Шамшәдин КЕРІМ: МҮФТИЛІК ҮШІН КҮРЕС ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ

Шамшәдин КЕРІМ: МҮФТИЛІК ҮШІН КҮРЕС ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

– Қазақстандағы Ислам тарихына зер салсақ, орта ғасырда, тіпті бертіндегі Қазақ хандығы кезінде де діни орталықтың болғаны айтылмайды. Сонда мүфтият деген мәселе қай кезде шыққан?

– Қазақ жерінде мұсылмандардың діни өмірін үйлестіретін басқару институты орта ғасыр, Қазақ хандығы кезінде болған жоқ. Бұл институтты Патша үкіметі өзінің жүргізіп отырған саясатының бір тармағы ретінде қалыптастырды. Осылайша Ресей қоластындағы мұсылмандарды бақылауға алуға тырысты. Сол мақсатта бірнеше мүфтият құрылды. Соның бірі ІІ Екатерина патшайымның бұйрығымен 1788 жылы құрылған Орынбор мүфтилігі болатын. Патшалық Ресей құрамына өткеннен кейін Қазақстанның солтүстік, батыс және орталық бөліктері осы мүфтилікке діни жағынан бағынды. Орынбор мүфтилігі мемлекеттік, коллегиялық ұйым еді. Мүфтиді Ішкі істер министрінің ұсынысымен патша тағайындады.

1868 жылғы Ресей қазақ даласында әкімшілік басқару жүйесіне реформа жасар алдында қазақтар арасында арнайы зерттеу жүргізіп, пікірін сұрастырып көрді. Осы кезде Орынбор мүфтилігінен шығу туралы тілектер айтылды. Бұл ұсынысты Ресей қуана құптады және жүзеге асырды. Мұндай оқшауланудың қаншалықты зиян екенін әрі осы қателікті түзетудің ұзақ уақытқа созылғанын тарихқа жүгінгенде айқындаймыз. Әлихан Бөкейханның сөзімен айтсақ, «Ол кезде мүфтиліктен оп-оңай шықса да, бұл күнде қайта кіруге зар болып жүргенін көзі бар қазақ көріп отырған шығар. Бұрынғы замандағы қазақтың бас­шы­лары есік пен төрден ар­ғыны болжай алмайтын болғанда, жалпақ жұртқа өкпе жүрер ме?».

Мүфтият тақырыбына қатысты көп қалам тартқан әрі осы күрестің бел ортасында жүрген Алаш қозғалысының көсемі Әлекең сол бөліністе Бөкей ордасының Орынбор мүфтигінен шықпай қалуын Жәңгір ханның дінге ықыластылығынан, ғылымға үйірлігінен, бірінші мүфти Мұхаммед Хүсейіннің қызы Фатима сынды парасатымен, сүйкімділігімен ханның кеңесшісі бола білген жарымен де байланыстырады.

– Мүфтилік құрамына қайта кіруге сұрану қазақ даласында жүргізіле бастаған шоқындыру сая­сатымен тікелей байланысты шығар?

– Мүфтияттың мекеме ретінде қажеттігі қазақ тарихында ХХ ғасырдың басында батыл қойыла бастады. Мұның әсіресе Алаш қоз­ғалысының күн тәртібінде тұр­ған басты мәселенің біріне ай­налуы да кездейсоқтық емес. Оның бір айғағын 1905 жылы жазылған әйгілі Қарқаралы пе­ти­циясынан көруге болады. Осы петицияға арқау етілген өзекті мәселелер санатында діннің көтеріліп, мүфтият талабы алға шығарылып, Орынбор мүфтияты қарамағына беру сұралады. Бұл петицияның жазылуына Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев секілді қазақтың өрелі, қайраткер азаматтары ұйытқы болды.

