Мәуліт күнін атап өту

Мәуліт күнін атап өту

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мәуліт күнін түрлі рухани шаралармен атап өтудің сауабы мол. Бұл жайлы хадис саласының мәшһүр ғалымы Хафиз Жәләлуддин әс-Сиюти өзінің «Мәуліт нәбиді атап өтудегі жақсы мақсат» деген кітабында мәуліттің үкімі жайлы сұралған сұраққа былай деп жауап берген: «...Мәуліт мерекесі жақсы бидғатқа жатады. Бұл амалды атқарушы сауапқа кенеледі. Себебі, мәулітте Пайғамбарымыздың қадір-қасиетін құрметтеу әрі оның дүниеге келуіне қуануды білдіру бар»(Али Жум’а, әл-Баян лима иашғалул-әзһан, 166-бет, Каир, 2005 ж.), – деп жауап берген.

Мәуліт күнінің абзалдығына қатысты Сахих Муслимде Әбу Қатададан мынандай хадис риуаят етілді. Ол былай деді: Пайғамбарымыздан (с.а.у.) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті»-деп жауап берді(Сахих Муслим, 2-том, 819-бет, «Дәру Ихиа’ит-турасил-араби баспасы», Бәйрут. Сахих ибни Хиббан, 8-том, 403-бет, Муәссатур-Рисалә, Бәйрут, 1993 ж.). Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті, бұл күнде Ұлы Жаратқанға шүкір ниетімен ораза ұстаудың сауаптылығы айтылған. Иә, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келуі Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят.) деп осы ақиқатты растаған. Сондықтан оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі – артынан ерген үмбеті үшін үлкен қуаныш. Ол дүниеге келмей тұрып, барша ғалам қараңғылыққа тұншығып жатқан-ды. Адамзат небір сорақы істер мен арсыз қылықтар игілікке бағаланып, иелері атақ-абыройға кенеліп жатты. Осы бір сұрапыл да қараңғы заматта Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) дүниеге қадам басты. Оның құтты қадамы осынау қараңғы дәуірге нұр боп шашылды.

Иә, біздер Пайғамбарымыз (с.а.у.) арқылы Ұлы Жаратушыны қатесіз танып, оның тура жолын түсіндік. Ақ пен қараны ажыратып, жұмақ пен тозақты білдік. Ақыреттің сырларына үңіліп, небір тылсым дүниелерден хабардар болдық. Адамдық борышымыз бен асыл міндетімізді аңғарып, дүниенің мәні мен жаратылыстың мағынасын ұқтық. Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келуі – мұсылмандар үшін зор қуаныш, Ұлы Иеміздің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы. Ал қуанышты бөлісудің, оны белгілі бір жүйемен көрсетудің, Алла Тағаланың жақсылығы мен нығметіне шүкір мақсатында жария етудің дінімізде негізі мен дәлелі бар. Құранда «Дұха» сүресінде: «Ал, Раббыңның саған берген нығметін (шүкір ету мақсатында) айт!»-десе, «Ибраһим» сүресінде: «...Алла Тағаланың күндерін олардың есіне сал» («Ибраһим» сүресі, 5-аят.) делінеді. Ибн Аббас: «Алла Тағаланың күндерін» дегенді «Алла Тағаланың жақсылықтары берілген күндер» – деп те тәпсірлеген(Алфайруз Абади, Тануирул-миқбас мин тафсири Ибн Аббас, 1-том, 211-бет. Дарлул-кутубил-илмия, Лубнан). Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келуін мереке ретінде атап өту – ең әуелі Алла Тағалаға шүкір етудің, көкіректегі қуанышты жария етіп бөлісудің көрінісі деуге әбден болады. Иә, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлей бастаған күнге қуанбау, әсте, мүмкін емес. «Сахихул-Бухариде» және басқа да хадис кітаптарында Әбу Ләһабтың әр дүйсенбі күні тозақтағы азабының, аз да болса, жеңілдейтіндігіне байланысты хабар бар(Сахихул-Бухари, 5-том, 1961-бет, «Дәру Ибни Кәсир» баспасы, Бәйрут, 1987 ж.). Себебі, Әбу Ләһаб Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеге келгенін естіген кезде қуаныштан Суәйба атты күңін азат еткен. Ал енді өмірден кәпір болып өткен әрі Құранда Алла Тағаладан тікелей «екі қолы бірдей қурасын!» («Мәсад» сүресі, 1-аят.), – деп қарғыс алған Әбу Ләһабтың Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келгенін естіп, бір рет қуанғаны үшін тозақта, аз да болса, азабы жеңілдейтін болса, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) дүниеге келгені үшін өмір бойы көкірегін қуаныш билеп, Раббысына сол үшін шексіз шүкір еткен мұсылман баласының ақыретте Ұлы Жаратушысынан алар сауабын пайымдау қиын болмаса керек-ті.

Ибн Хажар Асқалани мәуліт мерекесінің дұрыстығына байланысты Бухари мен Муслимде және басқа да хадис кітаптарында кездесетін Ибн Аббастан риуаят етілген мына бір сахих хадисті дәлел ретінде келтіреді: Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккеден Мәдинаға келген кезде еврейлердің Ашура күні ораза ұстап жатқанын көрді де: «Ораза ұстап жүрген бұл күндерің қандай күн?» , – деп сұрады. Олар: «Бұл – ұлы күн. Өйткені бұл күні Алла Тағала перғауын мен оның жұртын суға батырып, Мұса пайғамбар мен оның қауымын құтқарған еді. Мұса пайғамбар осы күні Алла Тағалаға шүкір ниетімен ораза ұстайтын. Міне, біз де ораза ұстаймыз», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мұса пайғамбарға біз сендерден де жақынбыз» – деп осы күні ораза ұстады әрі мұсылмандарға осы күні ораза ұстауды бұйырды»( Сахихул-Бухари, 2-том, 704-бет, Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж. Сахих Муслим, 2-том, 796-бет, «Дәру Ихиа’ит-турасил-араби» баспасы, Бәйрут).

Ибн Хажар Асқалани бұл хадистен мәулітке байланысты мынандай дәлел шығарып отыр: «Бұл хадистен Алла Тағаланың арнайы бір күні берген жақсылығы яки бір қиыншылықтан құтқарғаны үшін құлдарының Оған алғыс білдіріп, шүкір етудің қажетті амал екенін түсінуге болады. Әрі бұл күн жыл сайын қайталанып отырады. Алла Тағалаға шүкір ету – сәжде жасау, ораза ұстау, садақа беріп, Құран оқу секілді түрлі ғибадаттар арқылы жүзеге асады. Ендеше, рақым пайғамбар – Мұхаммедтің дүниеге келуінен де артық Алла Тағаланың қандай жақсылығы, нендей үлкен нығметі бар?»(Али Жум’а, әл-Баян ми’әту фәтуа ли радди әһәмми шубәһил-харижи уә лима шамилад-дахил, 167-бет, 2005 ж.), – деп Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келуінің Алла Тағаланың құлдарына берген ұлы жақсылығы екенін және мәуліт мерекесін атап өтудің Ұлы Жаратушының осы жақсылығына деген құлдарының алғысы мен шүкірі, Пайғамбарларына (с.а.у.) деген сүйіспеншілігі екенін түсіндірген. Иә, Ибн Хажар Асқалани секілді «Сахих Бухариға» «Фатхул-Бәри» атты кең түсіндірме жазған хадис саласының майталман шебері, «хафыз» ғалымының келтірген дәлелі ойлануға тұрарлық.

Жалпы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өнегелі өмір жолын жан-жақты ашып түсіндіретін, Исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын түрлі рухани кештер мен жиындарды ұйымдастыру – мерекені атап өтудің негізгі мақсаты мен асыл мұраты екенін ұмытпағанымыз жөн.

Хақ Тағала баршамызды өзіне сүйікті құл, хазірет Мұхамметке (с.а.у.) шынайы үмбет болуды нәсіп еткей! Әмин.

 

Дайындаған

www.hibatulla.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: