Ойласаң сұрағын қабірдің – білесің өмірдің қадірін! (жалғасы)

Ойласаң сұрағын қабірдің – білесің өмірдің қадірін! (жалғасы)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Aл күнәһар пенденің жанының көтерілуіне тоқталар болсақ: Пайғамбарымыз (ﷺ) кәпір немесе күнәһар адамнан алынған рухы туралы: Оны (мәйтті) көк пен жердің арасындағы әрбір періште лағынеттейді және оған көк есіктері жабылады. Әр есіктердің тұрғындары Оның рухының өздері жаққа көтерілмеуіне Алладан дұғамен тілейді. Ажал періштесі оның жанын алады. Жанын алып болған соң, оны қас-қағым сәтке болса да қолында ұстап тұрмайды. Сосын оны басқа періштелер от кебінге салады. Одан жер бетінде болмаған өлексенің сасық иісі шығады. Сөйтіп, оны жоғары алып шығады. Олар қашан бір топ періштенің жанынан өтсе, олар (періштерлер): «Бұл жаман рух кім?» - деп сұрайды. Олар: «Бұл пәленше ұлы пәленше!»- деп дүниедегі оның ең ұнамсыз аттарымен таныстырады. Сөйтіп, төменгі көкке жетіп, кіруге рұқсат сұрайды, сонда оған көк  ашылмайды, - деп айтқан. Мұнан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) Алла Тағаланың: «Оларға көктердің есіктері ашылмайды. Және олар түйе иненің көзінен өткенге дейін жұмаққа кірмейді. Осылайша бұзақыларды жазалаймыз», – деген аятын оқыды. Пайғамбарымыз (ﷺ) сөзін жалғастырып: «Сосын Раббымыз: «Оның кітабын сижжинде, ең төменгі жерде жазыңдар! Құлымды жерге қайтарыңдар! Расында, мен оларды содан жараттым және оған қайтарамын. Сосын одан қайта шығарамын!» - дейді. Сөйтіп, оның рухы көктен жерге қарай лақтырылады», - деген. Содан соң Пайғамбарымыз (ﷺ) Алла Тағаланың:«Кім Аллаға ортақ қосса, сонда ол көктен құлап, оны құс іліп әкететін немесе оны ұзақ мекенге жел ұшырып кететін нәрсе сияқты», - деген аятын оқыған. Адам баласы бұл өмірде қалай өмір сүрсе, қабірде де дәл сол күйде болады. Алланың қалауымен, адам қабірдегі құбылыстардың бәрін көріп, ести де алатын болады. Бұған дәлел ретінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ): «Еш күмәнсіз, өлген кісі көмілгеннен кейін, көміп кетіп бара жатқан адамдардың аяқ дауыстарын еститіндігін», - айтқан. Пайғамбарымыз (ﷺ) Бәдірде өлтірілген кәпірлерді бір құдыққа тастауға әмір етті. Ертесіне Пайғамбарымыз (ﷺ) сол жерге барып олардың әрқайсысының есімін әкесінің есімімен қосып: «Ей, пәленше ұлы пәленше» деп атады да былай деді: «Раббыларының сендерге берген азабын көрдіңдер ме? Еш күмәнсіз, Раббымның маған сөз берген  жеңісін көрдім», - деді. Оны естіген хазірет Омар ﴾р.а.﴿: «Уа, Алланың Елшісі! Сен өлген біреулермен сөйлесіп жатырсың ба? - деді. Оған Пайғамбарымыз (ﷺ): «Мені хақ дінмен жіберген Алланың атымен айтайын, тіпті сен мені олар сияқты жақсы ести алмайсың», - деді.                 Қабірдің өзі адам үшін әзірленіп, қайтқан кісі жақсы амал етсе, жерде ол адам үшін жұмсақ, әрі жайлы болады. Ал, адамның жасаған амалы жаман болса, жер де қатулық танытып, тіпті адамды қабылдамауы да мүмкін болатын кездер болады. Адам қабірге қойылғаннан кейін Алланың рұқсатымен екі періште ол адамды сұрақтың астына алады. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (ﷺ) өлген кісі көмілгеннен кейін, оған қап-қара екі періште келеді. Бұлардың бірі Мүнкәр, екіншісі Накир есімді екі періште. Өлген кісіге Алланың бұйрығымен оған рухын қайтарады да сұраушының сұрағын түсінерліктей өлім мен тіршіліктің арасында орташа бір халде тірілтеді де, сезімдері мен ақылын қайтарады. Сөйтіп, ол сұралған кезде жауап беруге шамасы келеді, сол кезде оған екі періште: Раббың кім?, дінің не? және сендерге жіберілген кісі жөнінде не айтасың? деп сұрағанда мүмін адам: Раббым – Алла, дінім – Ислам, бізге жіберілген пайғамбар – Мұхаммед (ﷺ) деп жауап береді. Сонда екі періште оған: «Ана тозақтағы орныңа қара! Алла оны саған Жәннаттағы бір орынмен ауыстырып қойды»,- деп баян етеді. Бұдан кейін қабір жетпіс есе кеңейтіліп, жап-жарық болып нұрға толады. Ал дінсіз немесе екіжүзді адам болса: «Білмеймін, ол жайында адамдар не айтса, соны айтар едім»,- дейді. Сонда періштелер: «Сен оны айтпадың да, білгің де келмеді»,- дейді. Кейін оған лайықты азап беріледі. Періштелер жерге: «оны қыс»,- деп әмір етеді. Жер адамды қысады да, оның қабырғалары бір-біріне кіріп кетеді. Алла ол адамды қайта тірілетін күнге дейін азаптайды.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: