Имам Ағзам һижраның 80 (699) жылында Ирактың Куфа қаласында өмірге келген. Толық аты-жөні - Нұғман ибн Сәбит. Ұлты - парсы. Өз дәуірінің ірі ғалымы болғандықтан халық оны «Имам Ағзам», «ең үлкен имам» деп құрметтеген. Ел арасында «Әбу Ханифа» деп те аталады. Яғни, «Ханифаның әкесі». Бұлай аталуы жайлы да түрлі көзқарастар бар. Солардың бірі Ханифа есімді қызы болған дегенді айтады. Бірақ ол заман- да арабтардың салтында ата-тек ер баланың есімімен аталатын. Әрі өзінің дәріс алқасында Хаммад атты баласы бар еді. Сондықтан «Әбу Хаммад» - деп аталуға лайық. Бұдан басқа Ханифтің Исламдағы мағынасы - Аллаһ Тағаланың әуел бастан адамзатқа түсірген, адам табиғатына ең лайық нағыз шынайы тәухид діні.
Құранда былай дейді: «Бәрінен бет бұрып, жүзіңді, Ханиф дініне қарат. Аллаһ жаратылыста адам баласын соған арнап жаратқан. Аллаһтың жаратуында өзгеріс болмайды. Хақ дін осы. Бірақ адамдардың көпшілігі түсінбейді»2. Ханиф - «Ислам» сөзінің синонимі ретінде берілген. Бұл хадисте де бар. Пайғамбарымыздан «Аллаһқа қандай дін қабыл болуға лайық?» - деп сұрағанда, «Жеңілдетілген Ханифтік»3 - деп жауап береді. Ол - Ислам діні. Басқа хадисте Пайғамбарымыз: «Аллаһ құлдарымның бәрін де
2 Рум, 30/30.
3 Ахмәд ибн Ханбәл. Муснәд. Египет. 1949. 1, 236.
ханиф етіп жараттым - деді»4 - деп хабар берсе, бірде ол: «Мен яһуди мен христиандықпен емес, жеңілдетілген Ханифтікпен жіберілдім»5, - дейді. Ұлы Жаратушы адам баласын ханиф яғни Ислам дініне лайық жаратқан. Құранда: «Ибраһим яһуди де, христиан да емес, бірақ ол ханиф және мұсылман еді. Пұтқа табынушылар- дан да емес-тін», - деп айтылады6. Барлық діндер ханиф
- тұп-тура дін болған. Бұл дін - адамның табиғатына ауыр емес, керісінше жеңіл келіп, жүрекке жылы тиген, жанын рақатқа бөлеп, бейбітшілік бесігінде тербеткен кеңпейілділік діні.
Имам Ағзамның көзқарастары басқа ғалымдарға қарағанда осы кеңпейілділік, жеңілдік дінінің болмысы- на сай келгендіктен «Әбу Ханифа» делінген. Арабшада
«әбу» сөзі тек «әкені» ғана емес, сонымен қатар, «бір нәрсеге иелік ету», «өкілдік» мағынасын да білдіреді. Демек, сунниттердің арасында өзге мәзһабтарға қарағанда Исламның рухына жақынырақ көзқараста болып, Исламға өкілдік еткен.
Әбу Ханифаның жас кезінде негізгі қызыққан ілімі - кәлам саласы. Кәлам - діннің иман негіздерін зерттейтін ғылым. Куфа - Ирактың ең үлкен қалаларының бірі. Ол жерде Исламдағы болсын, одан тыс болсын, әр түрлі теріс ағымдар көп. Аса зерек Имам Ағзам жастайынан сол ағымдармен пікір таластырып, ой жарыстырып өсті. Бірде оған сол аймақтағы пұтқа табынушылар келіп, Ұлы Жаратушы жайлы пікір таластырады. Сонда ол: «Сендер
4 Әбул Хусәйн Муслим ибн Хажжаж. Сахих, Станбул. 1973.
Жәннәт, 63.
5 Муснәд, 6, 116.
6 Әли Имран, 3/67.
теңізде желкенін желге жайған алып бір кеменің қарсы келген жал-жал толқындарға төтеп беріп, белгілі бір бағытқа жүзіп бара жатқанын көрдіңдер дейік. Сонда мен әлгі кеменің басқаратын капитаны жоқ. Өздігінен санасы бардай кетіп бара жатыр десем, қабыл етер ме едіңдер?», - дейді. Әлгі адамдар: «Жоқ, бұл ақылға сый- ымсыз нәрсе», - деп жауап береді. Осы кезде Имам Ағзам:
«Сол секілді бізге бесік етіп жаратылған жер - алып кеме. Милиондаған адам мен жан-жануар, сансыз өсімдіктерін арқалап, қаншама ғасырдан бері, өзінің діттеген бағытына қарай кетіп бара жатыр. Сонда мұның алдағы бағытын түзеп, үстіндегі халықты сақтаған, қадағалаған бір иесі болмауы ақылға қона ма? Жоғарыдағы мысал ақылға қонбаса, бұл қалай қонбақ? Демек, әлемнің Ұлы бір Жаратушысы бар», - дейді.
Оның сөздері қисынға келетіндіктен, әлгі адамдар бірауыздан ақиқатты мой- ындап, мұсылмандыққа өтеді.
Ол кейін фиқһтың маманы болғанда да
, кейде кәламға байланысты пікір таласатын. Бірде мешітте отырған кезінде харижиттер қолдарына қару алып, мешітке басып кіреді. Олардың жаңсақ сенімі бойынша үлкен күнә жасаған мұсылман кәпір саналып, мәңгілік жаһаннамға кетеді. Сол себепті, харижиттер оны сынау үшін сұрақ қояды:
- «Есіктің алдында екі өлік бар. Бірі - еркек. Араққа тұншығып өлген. Екіншісі - әйел. Зина жасап, жүкті болғанын білген кезде асылып өлген. Осы екеуі жөнінде сен не айтар едің?»
- Екеуі қай ұлттан? Яһуди ме?
- Жоқ.
- Христиан ба?
- Жоқ, христиан емес.
- Пұтқа табынушы ма?
- Жоқ.
- Сонда қай ұлттан?
- Аллаһтан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның құлы және Елшісі деген үмбеттен.
- Шәһадат кәлимасы иманның үште, төртте яки бесте бірі ме?
- Иманның ондай үште, төртте, бесте бірі болмай- ды. Ол бөлінбейді.
- Иманның қаншасы сонда?
- Тұтасы.
- Ендеше, жауабын өздерің бердіңдер. Олардың мұсылман екенін айттыңдар.
- Сен мұны қоя тұр. Олар жаннаттық па, әлде жаһаннамдық па?
- Айтарым: Хазіреті Ибраһим осы екеуінің күнәсынан әлдеқайда үлкен күнә жасаған елі үшін Аллаһ Тағалаға былай деп дұға етті: «Маған ілескендер менен. Маған қарсы шыққандарға: «Сен кешірімшіл және рақымдысың»... Сол сияқты Хазіреті Исаның ойы да осы орайдан шыққан: «Егер азап етсең, олар Сенің құлдарың, егер кешірсең, Әзиз және Хәким Сенсің». Менде иман еткендерді қуатын күш жоқ. Осы кезде ха- рижиттер қаруларын тастады7.
Әбу Ханифа өскенде кәламнан фиқһ саласына көшті. Фиқһқа ауысуы жайында түрлі көзқарастар бар. Ол ұстазы көз жұмғанша қасында болған. Өзі былай дейді:
«Бірде Басра қаласына келдім. Онда жұрттың кез- келген сұрағына мүдірмей жауап беремін деп ойладым.
7 Мухаммед Әбу Зәһра. Әбу Ханифа, Станбул. 1966. 10-15.
Бірақ небір қиын сұрақтарға тап болып, жауап беруім қиынға түсті. Сонда ұстазым Хаммадтың қасынан өле-өлгенше кетпеуге ант еттім. Он сегіз жыл оның шәкірті болдым».
Имам Ағзам ұстазы қайтыс болғанда, қырық жаста еді. Осы уақыттан бастап ол дәріс беруді қолға алған. Кейде Мекке мен Мәдина қаласына да зияратқа баратын. Екі қалада да табииндер (сахабаларды көргендер) көп еді. Сол жерде олар хадис тыңдап, фиқһ жайлы пікірлесіп әрі үлкен ғұлама кісілерден дәріс алды.
