрін Білуші! - деп тіл қатты Айша.
Мұндай жауапты күтпеген жігіттің күлкісі сап тыйылып, өз қылығынан ұялған ол тұтқаны қоя салды.
asyldin.kz