Келе сала есікті қақты. Іштен Фатиманың (р.а.): – Ол кім? – деген даусы естілді. Біләл (р.а.) өзінің атын айтып Пайғамбардың (ﷺ) қамшы сұратқанын жеткізді. Фатима:
– Ей, Біләл! Әкем қамшыны не істемек? – деп сұрады.
– Өз-өзін жазаландырмақшы, – деп жауап берді.
– Ей, Біләл! Қамшымен ұрып әкемнен ақысын алмақ болған кім? – деп сұрады.
– Үккаша, – деп жауап қатқаннан кейін қамшыны алған бойы мешітке заулады. Қамшыны апарып хазірет Пайғамбарға (ﷺ) ұстатты. Пайғамбарымыз (ﷺ) болса қамшыны Үккашаға берді. Дәл осы арада орындарынан атып тұрған Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) қосарлана:
– Ей, Үккаша! Қамшымен Пайғамбарды (ﷺ) ұрғанша бізді ұр, міне арқамыз, – деп жалыныш білдіре жон арқаларын тосты. Хазірет Пайғамбарымыз (ﷺ):
– Уа, Әбу Бәкір, ей, Омар! Алла Тағала сендердің бұл тілектерің үшін сый-құрметке бөлейтіндігі күмәнсіз, – деді. Бұл жолы Үккашаға Әли (р.а.) жалына бастады:
– Ей, Үккаша! Пайғамбарды (ﷺ) қамшымен ұруыңа риза емеспін. Оны ұрғанша мені ұр! Міне, арқам, міне, кеудем, қай жерімнен қанша ұрғың келсе де ұр! Оған да хазірет Пайғамбар басу айтты:
– Уа, Әли! Орныңа отыр! Ұлы Алла сенің бұл жақсылығыңды да елеусіз тастамайды. Үккашаға енді Хасан мен Хүсейін жалына бастады.
– Ей, Үккаша! Біздің Пайғамбар (ﷺ) немерелері екендігімізді білесің, одан алмақ болған өшіңді бізден алғаның жарасады. Өтінеміз, одан да бізді ұр! – десті.
– Уа, менің көзайым немерелерім! Орындарыңа отырыңдар! – деді Пайғамбарымыз (ﷺ) оларға да, сөйтті де Үккашаға бұрылып:
– Әй, Үккаша! Мені шындап ұрғың келсе, кәне ұр! – деді. Үккаша:
– Уа, Алла Елшісі! – деді тайсалмастан:
– Сіз ұрғанда мен жалаңаш болатынмын. Мен де сізді ұрарда денеңіздің жалаңаш болғанын қалаймын, – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) екі сөзге келместен бірден жейдесін шешті. Сөйтті де:
– Кәне, ұр! – деді, – қалағаныңша ұр! Мұны көрген мешіттегі бар сахабалар көңілдері босап жылады. Жейдесін шешкенде Пайғамбарымыздың (ﷺ) денесінің сүттей аппақтығына отырған жұрт таңғалысты. Арқасында тумысынан Алла Тағаланың берген сыйы, елші екендігінің хақ дәлелі – қал тәрізді Пайғамбарлық мөрі де көзге оттай басылды. Алайда дәл осы сәт еш күтпеген тосын жайт болды. Міне, қызық! Қамшымен ұрады деп күткен Үккаша барған бойы Пайғамбарымыздың (ﷺ) арқасындағы сол мөрді құшырлана сүйіп-сүйіп алмасы бар ма?! Сөйтті де:
– Уа, Алла Тағаланың құрметті елшісі! – деді:
– Сіздей адамға кім қол көтерсін?! Бар арманым: сіздің арқаңыздағы Пайғамбарлық қалыңызды бір сүю болатын. Сол арманыма бүгін жеттім. Мен бақыттымын! Алла Тағала енді сіздің құрметіңізге бола мен бейбақты Тозақ отына қия қоймас! Отырған жұрт тебірене теңселіп кетті. Пайғамбарымыз (ﷺ) да қатты толқыды. Қуанышты жүзбен көпшілікке көз тастаған Пайғамбарымыз (ﷺ):
– Жұмақтық адам көргілерің келсе, мына Үккашаға қараңдар! – деді. Мұны естіген бүкіл мұсылмандар Үккашаны құттықтап, оны маңдайынан сүйгіштеді.
asyldin.kz