Имам Ағзамның ата-бабалары саудагер болғандықтан ол дәулеті мол отбасында өсті. Тарих қойнауына көз тастасақ, ата-бабалары жүн, жібек, мата саудасымен айналысқан. Әбу Ханифа жастайынан ата-бабасынан қалған осы істі жалғастырды. Кейіннен Шағби деген кісі ілім жолына ынталандырғаннан кейін өзін фиқһ саласы- на толықтай берді. Бірақ бақиға аттанғанға дейін сауда ісін тастамады. Кейбір мағлұматтарға назар аударсақ, оның саудада серіктесі бар-тын. Имам Ағзамның фиқһ пен хадис іліміне қызмет етуінде осы серіктесінің көмегі көп тиген. Ғылым мен сауданы бірге алып жүру оңайға соқпайды. Негізінде ілім мен сауданы қатар алып жүрген ғалымдардың жағдайы қашан да осылай болған.
Ол аса жомарт, кеңпейіл кісі еді. Көпшілік оның сауда-саттықтағы сипатын көбіне Хазіреті Әбу Бәкірге қатты ұқсататын. Саудада ол әрқашан адалдық пен сенімділіктен таймады.
Бірде оған бір әйел сатуға жібек киім әкелді. Әбу Ханифа бағасын сұрады. Әйел оның жүз дирхам тұратынын айтты. Әбу Ханифаның «Жоқ, бұл одан қымбат тұрады» - деген жауабына әйел:
- Сен мені мазақ еткің келе ме? - деді.
- Жоқ, мазақ еткені несі. Сенбесеңіз, біреуді шақырып бағасын сұраңыз, - деді. Әйел жөн білетін біреуді шақырып, матаның қанша тұратынын сұрап білді. Сөйтіп, Әбу Ханифа матаны жүз емес бес жүзге сатып алды.
Ол дүниені ойлап, өзгелердің аңғалдығын пайда- ланбайтын. Өз пайдасын қалай қорғаса, өзгелердікін де солай қорғаштайтын. Кедейлерге мейлінше көмектесуге тырысты.
Әбу Ханифа харамнан барынша сақ еді. Егер бір нәрседен шүбәланса, заттарын дереу садақаға таратып жіберетін. Бірде серіктесі Хафыс ибн Абдуррахманға заттарын тапсырып, сатуға жіберді. Заттарының ара- сында бір киімде ақау бар екенін ескертіп, осы киімді сатқанда, кем жерін айт деді. Серіктесі киімдерді сатуын сатқанмен, әлгі киім жайлы ескертпені мүлдем ұмытып кетеді. Алған адамның кім екені де есінде қалмаған. Кейін осы мәселені Әбу Ханифа білгенде, сол заттардан түскен барлық қаржыны садақа ғып таратты.
Сондықтан дәулетінде береке бар еді. Ғалымдардың тұрмыс жағдайларына көп көмектесті. Жылдың соңында табысынан артылған ақшаларды ілім жолында жүргендерге таратып: «Мына қаражатты керекті жерге жұмсаңдар. Бірақ Аллаһ Тағалаға шүкір етіңдер, өйткені, бұл дәулет менікі емес, Аллаһтың рақым етіп, менің қолым арқылы сендерге жіберген несібесі»8 - дейтін.
Әбу Ханифа өмірінің 52 жылын Омияттар зама- нында, 18 жылын Аббаситтер дәуірінде өткізді. Бұл екі династия Пайғамбарымыздың ұрпақтарын жақсы
8
көрмеді. Пайғамбар ұрпағы үнемі қуғынға ұшырады. Олардың бұларға соншалықты қысым жасауының басты себебі - қолдағы биліктен айрылып қалмау. Имам Ағзам қашанда Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) ұрпағының жанында болып, оларға қолдау көрсетіп отырды. Бұл әділеттілікті жақтағандығы мен Пайғамбарымызға деген зор сүйіспеншілікте болғандығын көрсетеді9.
Әбу Ханифа екі ерекшелігі үшін ылғи да екі ди- настиядан қорлық көріп өтті. Бірде Омияттардың ең соңғы халифасы Мәруан ибн Мұхаммедтің Ирак әкімі Язид ибн Омар ибн Хубайра Әбу Ханифаның сейіттерге жақтасқанын біліп, шақырып алып, әдейі сынады. Қазылық жұмысын ұсынды. Ол қабылдамады. Одан кейін мемлекеттегі әр түрлі лауазымды орындарға шақырды. Имам Ағзам бұлардың ешқайсысын қабыл етпеді. Ибн Хубайра Әбу Ханифаны қапасқа қамап, жапа шектірді. Ауыр азаптан басы жарылып, күп болып ісіп кетті. Қанша дүре соқса да, бас тартып тұрып алды. Көзінен жас шықпады. Кейін анасының баласына жаны ашып, қамыққанын естігенде, анасын аяп жылады. Нағыз қуатты да қайратты адам осындай болар. Өзі үшін қандай қиындықтың бәріне шыдап, бірақ өзгенің өзегін жалын
шарпығанда шыдай алмай көз жасына ерік берген.
