Бірде Алла Тағала Мұса пайғамбарға (ғ.с.): «Әй, Мұса! Мен үшін жасаған амалың бар ма?» – деп сұрайды. Мұса (ғ.с.): «Уа, Раббым! Сен үшін намаз оқыдым, ораза ұстадым, садақа бердім, сәжде жасадым. Саған мақтау айттым, кітабыңды оқыдым, сені еске алдым», – деп жауап береді.
Мұны естігенде Алла Тағала: «Әй, Мұса! Бұның бәрі өзің үшін: намаз – сенің жол көрсетушің, ораза – қалқаның, садақа – өзіңе көлеңке, сәждедегі айтқан тәсбихтарың – Жұмақта өзіңе саялы ағаш болады. Кітабымды оқуың сәнді сарай мен хор қызына қолыңды жеткізеді. Мені еске алуың өзіңе нұр болып жарығын төгеді. Ал, сонда Мен үшін не істедің?» Мұны естіген Мұса пайғамбар (ғ.с.) сасқалақтап: «Уа, Алла Тағалам! Сен үшін жасалатын амал болса, білдірші, мен соны жасайын?» – деп сұрайды.
Сонда Ұлы Жаратушы: «Әй, Мұса! Мен үшін біреуді өзіңе дос тұтып, басқаны жек көре білдің бе?!» – деді. Сонда барып Мұса пайғамбар (ғ.с.) Алла Тағала жақсы көрген пендесін жақсы көріп, жек көрген пендесін жек көрудің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізген екен.
asyldin.kz