Мәзһабтар арасындағы айырмашылықтар негізгі мәселелерден тыс шариғат тармақтарында кездеседі. Мысалы, намаздың, оразаның, зекет, т.б. міндеттердің парыздығында, тіпті намаздың тәкбір, қиям, рүкүғ, сәжде, ақырғы отырыс және жалпы рәкат сандары сияқты негізгі бөлімдерінде барлық мәзһабтар ортақ көзқараста. Ал намазда «Фатиха» сүресін оқудың парыз яки уәжіп болуы сияқты тармақ мәселелерде айырмашылықтардың туындауының өзіндік әр түрлі себептері бар. Бұл себептердің бәрін бұл жерде толықтай қамтып, жазудың
мүмкін еместігін ескертіп, мысал ретінде кейбір себептерін қысқаша жазуды жөн көрдік.
Құранды түсінуден туындаған айырмашылықтар
а) Құран аяттарының астарлы мағынада яки сөздіктегі негізгі мағынасында қолданылуына бай- ланысты.
Мәзһабтар арасында айырмашылық туындауындағы себептердің бірі - кейбір аяттардың астарлы мағынада яки тілдегі негізгі мағынасында қолданылғандығына байланысты әр түрлі көзқарастардың болуы. Мысалы,
«Маида» сүресінің алтыншы аятында былай делінеді:
«Егер науқастанып қалсаңдар, яки сапарда болсаңдар, не болмаса біреу түзге отырып келсе, яки әйелдеріңе тисеңдер (жақындассаңдар), су таба алмасаңдар, таза жерге тәйәммүм соғып, беттеріңді, қолдарыңды сипаңдар».
Ханафилер бұл аяттағы тию мағынасын білдіретін
«ләмс» сөзі негізгі емес, астарлы мағынада қолданылған деп қабылдайды. Аллаһ Тағала құлдарына әдептілікті үйрету мақсатында жыныстық қатынасты - жақындау, тию сөздерімен білдірген деген тұжырымға барған. Сондықтан ханафиларда ер кісінің денесі әйел адамға тисе дәреті бұзылмайды. Ер кісінің әйел адамға тию арқылы дәретінің бұзылмайтынына Айша анамыздың риуаят еткен бір хадисін дәлел ретінде алға тартады. Бұл хадисте әйеліне қолы яки басқа бір денесі тие тұра
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәретін жаңаламастан намаз оқығаны айтылады10.
Ал Шафиғилар болса, аяттағы тию мағынасын білдіретін «ләмс» сөзінің астарлы мағынада емес, тілдегі негізгі мағынасында қолданылды деген көзқарасты таңдағандықтан, ер кісінің әйеліне яки басқа әйелдерге қолы немесе кез-келген денесі киімсіз жалаң күйде тиген жағдайда дәреті бұзылады (анасы, қызы сияқты үйленуіне болмайтын адамдарға тисе дәреті бұзылмайды). Ханафилардың дәлел ретінде келтірген хадисіне былай деп жауап береді: «Пайғамбарымыз әйеліне қолын яки басқа денесін тигізгеннен кейін дәретін жаңаламаса, әйелінің денесіне емес, киіміне тигізген шығар».
Екі мәзһабтың да көзқарастары дәлелдерге сүйенгендіктен екеуі де дұрыс.
ә) Бір сөздің астарлы мағынасынан тыс негізгі бірнеше мағынасының болуы: Аяттардағы бір сөздің бірнеше мағынаны білдіруі де бір мәселеде мәзһабтар арасында әр түрлі көзқарастардың туындауына себеп болған.
б) Аятта анық белгілеудің, шектеудің болма- уы: Аятта істелінетін істің толық белгіленіп, шектеу қойылмауына байланысты бір мәселеде мәзһабтар ара- сында әр түрлі көзқарастар пайда болған. Мысалы, басқа мәсіх тартуды немесе шашты сулап сипауды әмір еткен
«Маида» сүресінің 6-аяты: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобыққа дейін жуыңдар» - дейді. Бұл аятта басқа мәсіх тартудың көлемі нақты белгіленгендіктен, Шафиғиларда
10 Бухари, Хайз/24.
бастың кішкентай бөлігіне мәсіх ету, тіпті, су себу жеткілікті. Ал Ханафиларда, кем дегенде, бастың төрттен біріне мәсіх ету парыз болса, Малики және Ханбалиларда басты түгел мәсіх ету парыз. Әр мәзһаб өзінің ұстанған көзқарасын қолдап, шариғи дәлел келтіргендіктен, бәрі дұрыс. Себебі, барлығы берген пәтуаларын аятта қолданылған «бастарыңды» деген мағынаны білдіретін
«руусикум» сөзінің алдына қосылып жазылған «ب» яғни,
«б» әрпінен шығаруда. Араб тілінде «б» әрпі әр түрлі мағынада келеді:
1. Ешқандай мағынасы жоқ, тек өзінен кейінгі сөзді әдемілеу үшін келеді.
2. «Кейбір» мағынасын білдіреді.
3. «Тигізу, жанастыру, бітістіру» мағыналарында келеді.
Міне, сондықтан Имам Ахмед пен Имам Малик: бастың барлық жерін мәсіх ету керек дейді. Себебі, бұл жердегі «б» әрпі тек қана сөзді әдемілеу үшін келген (зайд) яғни жеке тұрғанда мағынасы жоқ артық әріп дейді.
Ал Әбу Ханифа болса, бұл жердегі «б» әрпі «кейбір» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, бастың кейбір жерін мәсх етсе жетіп жатыр дейді.
Ал имам Шафиғи болса, бұл жерде «б» әрпі «тидіру, біріктіру, жабыстыру, жанастыру» мағынасында келгендіктен, тек қана қолдың басқа жанасуы, бірнеше шашқа тиюі мәсіх ету болып саналады деп пәтуа берген.
Аяттардың кейбір мәселелерді анықтап, белгілі шектеу қоймауында көптеген хикметтер бар.
Негізгі хикметі мен себебі, - дініміздің ақыл-ойға берген еркіндігі мен бостандығында. Ұлы Жаратушымыз құлдарының ақыл-ойын қолдануын қалайды. Құранда көптеген аяттарда «Ақылға салмайсыңдар ма?» делініп, мұсылмандарды ойлануға, толғануға, ой еркіндігіне шақырады. Міне, сондықтан ғұламалар бір аяттан ақиқат шеңберінде көптеген үкімдер шығарып, үкімдерін хади- стермен қуаттаған.
Хадистерге байланысты туындаған айырмашылықтар
1. Араб тілі грамматикасының ерекшелігіне байланысты:
Хадистердің бір мәселеде әр түрлі көзқарастарға себеп болуы, араб тілінің өте ерекше тіл құрылымына ие болуында. Мысалы, бір сөз араб тілінде әр түрлі қалыпта оқылғандықтан, мағыналары да оқылған формаға сай өзгеріп отыруына байланысты ғұламалар бір сөзден әр түрлі үкімдер шығарған.
2. Бір мағынадағы хадистің әр түрлі сөздермен риуаят етілуіне байланысты: Хадистердің Пайғам- барымыздың дәл сөзбе-сөз айтқанындай емес, мағынасы бойынша риуаят етілу салдарынан бір хадис түрліше сөздермен жеткізіліп, бір мәселеде әр түрлі көзқарастар пайда болған.
3. Бір мәселеде Пайғамбарымыздың әр түрлі хадистерінің болуы.
4. Пайғамбарымыздың іс-әрекеті мен сөздерінің әр келкі жорамалдануы. Мысалы, пайғамбарымыз (с.а.у.) Ахзаб күні сахабаларына «намаздарыңды тек Бәни құрайзаға барып оқыңдар» деді.
Аср намазының уақыты жолда кірді. Сөйтіп кейбіреуі: «Намазды бар- майынша оқымаймыз» - десе, енді біреулері: «Жоқ, керісінші оқимыз. Өйткені, пайғамбарымыз бізге бұны айтқысы келмеді деді. (яғни, тезірек бәни құрайзаға бару- ымызды қалады). Кейіннен бұл жағдай пайғамбарымызға білдірілген уақытта олардың ешқайсысын кінәлаған жоқ»11.
5. Имамдардың хадис іліміндегі дәрежелерінің әр түрлі болуы.
6. Хадис дәрежелерін белгілеудегі тәсілдердің әр
түрлі болуы.
7. Аят-хадистерді түсінуде имам дәрежелерінің әр түрлі болуы.
8. Кейбір білдірілген хадис үкімдерінің күші жой-
ылып (мәнсұх болып), орнына жаңа насих үкімдер келген. Осындай хадистердің, хадисте білдірілген оқиғалардың қайсысының бұрын, қайсысының кейін болғанын, яғни, насих пен мәнсұх хадистерді бір-бірінен ажыратуда ғұламалардың бір көзқараста болмауы - әр түрлі мәзһабтардың шығуына түрткі болған.
Аят, хадистерден тыс басқа себептер
1. Үкімдерде әдет-ғұрыптың әсері.
2. Сахаба пәтуаларының негізге алынып- алынбауына байланысты.
3. Пәтуа шығару тәсілдерінің, ережелерінің әр қилы болуы.
Жоғарыда мәзһабтардың бір мәселеде әр түрлі көзқараста болуының негізгі себептерін қысқаша
11 Хадисті ибн Омар риуаят етті. Бухари, Муслим.
талқыладық. Демек, дініміздегі тармақталған ішкі мәселелерде әр түрлі көзқарастардың тууы табиғи нәрсе. Тіпті, періштелерде де әр түрлі көзқарастар болған. Мысалы, Бұхари, Муслим тәрізді хадис кітаптарында білдірілгеніндей, рақым періштелері мен азап періштелерінің жүз кісіні өлтірген кісінің тәубесінің қабыл болып-болмауына байланысты та- ласулары періштелердің де кейде түрлі көзқараста болатындықтарын білдіруде. Бухари мен Муслим сияқты үлкен хадис ғұламаларының өзі хадисті қабылдау шарт- тарында әр түрлі көзқараста болған. Адам бар жерде әр түрлі көзқарастың болатыны заңдылық. Әр адам - жеке бір әлем. Оның ойлау қабілеті, түсіну дәрежесі - бәрі- бәрі бөлек болмақ.
Сахабалардың да одан кейін келген табиғиндардың да арасында діннің кейбір мәселелерінде әр түрлі көзқарастар болмай тұрмайтын. Мысалы, олардың ара- сында пайғамбарымыздың (с.а.у.) миғражқа рухымен бе, жоқ әлде, рухымен қоса тәнімен шыққандығы, ол жерде Аллаһ Тағаланы көріп-көрмеуіне байланысты әр түрлі көзқарастар бар болатын. Бірақ бұл әр түрлі көзқарастар олардың бірліктері мен ынтымақтарына зәредей де кері әсерін тигізбейтін. Кейінгі мәзһаб ғұламалары да бір- бірін қатты сыйлаған. Мысалы, ханафи ғұламасы әл-Қади Әбу Усам Шафиғи ғалымы Қаффалдың мешітіне барады. Әбу Усамды көрген Қаффал муәззинге азанды ханафи мәзһабы бойынша оқылуын тапсырады. Әбу Усам намаз оқытады. Бірақ өзі ханафи мәзһабын ұстанатындығына да қарамастан «бисмиллаһты» шафиғи мәзһабы бойын-
ша жария оқыған12. Міне, ғұламалардың арасындағы әр түрлі көзқарас ұстануы мен мәзһаб ерекшелігі бір-біріне деген сый-құрмет, ықыластарына кері әсерін тигізбеген. Сондықтан біздер де ортақ мәселелерімізде бір-бірімізді қолдап, әр түрлі келіспейтін мәселерде бір-бірімізге кең түсінікпен қарай білуіміз қажет.
Бір мәселеге байланысты бір ғана хадисті оқып, асығыс шешім қабылдауға болмайды. Мен бұл жайлы сахих хадис оқығанмын, олай болса басқаша болуы мүмкін емес деп, мұсылмандар арасында бүлік шығару жөн емес. Жоғарыда айтып өткеніміздей, оның оқыған хадисін ғұламалар әр түрлі түсінуі мүмкін. Екіншіден, пайғамбарымыздың (с.а.у.) ол мәселеге байланысты басқа да хадистері болуы мүмкін.
Мысалы, жұма намазының сүннетіне байланысты хадисті алып көрелік. Ибн Омар пайғамбарымызбен бірге екі рәкат сүннет намазын оқығанын риуаят етеді. Ал бұл хадис Бухариде әрі Муслимде бар. Осы хадисті оқып алып, жұма намазы- нан кейін төрт рәкат сүннет оқуға болмайды деп оны оқитындарға үзілді-кесілді қарсы шығуға болмайды. Өйткені, Пайғамбарымыздың Әбу Хурайрадан риуаят етілген мынандай сахих хадисі тағы бар: «Кімде-кім жұма намазын оқыса, артынан төрт рәкат (сүннет) намаз оқысын». Керек десеңіз, бұл хадис Муслимде риуаят етілген.
Негізінде, Ислам мәселелері «Муттафақун ‘алайһ»,
«Мухтәлафун фиһ» - деп екіге бөлінеді. Біріншісі - нақты, бұлтартпас дәлелдермен дәлелденген, барлық Ислам ғұламаларының бір көзқарастағы мәселелері. Мысалы,
12 Мәурәуи, әл-қаулус-садид. (Әбдул Желил Жандан, Мүслүман Ве Мезһеб, 45-бет.)
Аллаһтың даралығында, соңғы пайғамбардың Мұхаммед екендігінде, намаздың бес уақыттығында, парыз намаздарының рәкат сандары секілді мәселелерде жал- пылама алғанда мұсылмандар арасында еш талас-тартыс жоқ. Барша мұсылмандардың бір көзқараста болған осын- дай мәселелеріне қарсы шыққан адамға «сенікі дұрыс емес» - деп айта аламыз. Бірақ «Мухтәлафун фиһ», яғни, мұсылмандардың әу бастан әр түрлі көзқараста болған тармақ мәселелерінде белгілі бір көзқарасты таңдаған адам екінші бір ханафи мәзһабын таңдаған адамға «сендердікі дұрыс емес, тек қана біздікі дұрыс, біздің жолымыз ақиқат, сендер адасып жүрсіңдер» - деп айта алмайды. «Меніңше, менің таңдағаным, анағұрлым дұрысырақ» деп қана айта алады. Өйткені, барлық мәзһабтың өзіндік шариғи дәлелдері болғандықтан, «тек менікі ғана дұрыс» деу - мұсылмандар арасында бүлік шығарып, өзара қырқысуларына әкеліп соғады.
Христиандар мен еврейлер - екеуі екі бөлек халық, діндері де екі бөлек. Ғасырлар бойы бір-бірімен шайқасып, қырқысып келген. Бірақ осындай діндері де, ұлттары да екі бөлек, бір-бірімен ғасырлар бойы соғыса келген екі халық мұсылмандарға қарсы күресте тарихтарындағы соғыстарын, бір-біріне деген бүкіл ыза- кектерін ұмытып, бірігіп ынтымақтаса білді. Ал енді мұсылмандардың болар-болмас тармақ мәселелерінде қызыл кеңірдек болып, бір-бірін ренжітіп, бүлік шығаруларына не демекпіз?! Шындап келгенде, барлық мұсылмандардың - Жаратушылары бір, Құрандары
- бір, Пайғамбарлары - бір, намаздары - бір, ораза- зекеттері - бір, Қағба-құбылалары - бір, дұшпандары
- бір, осынша қыруар ортақ мәселелері бола тұра «на-
мазда қолыңды ханафи мәзһабы бойынша емес, біздікі сияқты байла, құныт дұғасын олай емес, былай оқы» деу сияқты маңызды емес түймедей мәселелерді түйедей қылып, ала көзбен атып, «менің таңдаған көзқарасыммен жүре қоймадың» деп, жүрегін ыза мен кекке бұқтыруы қандай ағаттық десеңізші?! Құлшылықта негізгі мәселе сыртқы формадан гөрі ішкі ықылас пен тереңдік екенін ұмытпағынымыз абзал. Уақытымызды маңызсыз нәрселерге кетірмей, тақуалыққа, көркем мінезді болуға, Аллаһты көріп тұрғандай ғибадат етуге, халқымыздың иманына себеп болуға, жалпы Ислам әлемінің негізгі мұқтаж нәрселеріне жұмсасақ қандай жақсы.