Пайғамбардан (ﷺ) ақысын даулаған сахаба (жалғасы бар)

Пайғамбардан (ﷺ) ақысын даулаған сахаба (жалғасы бар)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) бұл өмірдегі дәм-тұзы таусылуға айналған соңғы күндері еді. Алпыс үш жылдық өмірін абыроймен өткізіп, имандылық пен ақиқат жолына бастау арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленген ол тіршілігінде бір құмырсқа екеш құмырсқаны да ренжітпейтіндей өте кішіпейіл, қайырымды болатын. Ол өмірінің соңғы сәттерінде мұсылмандар арасында жіберген қателігі болса кешірім сұрап, бақұлдасып қалуды жөн көрді. Осы ниетпен бір күні Біләлге (р.а.) азан айтқызып, жұртты мешітке жинауын өтінді. Пайғамбарымыздың (ﷺ) сөзін екі етіп көрмеген Біләл (р.а.) дереу мұнараға шығып, зор даусымен азан шақырды. Әуезді азан даусын естір-естімес мәдиналығы бар, Меккеден көшіп келгені бар – барлық мұсылмандар мешітке аяңдап жинала бастады. Сәлден кейін-ақ мешіт іші лық толды. Сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларға екі рәкағат намаз оқытқаннан кейін мінберге шығып сөз бастады. Алдымен Алла Тағалаға шүкір етіп мақтау айтты. Артынша бүкіл елдің ет жүрегін езілтіп, жан-жүрегін тебіренткен, еріксіз көздеріне жас алғызып, тұла бойын шымырлатқан хұтбасын оқыды. Хұтба соңы анық-анық айтылған мына сөздерге ұласты: 

«Ей, мүміндер! Мен сендердің пайғамбарларыңмын. Өмір бойы ізгілікке үгіттеп, тынбастан бәріңді де Алланың ақ жолына шақырумен келдім. Жақсылықты насихаттауда бір ғана Жаратқанның жәрдеміне арқа сүйеумен болдым. Сендерді қызғыштай қорғадым. Қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқтырмауға тырыстым. Сендерге қолымнан келгенше бір әкедей-ақ мейірімділік таныттым. Мұң-қайғыларыңды да бірге арқаладым. Ал, енді сендерден сұрарым: осынша жыл біргеміз, менде ақысы кеткен жан араларыңда бар ма? Ақысы кеткенің бар болса, Құдай үшін, Қиямет күніндегі есепке қаратпастан дәл қазір менен ақысын алсын!» Бұл сөзді естігенде көңілдері өрекпіп, көздеріне жас үйірілген сахабалардың ешқайсысы да тікелей Пайғамбарымызға (ﷺ) барып «Сізде менің ақым кеткен», - демеді. Сұрақ екі-үш рет қайталанғанда ғана сахабалардан Үккаша орнынан тұрып Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасына барды. Сөйтті де сөз бастады: – Уа, Алла Тағаланың сүйікті Елшісі! Сіз үшін әке-шешемнің де жаны пида! Құдай үшін деп бірнеше мәрте қайталағандықтан айтпасқа лажым жоқ, сізде менің ақым кеткен еді, – деді де, болған оқиғаны былайша баяндады: – Уа, Алла Елшісі! Бір күні сізбен бірге соғысқа қатыстым. Шайқастың қызған кезі еді. Бір уақытта қалай екенін қайдам, мінген түйелеріміз бүйірлесіп қатар келіп қалыпты. Мұным ұят болды ма, қой кешірім сұрайын деп түйемнен түсіп имене жақындай бергенім сол еді, арқамды қамшыңыз осып түсті. Уа, Алланың Елшісі, сол жолы сіз әдейі-ақ мені қамшымен тартып жібердіңіз бе, жоқ әлде, байқамастан болды ма сол жағын әлі күнге ажырата алмай келемін...Мұны естіген Пайғамбарымыз (ﷺ): – Ей, Үккаша! Сені қайтіп әдейі ұрайын, байқамастан болған ғой, – деп кешірім сұрайды да артынша Біләлді (р.а.) қызы Фатиманың (р.а.) үйіне барып дәл сол жолғы қамшыны әкелуге жіберді. Біләл (р.а.) мешіттен шыққан бойы бірден Фатиманың (р.а.) үйіне бет түзеді. Бір жағынан Пайғамбарымыздың (ﷺ) қалай өз-өзіне жұрт көзінше жаза бермек болғандығына да таңғалды...

 

Asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: