Ислам ғылымхалы

ДІН

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамзат тарихына көз салсақ, ықылым заманнан бері дінсіз өмір сүрмегенін байқаймыз. Адам жеке тұлға ретінде де, қоғамдық тұрғыдан да дінге мұқтаж. Өйткені, дінге деген сенім оның табиғаты мен жаратылысында бар. Туа біткен қасиет. Дін - оның мына қалтарыс-бұлтарысы мың сан қабат ғұмырында арқа сүйер тірегі, сарқырап аққан өмір-өзендегі қайығының діттеген мақсатына апарар ескегі мен жөн көрсетер темірқазығы.


Жеті қабаттан тұратын ғаламат әлемге бір сәт көз салайықшы! Неткен ғажап жаратылыс?! Қандай тіл жетпес жүйе?! Осы әлемде адамнан басқа әрбір жара- тылыс өз қызметін қалтқысыз атқарып, тыныс-тіршілігін жасауда. Алдын ала келісіп қойғандай бірігіп, жұмыла кірісіп, әлемнің тепе-теңдігін сақтап, жағдай жасап, соған бағынуда. Ал адам баласы осынау жеті қабат әлем өзіне бағынса да, бақытты емес. Ол ұзақ уақыт бойы ойланып, бұл ғұмырға неге келгенін, қайда баратынын таба алмау- да. Мына әлемнің өзіне не үшін бағынатынын, өзінің кім екенін ұға алмай жүр. Кейде ол өзінің дүниедегі жалғыз ақыл-ой иесі екенін аңғарса да, жақсы ғұмыр сүре алмай жүр. Құс екеш құстың ұясы қараған жанды тамсандырса, ал адам өз баспанасын әзер салуда.


Адам - әлемде бірден-бір саналы жан. Бірақ зор тауқыметті де сол санадан көрді. Өйткені, санасы өзін қашан да сұрақ қойып мазаласа да, бірақ жауап бере алмайтын. Әлемдегі әркімнің өз қызметі мен мақсаты бар. Бәрінің мақсаты - адамға қызмет ету. Бірақ адам
 
баласының мақсаты не болмақ? Әсіресе, оның жанын қатты қинайтыны өлім. Өлімді ойлай бастағанда-ақ жүрегінің терең түкпіріндегі  мәңгілік өмірге деген сезім, бейне бір жанартаудай атқылап, тұла бойын өртейді. Ол саналы бола тұрып, көбінесе жақсы мен жаманды айыра алмауда. Бүгін жақсы дегені ертең жаман, ал жаман дегені, жақсы болып шығуда. Жанын ең қатты қинағаны, ақыл иесі бола тұра, қауқарсыз, әлжуаздығы. Кейде жауыннан қашып, жапырақты тасалаған көгершінде ғұмырдың зардабынан қашып, құдіретті бір күшті пана- лап, бой жасырғысы келеді. Адам соларды көріп әлемнің жалғыз Жаратушысы бар екендігін тапса да, оны тани алмауда.


Адам баласының хал-күйі осылай. Сондықтан, ол шеше алмаған жұмбақтың жауабын діннен ғана табады. Ол дін илаһи (құдайылық) болуы керек. Яғни, дін өзі мен жалпы жаратылысты жоқтан жаратқан Ұлы Жара- тушыдан келуі ләзім. Өйткені, адамның бақытты өмір сүру жолдары Ұлы Жаратушыға ғана аян. Әркім өзінің жасағанын жақсы білмек. Сол секілді адам да өзін-өзі жасамағаны белгілі. Оны өзіне қызмет еткен табиғат- әлем де жасауы мүмкін емес. Ендеше, оны жаратылы- стан үстем біреу жаратқан. Ұлы Жаратушы! Олай болса, адамға не керек екенін, қайдан келгенін, қайда баратынын және бойындағы шексіз сезімдер мен қабілеттерді қалай пайдалану керектігін де бір Аллаһ Тағала ғана біледі. Өйткені, Ол - Жаратушы. Аса қадірлі қонағына арнап жеті қабат сарай салып шақырған Сол. Жер-жүзін үлкен дастарқан етіп, оны жүз мыңнан астам тәтті тағамдармен толтырып, қонағына дәм татырған Сол. Жан-жануар мен құс атаулыны қызметші қылып, күнді шырақ, жерді
 
пырақ еткен Сол. Ендеше, адамның нендей мақсатпен шақырылғанын, діттеген мұраты мен мәңгілік бақытын білетін де Сол. Сондықтан  Ұлы Жаратушы өзінің қадірлі қонағын елемей-ескермеуі әсте мүмкін емес. Ол сол ха- барын елшісі арқылы білдірмек. Міне, сол елшісі әкелген хабарды біз «дін» дейміз.


Адам баласы қашан да дінге зәру. Осы иләһи хабар- дан қалып қойған әрбір адам жаратылысындағы осы бір қажеттілікті өзге жасанды діни-сенімдермен толтыра- ды. Бұл күнге дейін дінсіз қоғам яки жеке тұлға кездес- кен жоқ. Ұлы Жаратушыға сенбеген адам, әйтеуір бір өзге нәрсені өзіне медет тұтады. Ол ағаш, тас, ай, күн, тіпті өзінің нәпсісі болуы да мүмкін. Бірақ ақиқат бір-ақ нәрсе. Ол - Ұлы Жаратушыға бас имеген жанның сансыз пұттарға бас июі. Атеистік те - жалған дін. Құдайсыздар алдымен аталмыш идеяны жасағандарға, содан кейін нәпсісіне табынады. Ібіліс те әуелде Ұлы Жаратушыға мойынсұнған еді. Кейіннен Хазіреті Адамға сәжде ету әміріне қарсы шығып, тәкаппарлыққа басып, содан бері өз нәпсісіне құлдық ұрумен келеді.
Адам баласы Ұлы Жаратушыға бас игенде ғана пұт атаулыдан ада болып азаттыққа жетеді. Иман еткен адамның бодандықтан құтылып, бостандыққа жетуінің сыры осында жатыр. Өйткені, Аллаһ Тағала - имандының досы. Әлемнің Ұлы Иесімен дос болған жан кімнен қорықсын?! Жүрегіндегі бұрынғы қорқынышын Досының ұлылығы мен Оған деген қасиетті сезімі басары шүбәсіз ғой.
Дінге адам әрқашан мұқтаж. Адамда жан мен тән бар. Тәнге не қажеттігі анық. Ал рухқа не қажет? Оның азығы не? Рухани байлыққа кенелмеген кісі төрт түлігі
 
сай келсе де, бақытты бола алмайды. Алайда, рух-әлемі шұғылаға оранған сана иесі адамның шаңырағынан су өтсе де, табанынан сыз өтпейді. Пенденің рухани байлығы
- Ұлы Жаратушыға иман ету. Рухы сонда ғана жай тауып, арнасымен ағады. Иман - Аллаһ Тағалаға ғибадат. Рух ғибадатқа кіріптар. Ол - оның дара азығы.


Әрі рухтың бұл дүниемен шектелгісі келмейтін шексіз қалауы бар. Мәңгі-бақи бақытты ғұмыр кешкісі келеді. Шексіздікті қалайды. Аллаһ Тағала мен ақыретке иман етумен ғана көңіліне жұбаныш табады.
Адам өмірі - күрес. Ол мұнда өмірдің жал-жал толқындарын бұзып-жарып, өзінің  кім  екендігін көрсету үшін келген. Бірақ ол кейде көксеген мұратына жету жолында қатты шаршап-шалдығып, алдағы үміт отын сөндіру қаупіне ұшырап, өзінің қауқарсыздығын аңғарады. Алдынан қамалап тосқауылдар шыққанда қашан да көмек көрсететін Ұлы Жаратушыға құл болып, иман еткен жан ғана үмітін жоғалтпай алға басып, көкірегін дауылға қарсы тосып, Ұлы Иесінің мұны бір сәт те қараусыз яки жалғыз тастамайтынына бек сенеді. Ол өзі көтере алатын ауыр сын арқылы жақын достығын анықтап жатқанын біледі. Ұлы Жаратушы адамның сы- налатынын өз елшісі арқылы білдірген.
Адамзаттың өмірге келген мақсаты екі нәрседен тұрады: Аллаһ Тағалаға иман етіп, берген мол берекесіне шүкірлік етіп, алғыс айту. Сосын Аллаһ Тағала құдси хадисте1 былай дейді: «Мен бір құпия қазына едім. Таны- сын деп әлемді жараттым». Әлем - Оның сипаттарының айнасы. Ал адам - дара айна. Сондықтан,  адамның

1 Құдси хадис: Мағынасы Аллаһтыкі, сөзі Пайғамбардікі.
 
мақсаты - Аллаһ Тағаланың күллі сипаттарын танып, оны әлемге паш ету. Бұл екеуі ғибадатты құрайды.
Адамзат Аллаһ Тағалаға неліктен ғибадат жасайды? Біріншіден, Ұлы Аллаһ «ғибадат ет» деп әмір еткені үшін. Екіншіден, Оның ризалығын алу үшін. Үшіншіден, жоғарыда айтылғандай, адам рухының азығы - Аллаһ Тағалаға ғибадат ету. Әрине, Аллаһ ғибадатқа мұқтаж емес. Керісінше, біз мұқтажбыз. Оған құлшылық еткен- де ғана адамның жан-сарайы жай тауып, рухы көгілдір көктемге айналады.
Адам дінсіз өмір сүре алмайды. Сол діннің қайнар көзі - илаһи болуы ләзім. Шынайы дін ғана адамды нұрға бөлейді. Жалған дін жүректі қараңғылықтың қара шәлісімен тұншықтырады.
Сөз түйіні, нағыз дін - ақыл иелерін өз еріктері- мен ізгілік пен туралыққа  жеткізетін иләһи заңдар жиынтығы.