Осман ибн Аффан ﴾р.а.﴿ қабір қасында отырып қатты жылайды. Қасындағылар Жәннат пен Тозақты ойлап жыладыңыз ба? - деп сұрайды»,- «Жоқ, оған емес, ақиқатында, қабір - ақырет мекендерінің бірі, кім қабірдің сұрағынан жеңіл құтылса, одан кейінгі сұрақтар жеңіл болады», - деді. Әбу Ләйс Самарқанди: «Егер мына жерге тіл бітетін болса, адам баласына: «Ей, адам баласы, үстімде жүресің, ішімде қамалып жатасың, үстімде кез-келген нәрсені жейсің, ішімде сені құрт-құмырсқалар жейді, үстімде мәз-мейрам болып күлесің, ішімде қайғырып жылайсың, үстімде топпен жүресің, ішімде жалғыз қаласың, үстімде күнә жасайсың, ішімде азапталасың»,- деп айтқан болар еді. Көріп тұрғанымыздай әр адамның кездесетін әлемі қабір болады. Бірақ қабірдегі халымыз жақсы болу үшін біздің бүгінгі амалымыз ізгі болуы тиіс. Кім қабір азабынан құтыламын десе, ғалымдар төрт амалды жасап, төрт нәрседен бойын аулақ ұстау керектігін айтқан.
Жасалынуы тиіс төрт амал:
- Намаздарға бекем болу;
2. Садақаны көп жасау;
3. Құранды көбірек оқу;
4. Алланы көп ұлықтау.
Аулақ болатын төрт нәрсе:
1. Өтірік айтпау;
2. Ешқашан қиянат жасамау;
3. Бүкіл өсекшілердің бәрі күнәһәр;
4. Зәрден сақтану.
Кім осындай жақсы амалдарды өзіне серік етіп, ғұмырын салиқалы өткізсе оның қабірі, жанының рақаты болары сөзсіз. Ал кім осынау өткінші өмірде бойын күнәлі істерге жеңдіріп, нәпсісіне ерік берсе қабірдегі халінің мүшкіл болатыны да ақиқат десе және тағы бір риуаятта Пайғамбарымыз (ﷺ) қабірлердің жанынан өтіп бара жатып, екі қабір иесі жағдайын былай баяндаған: «Расында, бұл екеуі азапталып жатыр, бірақ үлкен күнәмен азапталып жатқан жоқ. Кейін, «иә, ол екеуінің бірі сөз тасып жүретін еді, ал екіншісі кіші дәреттен кейін тазаланбайтын еді», - деді.
Пайғамбарымыз (ﷺ) қабірлердің жанынан өткенде олардың дауысын еститін болған. Егер адамдарда қабір азабының даусын есту қабілеті болғанда, қабірге деген қорқыныштан олар бірін-бірі жерлемей, тіпті өмір сүруінің өзі қиындап кетер еді. Әбу Айюб әл-Ансари ﴾р.а.﴿: «Бірде Алла Елшісі (ﷺ) күн батқаннан кейін тысқа шықты. Кенеттен бір дауыс естіледі. Сонда сахабалар: «Не естідің, уа, Алланың Елшісі?» - деп сұрайды. Алланың Елшісі (ﷺ): «Яһудилер қабірлерінде азапталып жатыр деп айтты», - деген.
Өмір ақиқат, өлім ақиқат. Расында, өмір өткінші, алдамшы, өзіндегі барымен адамзатты арбап, жалғанды шындай етеді. Айналаңда қоршаған ортаң, жақындарың, бала-шаға, ата-ана, байлық, билік - бәрі, бәрі де қалар бір күні. Негізінде, нағыз өмір өлімнен кейін басталады. Қараңғы қабір, көр, мола, құрт-құмырсқаның илеуі болған қорқынышты бір мекен. Ол жерде жаныңа жақын болар еш нәрсе болмайды. Керісінше, тіршілікте естігенде жаның түршігерлік ащы шындық, кигенің көргің келмеген кебін, бар болғаны сол. Дегенмен қабіріміздің кең немесе тар болуы, ол тағы да, адамзаттың таңдауына берілді. Яғни қабірді кеңейтетін қабір қазушының күрегі емес, адамның иман толған жүрегі. Қабір біздің көз-көріп құлақ естімеген бір жай. Әбу Бакр ﴾р.а.﴿ былай айтқан: Ақыретіне еш азық жинамай өмірден өткен адам, бейне бір ашық теңізге кемесіз тасталынған адаммен тең». Олай болса сол бір өлмес өмір келместен, есігімізді Ажал періштесі қақпастан бұрын, ізгілікті іс жасап, келген жерімізбен, келудегі мақсатымызды және барар жерімізді еш естен шығармағанымыз жөн шығар, сірә! Біз қалайық, мейлі қаламайық, Алланың ажалы келері хақ! Алайда Алладан сұрарымыз Алланың тек қана ақ өлімі. Ащы тұз тамақтың дәмін кіргізгені тәрізді, өлім, бәлкім өміріміздің мәнін кіргізеді. Қашан түбінде қайтар жері Ұлы Раббымыз Алланың алды екенін білген жан иесі, әр басқан қадамы мен әр айтқан сөзі үшін ертең Қияметте сұралатынын біліп, кез-келген ісіне саналы түрде қарайтынына еш талас жоқ.
Алла Тағала баршамызға екі өмірдің рақатын сыйлап, қабір азабынан сақтап, мәңгілік Жәннат бақтарында болуымызды нәсіп етсін!
asyldin.kz