Ислам ғылымхалы

Қажылық түрлері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

(Барлық қажылық түрлері алда кеңінен түсіндірілетіндіктен бұл жерде қысқаша берілді)

 

1. Ифрад қажылығы


Миқатта ихрамға кірер кезде тек қана қажылық ғибадатының атқарылуы ниет етілсе, бұл қажылық түріне «ифрад» қажылығы делінеді. Ифрад қажылығында умрасыз тек қана қажылық ғибадаты жасалады. Ақаба жәмрасына (Үлкен шайтан тас) тас лақтырып болғаннан кейін қаласа құрбан шалады. Өйткені ифрад қажысын орындағандарға құрбан шалу уәжіп емес. Сосын шашын алғызып немесе қысқартқызып ихрамнан шығады.

 

2. Тәматтуғ қажылығы


Қажылық айларында умра үшін ихрамға кіріп, умраны бітірген соң, сол жылғы Зилхижжа айының сегізінші күні немесе одан да бұрын қажылық үшін қайтадан ихрамға кіру арқылы жасалатын қажылық түріне
«тәматтуғ қажылығы» дейді. Тәматтуғ қажылығында умра және қажылық үшін бөлек-бөлек ихрамға кіреді. Бұл қажылықтың тәматтуғ қажылығы болып саналуы
 үшін умра мен қажылықтың қажылық айларында сол жылда жасалуы шарт. Тәматтуғ қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағандықтан шүкір құрбанын шалу - уәжіп. Қазақстандықтар көбінесе тәматтуғ қажылығын орындайды.

 

3. Қиран қажылығы


Миқатта қажылық пен умраны бірге ниет етіп, бір ихраммен істелетін қажылыққа - «қиран» қажылығы делінеді. Умрасын тәмамдағаннан кейін ихрамнан шықпай қажылық амалдарын да сол ихраммен аяқтайды. Қиран қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағаны үшін шүкір құрбанын шалу - уәжіп.

Тәлбия дегеніміз не?

Тәлбия - ихрамға кірер алдында айтылуы уәжіп болған және ихрамды болған уақытта молынан қайталанып айтылатын сүннет дұға.


«ЛәббайкАллаһумма  ләббайк, ләббайка ләә шәрика ләкә ләббайк, инналхамда уанни'мәтә ләкә уалмулка  ләә шәрика  ләк»410. Қазақша  мағынасы:
«Аллаһым, мен сенің әміріңді орындауға келдім, сенің әміріңе бой ұсындым (2 рет). Сенің серігің жоқ, сенің әміріңді орындау - менің борышым. Күмәнсіз барлық мадақ саған тән және жалпы иелік пен нығмет сенікі. Сенің еш серігің жоқ».


410 Бухари, Хаж /26, Муслим, Хаж /147, Тирмизи, Хаж/ 97.