(Фотода – Әлихан Бөкейхан)

Сол уақытта мүфтият мәселесінің қазақтың әртүрлі өңірінде көтерілуін күрескер діндарлар мен зиялылардың бірлесе қимылдағаны айғақтайды. Соның бірі – 1906 жылы сәуірде Верныйдағы мұсылмандардың алғашқы құрылтайының ұйымдастырылуы. Осы жиында Патша үкіметінен Орынбор мүфтилігіне қазақ мұсылмандарының кіруі немесе Түркістан өлкесіндегі мұсылмандардың тәуелсіз рухани діни басқармасын құруы талап етілді. Әрине Патша үкіметі бұл мәселелерді кейінге қалдырып, барынша созбақтады. Оның себебі империяның осы кезде миссионерлік жұмыстарына белсене кіріскенінен еді. Жеке мүфтияттың құрылуына немесе  отарланған бұратаналарды бір орталық аясына топтасуға жол беру орыстандыруды нәтижелі жүргізуге кедергі келтіреді деп түсінді. Өйткені миссионерлер қазақтарды мұсылманшылығы әлсіз, орнықпаған жұрт деп санағандықтан, оларды шоқындыру оңай іске асып, ата дінін ауыстыруға тез қол жеткіземіз деп сендірді. Осындай құйтырқы жоспардың жүзеге асуына қазақтардың қандас татар, башқұрт, ноғай сияқты халықтармен діни байланыстардың бекімделе түсуі бөгет болады деп сақтанды.

– Демек шоқындыру саясаты қазақтарды керісінше біріктіре түсті ғой?

– Бұрын бізге Ислам діні оңтүстік арқылы келсе, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында солтүстікте мұсылманшылық қанатын кеңге жайып жатты. Ресейге қосылғаннан кейін татар, башқұрт, ноғай молдалары қазақтар арасында Ислам дінін таратуда үлкен рөл атқарды. Сауда мен кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, ауқаттанған татар дәулеттілері дінді қолдап-демеуде, мешіт-медреселер салуда озық тұрды. Ал Патша үкіметінің шоқындыру саясаты  керісінше қазақтардың қарсы әрекетін, исламдануға ұмтылысын күшейтті. Уфа, Қазан, Троицк, Бұхара қалаларындағы медреселерде білім алатын қазақтың жастары еселеніп, сонымен қатар Стамбұл, Каир секілді ірі шаһарларға барып діни білім алуға тәуекел ететіндер қатары молайды. Шоқындыру амалдары дін мәселесін ушықтыра түсті. Қазақтың зиялылары мүфтият мәселелесін қайта-қайта талап етіп, арызданудан тайсалмады. 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдық билігін құттықтап, жолдаған жеделхатқа да үкімет алдына Думада депутат, мүфти, жерді қосты. Үкімет осының ішінде жер мәселесін шешпесе де, депутаттық пен мүфтилікті оңтайлы шешетіндей сыңай танытты. Алайда Орынбор мүфтилігіне қоспай, жеке мүфтилік ашуға қарсы емеспіз дегендей түлкібұлаңға салды. Ал Орынбор мүфтилігімен бір болуды жөн деп есептеудің бір себебі бұл бағынышты құрылым болса да өзіндік ықпалы бар, рухани-шариғи істермен шұғылданатын жүйелі мекеме еді. Екіншіден, жеке мүфтият құру мәселесінің экономикалық проблемалары да бар еді. Себебі мекеменің ғимараты, басқа да шығындары үшін қомақты қаражат керексінетін. Сол үшін қазақтың діни қайраткерлері мен оқығандары дайын орталық мекеме аясында жұмыс істеуді дұрыс деп санаған.

– Шешімін тапқан бір мәселе Думада депутат болу екенін айтып өттіңіз. Думадағы Мұсылман фракциясының қызметі қандай еді? Қазақ депутаттары қазақтың діни мәселелерін шеше алды ма?

– Думадағы Мұсылман фракциясы мұсылмандардың құқы, сондай-ақ мүфтиятқа байланысты өзекті мәселелерді көтере білді. 1908 жылдың сәуірінде Мұсылман фракциясының депутаттары өздері дайындаған заң жобасын өткізуге әрекеттенді. Бұл заң жобасында Ресейдің қоластындағы мұсылмандардың орталық діни басқармасын құру керектігі, оның жергілікті жерлерде өлкелік діни басқармаларын құру, ауылдық, уездік діни мекемелер ашып, оларды облыстық, өлкелік діни басқарма қарамағына қарату мәселелері қамтылды.

Бұл заң жобасы 9 тармақтан тұрды. Аталған заң жобасын дайындауға Мұсылман фракциясы атынан қатысқан қазақ депутаттары Бақытжан Қаратаев, Сералы Лапин, Ахмет Жанталин, Елжан Оразаев, молда Аймұхамед Өтегенов үлес қосты. Сондай-ақ Мұсылман фракциясы 1914 жылы Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайын өткізуге рұқсат алды. Бірақ құрылтайға қатысатын делегаттар саны 35 адамнан аспасын деген шек қойылды. Осы құрылтайды ұйымдастыруға қазақтың зиялылары да белсене атсалысты.

Құрылтайда сөйлеген сөзінде Бақытжан Қаратаев өткір мәселелерді ортаға салды. «Съезге бүкіл Ресей мұсылмандарына бір діни орталық басқарма құру ісімен айналысуы керек. Ондай орталық мұсылмандарды біріктіріп, олардың мұқтаждығын үкіметке жеткізіп тұрар еді. Міне, осындай мекеме ашылса, миссионерлердің аран­датуымен үкімет мұсылмандардың діни істеріне қол сұқпайтын еді» деді ой өресі биік, құқықтық білімі жоғары Бақытжан Қаратаев.

(Фотода – Бақытжан Қаратаев)

– 1917 жылы өткен Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайында Уақытша діни басқарма құрылып, Ғалымжан Баруди мүфти сайланды. Торғай, Орал, Ақмола облыстарының қазақтары осы діни басқармаға қарады. Ұзамай Риза Фахретдин басқарған Діни назарият құрылды. Мұнда да қазақ өкілдері болды. Біз үшін қайсысы маңызды?

– Алып империяны шайқалтқан төңкерістен кейінгі аласапыран кез Еділ бойы мұсылмандарымен ортақ мүфтиятқа бірігуге аз мерзімге болса да мүмкіндік тудырды. 1917 жылдың 20 мамырында Қазанда Ғалымжан Баруди бас болып Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайын ұйымдастыру комиссиясын құрды. Аталған құрылтай осы жылдың 20-26 шілдесінде Қазан қаласында өтті. Оған 100 делегат қатысты. Делегаттар құрамында Қырым, Кавказ, Түркістан, Қазақ өлкелерінен өкілдер болды.

1923 жылдың 10-25 шілдесі аралығында Уфа қаласында Бүкілресейлік ғұламалар мен мутауаллилердің құрылтайы өтті. Бұл құрылтайға Ресейдің әртүрлі өлкесінен, соның ішінен Қазақстаннан да өкілдер келді. Делегаттар саны 285 адам болды. Осы құрылтайда Діни назарияттың төрағасы және мүфти болып Риза Фахретдин сайланды. 1926 жылы осы құрылтайдың тағы да жалғасы ұйымдастырылды. Бұл құрылтайға 430 делегат қатысты. Оның да құрамында Қазақстан өкілдері болды. Діни назарият діни орталық құруда айтарлықтай рөлге ие болды. Қазақстанда оның өкілдіктерін құру, басшыларын сайлау басталды. Қысқа уақытта кең байтақ қазақ жерінің әр өңірінен 55 мухтасиб сайланып үлгерген еді. Алайда мұндай діни-әкімшілік жүйенің қалыптасуына Кеңес үкіметі кедергі жасап бақты. 20-жылдардың аяғына қарай билік дінді қысымға алып, қудалау саясатын күшейтті. Небәрі 11 ай өмір сүрген мухтасибтер жұмысы тоқтатылды. 30-жылдары мешіттер түгел жабылды. Имам, молда, ишан, қожалар қуғындалды, түрмеге тоғытылды, оққа байланды. Тек 1943 жылы ғана дінге қарсы қатқыл саясат аздап жұмсарды.

– САДУМ-ның құрылуының бірнеше себебін атап берсеңіз.

– 1943 жылы Ташкент қаласында Орта Азия мұсылмандары діни басқармасы (САДУМ) құрылды. Мұндай қадам Екінші дүниежүзілік соғыс жағдайымен тікелей байланысты. Діни басқарма құру арқылы мұсылмандарды патриотизмге үндеп, оларды Отан қорғау майданында жан аямауға шақырудың тағы бір құралы іске қосылды. Сонымен қатар САДУМ-ға қарасты мешіт имамдарына майданға қаражат жинау талабы қойылды. Әр мешіт имамы өзі жиған қаражаты туралы орталық органдарға есеп беріп тұрды.

Оның үстіне Гитлер Кеңес үкіметіне өшпенділігі бар мұсылмандарды өз мақсатына пайдалануды көздеді. Фашистер түркістандық тұтқындар арасынан Түркістан легионын қалыптастырды. Сондай-ақ Кеңес үкіметі құрығынан қашып бас сауғалаған түркістандықтар оқ-дәрісін әзірлеп Ауғанстаннан екінші майдан ашуға дайын тұрды. Олардың көсемі қазақ же­рінің тумасы, үлкен дін оқымыстысы, бұрын Тараз қаласында мухтасиб болып сайланған Әбунасыр Мүбашширхан ат-Тарази еді. Оның Ауғанстандағы Орта азиялық мухажжирлер (эмигранттар) арасында беделі өте жоғары болды. Бұл сөзімді олардың әр қа­дамын бақылып, діттегендерін орындатпай тастаған кеңестік барлаушылардың Кремль қожайыны Сталин, қорғанысқа жауапты Молотов, қауіпсіздікті басқарған Берия сынды лауазым иелеріне құ­пия мәлімдемесін қолға ұстап оқыған соң ғана ауызға алып отырмын. Жан алып, жан беріскен қантөгіс соғыс кезінде Сталиннің САДУМ-ды құрғызуды мақұлдауындағы тағы бір мақсаты – Кеңес одағы мұсылмандарының коммунисттерге ыза-кегін фашистердің одан әрі ұтымды пайдалануына жол бермеу еді.

(Фотода – Әбунасыр Мүбашширхан ат-Тарази)

– САДУМ кезінде Қазақстан қазиятының жағдайы қандай болды? Жалпы Қазақ қазияты, мүфтилігі секілді тақырыптар қалай зерттеліп жүр?

– 1945 жылдан бастап Қазақстанның бірен-саран мешітін қайтару мәселесі күн тәртібінде тұрды. Жергілікті жерлердегі ме­шіттерді қайтару үшін өтініштер жиналып, қарастыра басталды. Сол кезеңнен жеткен мұрағат деректеріне қарағанда Алматыдағы 12 мешіт түгел тартып алыныпты. Бұлардың бәрі қоймаларға, қызыл үйлерге айналдырылған, басқа да мекемелерге берілген. Қазият құрылып, мешіттер ашуға өтініштер саралана келе Алматы өңірі бойынша бір ғана мешіт ұстауға рұқсат етіліп, қазіргі Орталық мешіт маңындағы Пушкин көшесіндегі №28 жатақханаға айналдырылған ғибадат үйін кері қайтару туралы ресми қарар шықса да, орындалмайды. Ал Қазақстанның алғашқы қазиі Әбдіғаппар Шамшудинов Семей қаласында отыратын.

– Сонда қазият орталығы Семейде болды ма, неге?