9 Пайғамбарымыз: «Мен сендерге екі нәрсе қалдырамын: «Бірі
- Құран, бірі - Сүннетім», басқа хадисте: Бірі - Құран, бірі
- менің ұрпағым», - дейді. Өйткені, хазіреті Әлиден тараған ұрпағы (әһли бәйт) қияметке дейін Пайғамбарымыздың дінін жандандыруға, адамзаттың иманды болуын қалап, мәңгілік бақыттылық мекеніне қол жеткізіп, Ұлы Жаратушысына қауышуларына себепкер болуды өмірінің негізі санап, өзгелердің бақыты үшін күресе келген қаһарман жандар.
Әлбетте, оның мемлекеттік лауазымды істерді қабыл етпеуінің бірнеше себептері бар:
1. Аббаситтер көтеріліп, Омияттардың көптеген жерлерін басып алған. Егер ол Омияттардың саяси істерін қабыл етсе, өзін таныған халық арасында дау туып кетер еді.
2. Омияттардың басқару жүйесі бұрыс. Әділеттілікті терістеп, олардың айтқанын екі етпеуге тырысу нағыз елге жасалған зұлымдық емес пе? Олар жазықсыз жанның қанын төгетін. Бұл - ханифтік негіздегі Исламға қайшы іс-әрекет.
Кейіннен Аббаситтер дәуірінде де Әбу Ханифа әділеттілігі үшін көп азап шекті. Аббасит Мансұр қазылық жұмысын ұсынды. Ол тағы да жөн көрмеді. Ақырында Мансұр оны қапасқа қамап, ауыр жапа шектірді. Оның зындандағы халін Рашид Уасиди былай баян етеді: «Күнде зынданнан шығарып, қамшымен он мәрте ұратын. Тіпті 110 дүре соғып, қазылықты қабыл ет» деп күштейтін. Ол болса: «Мен бұған лайық емеспін»
- деуден таймайтын. Дүре соғылып жатқанда: «Я, Аллаһ Тағалам! Құдіретіңмен мыналардың жамандығынан сақта!» - деп дұға ететін. Қазылықты қабылдамайтынын білген соң тамағына у қосып өлтірді».
Осылайша алып кемеңгер Имам Ағзам әділеттілікті жақтағаны үшін залым халифаның қолынан (һижри 150) қаза тапты. Нағыз «Әбу Ханифа» Исламның бейбітшілік байрағын адамзаттың жүрек-әлеміне тігуге тырысты. Ол барша жұрттың арасында шындықты жасырмай қатесін айтатын. Оның шамамен 40 мыңға жуық, кейбір хабарда бес мың мүштәһид шәкірттері болды. Ең мықтылары төртеу:
Әбу Юсып Яқуб ибн Ибраһим әл-Куфи (ө.182/798),
Имам Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбани (ө.189/805), Имам Зуфәр ибн әл-Хусәйл бин Қайс (ө.158/775), Хасан ибн Заид әл-Лу´луи (ө.184/800).
Ол күн сайын шәкірттерімен фиқһ жайлы пікірлесетін. Шәкірттері өзіндік пікір-көзқарастарын жасырмай, қысылмай айтушы еді. Кейде Әбу Ханифа бір мәселе жайлы фәтуа беріп, үйіне келгенде түні бойы Құранды түгелдей қарап шығып, өз үкімінің дұрыс яки бұрыстығын қайта тексеретін. Хадистерге қарап, ойын саралап, нақыл мен ақыл таразысына тартатын. Егер берген үкімінде қателік кетсе, дүйім шәкірттерінің алдына шығып, қателігін мойындап, дұрысын дәлелдейтін. Ақиқатқа келгенде еш нәрседен қаймықпады. Оның дәріс алқасы «ақиқаттың ауылы» еді.
Имам Ағзам мәзһабы тек өзінің көзқарастарын білдірмейді. Жоғарыда айтқандай, оның шамамен бес мыңдай мүштәһид шәкірттері болған. Мүштәһид
- фиқһ саласындағы білгір жаңа заман талаптарына сай үкім шығаруға шамасы жететін адам. Сондықтан Имам Ағзам мәзһабы - осындай ғұламалардың ислами көзқарастарынан туған ақиқат жолы.
Имам Ағзам өте діндар кісі болғандықтан, кішіпейілділік пен тақуалықты бәрінен жоғары санай- тын.
Бірде оған біреу: «Сен менің иемсің», - дейді. Сонда ол: «Аллаһ Тағалаға ант етейін, мен сенің берген абыройыңнан әлдеқайда беделдімін», - деп жауап береді. Мен Аллаһтың пендесімін. Бұдан өзге биік лауазым болар ма?! Оның тақуалығы жайлы ғибратты әңгімелер көп айтылады. Бірде ол базарда жүргенде екі адамның әңгімесін құлағы шалады. Әлгі екі адамның бірі жол-
дасына: «Мынау - Әбу Ханифа. Өте тақуа адам. Тіпті құптан намазының дәретімен бамдат намазын оқиды екен», - дейді. Осыны естігенде қатты таңданып, өз-өзіне былай дейді: «Мен ондай жан емеспін. Бірақ халықтың мен жайлы жақсы пікірлерін жоққа шығаруға қандай ақым бар?». Осыдан кейін ол қырық жыл бойы құптан намазының дәретімен таң намазын оқыған.
Түнімен Құран оқып, кейде бір аятты таңға дейін қайталап жылаушы еді. Оның қатты жылағанын көршілері де естіп, жаны ашитын.
Әбу Ханифа дәулетті адам болса да, жүрегінде еш уақытта дүниеге деген сүйіспеншілік болмаған.
Бірде шәкірттерінің арасында отырған оны сынамақ оймен бір адам (яһуди) келіп: «Сенің пәлен жерден қайтып келе жатқан керуенің қарақшыларға жем болды. Енді не істейсің?» - дейді. Әбу Ханифа аз уақыт үнсіз отырып: «Әлхамду-лиллаһ» (Құдайға шүкір), - дейді. Әлгі адам аздан соң қайтып оралып: «Әбу Ханифа, сүйінші! Керуенің табылды. Қарақшылар қолға түсіпті. Малың дін аман жолда келе жатыр», - дейді. Әбу Ханифа тағы біраз үнсіздікке беріліп: «Әлхамду-лиллаһ», - дейді. Сонда әлгі адам таңырқап: «Сен неге дүние-мүлкің жоғалғанда да, табылғанда да бір сөзді қайталаумен болдың?», - дейді. Сонда Имам Ағзам: «Керуенің жоғалды дегенде, қиналып сыздар ма екен деп жүрегіме құлақ салдым. Түк болмағандай жүрегімнің бір қалыпты соққанын көріп,
«Әлхамду-лиллаһ», - дедім. Кейін «Малың табылды» де- генде қуанар ма екен деп, жүрегіме қайта құлақ салдым. Жүрегім сол баяғыша соғып тұрды. Мен сонда жүрегімде дүниеге деген сүйіспеншіліктің болмағанын біліп, қатты қуанып: «Әлхамду-лиллаһ», - дедім». Құранда
Аллаһ Тағала: «Сендерді мал-мүлкің мен дүниелерің қабірге (өлгенге) барғанға дейін көз жауын алып (жалғандығы шындықтай көрініп) алдандырды»,
- дейді. Яғни, малым, дүнием күймесін деп жүргенде өмірдің өтіп, қабірге түскендеріңді білмей қалдыңдар. Сонда ғана бұрылып қарадыңдар. Бірақ арттағы күйреген ғұмырларыңнан күйген күлше де таба алмай, қайраңдағы балықтай қалқып қала бердіңдер.
Бірақ алып тұлға Имам Ағзам Әбу Ханифа қашан да ғұмырымен қоса бар мал-мүлкін бұл дүние мен ақырет үшін жұмсап, келер ұрпаққа өшпес жол қалдырды. Абайдың «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!» дегені де осындай дара тұлғаларға арналғандығы сөзсіз.
Аллаһ Тағала бәрімізге Исламның ақ жолынан ада- спай жүруді нәсіп етсін! Әмин!