– Еліміздің мұсылмандары басшысының астанада емес, шалғайда отыруының себебі бар. Алматы мұсылмандары 1945 жылдың 20 қыркүйегінде жамағаты КСРО Жоғары Кеңесінің Президумының төрағасы М.Калининге хат жазған. Ол хатта зауыттың жатақханасы ретінде қолданылып отырған мекемені мешітке босатып беру туралы айтылған. Олар шешім шыққанына қарамастан мекемені босатпай отырғанын айтып, көмек сұраған. Демек қазидің Семейде отыруына кіндік қалада не арнайы бөлмесі, не мешіттің болмауы себеп болды ма деп ойлаймын. Әлгі хатта жамағат өздерінің амалсыздан Айт намазын көшеде оқып жүргенін, Конституцияға негізделген талабын жазған. Алайда архивтердегі айғақ хаттарға қарап отырып мәселенің жылдам шешіле қоймағанын, әр мешітті кері қайтарудың қаншалықты ерік-жігермен, табандылықпен іске асқанына қанығамыз.

– Архивтер дегеннен шығады, шәкірттеріңізді Қазақтың ислам тарихын зерттеуге бағыттап жүр­сіз бе?

– Қазақстандағы Ислам тарихы төңірегінде бірнеше диссертация қорғалды. Алайда бұл тақырып исламтану, дінтану тұрғысынан зерттелген жоқ. Осыған қатысты өзімнің жетекшілігімдегі докторанттарға мүфтият тарихына байланысты диссертацияларды тақырып ретінде белгіледім. Мысалы, Бейбіт Мырзагелдиев Орынбор мүфтилігінің қазақтың діни өміріндегі орны туралы докторлық диссертация жазып жүр. Тимур Аманқұлов 20-50 жылдардағы Қазақстандағы ислам жайлы диссертациясын жазып бітірді. Бұл ғылыми еңбекте Кеңес үкіметі кезеңінде дінге қарсы жүргізілген солақай саясат туралы деректер берілген. Бұрын 30-жылдардағы асыра сілтеу саясатына қарсы баскөтерулер тек шаруалардың қозғалысы ре­тінде қаралып келсе, енді көтерілістің діни сипат алғаны да көрсетіледі. Аталған жұмыста бұл наразылықтың басында біздің діни қайраткерлеріміз – ишандар, молдалардың болғаны және мұсылман құқықтары көтерілгені айқын фактілермен дәлелденеді. Олар Кеңес үкіметінің атеистік саясатына, зұлымдығына қарсылық білдірген. Міне, осы секілді ғалымдарды Қазақстандығы исламды әр қырынан зерделеуге бағыттап, жетекшілік жасаудамын. Исламтану мамандығымен докторантураға 1 курсқа қабылданғандар ішінен Нұрсұлтан Нұржанға ХІХ- ХХ ғасырдағы Ақмола өңіріндегі исламды, ал Бижан Ілесбековке ертеректе қазақ жерінен шығып Самарқантта мүфти, қазы болған Ахмад ибн Мансұр әл-Испиджабидің еңбектерін тақырып етіп бекіттік. Мансапта отырмаса да ғұламалығымен, пәтуә шығаратындай шариғатқа жүйріктігімен «мүфти» атағын иеленген Хұсам ад-дин ас-Сығнақи мен Қауам ал-дин ал-Итқани сынды ғалымдардың ең­бектері бойынша ғылыми жұмыс жазып жүрген шәкірттер бар.

– Алайда қазият, мүфтият тарихына қатысты архив деректері тапшы. Бұған не дейсіз?

– Тарихты таразылауда архив құжаттарының маңызы өте зор. Орынбор мүфтилігіне байланысты құжаттар толықтай тіркеліп, том-том бума болып бізге жеткен. Соның арқасында Орынбор мүфтилігін жан-жақты зерделеуге жол ашылды. Ал қазият, мүфтият тарихына байланысты табан тірер құжаттардың аз болуы кейбір қорытындылар жасауға қолбайлау болып отыр. Жазбаша таңбаланған мәліметтердің тапшы болуының бірнеше себебі бар. 1990 жылы САДУМ төрағасы, мүфти Шамсуддин Бабахановты орнын беруге мәжбүр еткен Мұхаммед Садық Юсуфтің жақтастары кеңседегі біраз құжатты жойып жіберген деседі. Өзбекстан жағы да «сол астаң-кестеңде Қазақстан қазиятына байланысты қағаздар да құртылып кетті» деген сырғытпамен бар құжатты бүркемелейді. Одан бөлек ҚМДБ құрыл­ғаннан кейін ғимаратында өрт болған. Діни басқарманың 2000 жылға дейінгі кезеңдегі бұйрық, хаттама, жеке істер, есеп-хисабтық т.б бумалары жоқ­қа тән. Сол дәуірдегі мекемелік мұрағаттың соңынан түсіп сұрастырғанымда «өртте жанып кетті дегендей» жауаптар алам. Оның бір себебін тек тілсіз жаудан емес, дін қызметшілерінің қағазға салақтығынан, қырсыздығынан әрі жауапсыздығынан көрем.

Бұл тұрғыдан Қазақстанның екін­ші қазиі болған Сәдуақас Ғылманидың мұқияттығы мен бейнеткештігі өнеге етуге лайықты. Сәдуақас Ғылмани өзі қази болған Кеңес үкіметінің қиын мезгілінде де маңызды құжаттар, ғылыми жазбаларды аманаттай қабылдаған. Өзінің мансабына молдалық пен ғибадат шеңберінен кең қараған. Мүфтиятқа, мешіттерге, имамдарға қатысты деректер, суреттер, бәрін жинап, ұқыптылықпен тігіп отырған. Сонымен қатар кейбір құжаттарды бірнеше нұсқа қылып көшіртіп, әртүрлі мекемелерге тапсырған. Осылайша қолжазбалардың бірі жоғалған жағдайда қалғаны сақталатындай жағдай ойластырған. Қолынан қаламын тастамай, аудармамен, сөздік түзумен талмай шұғылданған. Қазилардың ішінде осы Сәдуақас Ғылманидан қалған мұра өте ауқымды, 40 томнан асады. Осылардың ішінен қазақ қоғамындағы исламды, мүфтият тарихын зерттеуге мол ақпарат табамыз.

(Фотода – Сәдуақас Ғылмани)

– Сұхбатымызды мүфтият тарихымен түйіндесек. Қазақстан қазиятының САДУМ-нан бөлінуінің негізгі себебі не еді?

– ҚМДБ-ның жеке отау тігуін сол кездегі Кеңес одағында қалыптасқан саяси ахуалмен сабақтастыруға болады. Горбачевтің қайта құру саясаты Кеңес одағын ыдыратуға әкеп соқтырды. Жариялылық лебі діни жағдайға да әсер етіп ұлтшыл Мұхаммед Садықты САДУМ тізгінін ұстауына әкелгенде Қазақстан қазиі Рәтбек Нысанбайұлы жаңа басшымен тіл табысудың оңайға түспестігін түсінді. Рекең тік мінезді, темір құрсаулы Кеңестер одағы тұсында араб елінде терең шариғи білім алуға қол жеткізген кісі еді. Ол батыл әрі тез шешім қабылдай білді. Рәтбек Нысанбайұлы Мәскеудегі діни істерге жауапты тұлғаларымен де жақсы қарым-қатынас орната алды. Діни басқарманың дербес бөлініп шығуының жылдамдауына экономикалық фактор да ықпал етті. Ол кезде Қазақстаннан жи­налатын садақа, қайырымдылық қаражаттардың дені Ташкентке жіберіліп, сонда қалып қоятын. Қазияттың жеке есебі де болмаған. Ал Қазақстандағы саны онсыз да аз мешіттердің жағдайы мәз емес-тін. Тозығы жеткен мешіттерге күрделі жөндеу жүргізу, жылыту, имамдарға жалақы тауып беру, мұның бәрі де тікелей қаржыға тірелетін. Сонымен қатар кадр мәселесі де тұралап қалды. Кеңестік жазадан аман қалған діни адамдары қартайып, қатары селдіреп жатты, олардың орнына маман дайындалмады. Өзбекстандағы бір-екілі діни оқу орнында Қазақстан үшін бөлінетін орын (квота) саны саусақпен санарлық еді. Осындай себептердің бәрі жиылып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жеке бөлініп шығуын тездете түсті.

Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН,

«Мұнара» газеті, №3, 2020 жыл

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: