Мұхит үстіндегі нұр Насреддин қажы Қоссейітұлы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Ақ жол» газетінің ардагері.

Мұхит үстіндегі нұр Насреддин қажы Қоссейітұлы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Ақ жол» газетінің ардагері.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ал. Балам болса жиі телефон шалып, виза алуға әрекет жасай беріңіз, - деп мазалағанын қояр емес. Бәйбішем Зейне өзінің жол жүруге жараматынын айтып, Алла қуат берер балаларыңды, әсіресе өмірге жаңа келген немерең Әсемайды көріп қайт. Сені шақыруының бір себебі де сол, америкалық немереңді көрсін дегені шығар, - деп құлағымды көтере берді. Бұл жақтағы ұрпақтарым да сол жаққа баруымды өтінді. «Астында атың барыңда желіп-желіп жер таны, қолыңда асың барыңда беріп-беріп ел таны» деген бабалар сөзін медет тұтып сапарға шығуға бел будым. 

 

Қыркүйектің ортасы ауа Алматы әуежайынан таңғы сағат төрттен өте жолсерікке, әрі тілмаштыққа немерем Ілиясты ертіп, қайдасын Америка!- деп әуелайнерімен көкке көтерілдік. Алдымыздағы әр орындықтың арқасына бекітілген теледидар жат тілде сапар барысын түсіндіріп жатыр. Өзге тілден бейхабармын Ілиястан сұрап қоямын.
- Алты жарым сағаттан кейін Алманияның Майндегі Франкфурт қаласына жетеді екенбіз. Одан әрі көлік ауыстырып мініп Америкаға бірден жол тартатын көрінеміз,- дейді немерем мән-жайды түсіндіріп.


Межелі жерге белгіленген уақытта жеттік. Екінші дүниежүзілік соғыста дұшпан санаған елдің таңы жарқыраған шуақты күнімен қарсы алды.
Алты жарым сағат ұшсақта үлкен сәске жаңа ғана болғандай. Атшаптырым әуебекеті ішінен өз терминалымызды тапқанша біраз қиналдық. Екі сағаттай кідірістен соң бес жүз алпыс жолаушыға арналған «Воинк 747-460» ұшағымен Америкаға жол тарттық. Атлант мұхиты үстінде кідіріссіз ұшқан уақытымыз он бір сағаттан асып кетті. Флорида штатының орталығы Маями қаласына бесін ауа келіп қондық. Сойтсек, жердің айналысына ілесіп күнді қуалай ұшқан екенбіз. Алыс Америка маған таңертең шығып, кешке жеткендей әсер қалдырды. Әуежайда Ілияс екеумізді ұлым Нұрлан мен немерем Ермек күтіп алды. Сағынып көріскен ата, бала, немерелер құшағы айқасып, арқа-жарқа қуанышқа толып, мәз-мейрам болып қалдық. 


МЫҢ АРАЛ ЕЛІНДЕ
Флорида штатын жергілікті халықтар «Мың арал елі» деп атайды екен. Автокөлікке мініп, балам тұратын Кеу Вест қаласына бет алғанымызда оған көзім жетті. Әне-міне дегенше Маями қаласын артқа тастап үлкен жолға шықтық. Балаларымды көріп, көңілім сергіген соң, оларды сөзге тарттым.
- Бұл жақтың халқы аралдарда тұрады. Ішекше шұбатылған аралдардың аралары көпірмен жалғасып жатыр. Біздің тұрағымыз оннан аса аралдардың ең соңғысы Кеу Вест қаласы. Ағылшынша «Батыс кілті» деген мағынаны білдіреді. Бұл Атлант мұхиты мен Мексика бұғазының түйіскен жері. Бізден ары Куба 150 шақырымдай-ақ. Мұнда мемлекеттік тіл ағылшан тіл болғанымен испан тілінде сөйлейтіндер жеткілікті, мекетептерде де испан тілі қосымша сабақ ретінде өтеді. Біздегі орыс тілі мен қазақ тілі сияқты, -деп балам бұл жақтың жағдайын түсіндіріп келеді.


Жан-жағымыз ұшы-қиыры жоқ мұхит. Айнадай жалтыраған тегіс жол мен жапондық Тойото Камри жеңіл автокөлігімен зулап келеміз. Жер емес, мұхит үстінде жүзіп бара жатқандаймыз. Жолдың теңізге қараған екі қапталы мен ортасы цементтен жасалған болгтармен бөлінген. Қос жолда көлікке еш кедергі жоқ. Ал жол шетінде жаяу жүргіншіге арналғандай қосымша жол жатыр. Елсіз көпір үстінде қосымша жолдың қажеті не?- деген сұрағыма балам:


- Америкада бәрі де адам үшін, адамның игілігі үшін деген ұстаным берік орныққан. Ұзақ жолда жүргізушінің қалғып кетуі мүмкін ғой, ал сіз көріп келе жатқан қосымша жол «Ұйқыашар» деп аталады. Міне, оның дәлелі- деп, машина рулін солай қарай бұрып еді, дөңгелек қосымша жолға тиісімен дірілдеп қоя берді. Ұйықтап кеткен жүргізушілер тез есін жиып алу үшін жасаған нәрсе бұл. Ұйқыашардың мәнісі осы.   
Менің ойыма «Елдің байлығы мен бақуаттылығы жолына қарап бағаланады», - деген Елбасымыздың сөзі оралды. Назарбаевтың бастамашылығмен Еуропа мен Азияны жалғастыратын жол картасын жүзеге асырып жатқан мырзаларымыз жоғарыдағы ұйқыашарды пайдалануды қолға алса, игі болар еді деген ойға қалдым. Ал, елге келген соң бұл іс жүзеге аса бастапты дегенді естіп қуандым. Біздің елде күн сайын жол оқиғасынан қаншама адам ол дүниелік болып кетіп жатыр. Бұл бастама жол оқиғасының азаюына бірден-бір себепші болары сөзсіз. Сондықтан да игілікті істі қолға алып, жүзеге асыру құптарлық мәселе емес пе. Тағы бір таңғалғаным әр аралды жалғастырып жатқан көпірлердің ұзындағы мен беріктігі. Әр көпірдің ұзындығы 5-6 шақырымнан 10 шақырымға дейінгі ұзындықты жалғап жатыр. Үлкен де кең қос жолдың екі жағы қалың ағашпен көмкерілген. Мұндағы өсімдіктер әдемі де, ерекше көз тартады. Елді, елсіз шағын аралдардың бәрі жасыл желекке бөленген. Бойы 2-3 метрден аспайтын мангир деген өсімтал ағаштың шықпайтын жері жоқ екен. Тамыры жерден нәр алса болды, мұхиттың таяз жерлерінде де өсе беретін көрінеді. Бұл ағаштың мемлекет тарапынан қорғауға алынғаны сонша, бір бұтағын сындырған адамды жазалайтын көрінеді. Елді мекендерде тропикалық жемістер мен ағаштардың сан алуан түрлері көше сәнін келтірсе, гүлді ағаштар да жетерлік. Осының өзінен, табиғатты қорғауда ұлттық намыстың ерекшелігі сезілгендей. Шағын тоғайларда сан алуан аң-құстарды көресін. Бізді ерекше таңғалдырған бір жайт, бұғының майда түрі болды. Кәдімгі жылқының пониі сиқты. Үлкендігі қойдан аспайтын шағын бұғылар емін-еркін жол жиегіндегі тоғайларда жайылып жүр. Бұл да мемлекет тарапынан қорғауға алынып, аулауға тыйым салынған. Ал көшелерде емін-еркін жайылып жүрген иесіз тауықтарға да ешкім тиіспейді екен. 


Мың арал елінің мұхит түкпіріндегі осы бір Кеу Вест деп аталатын шағын қаласын аралауға уақыт жеткілікті болды. Америкадағы бір ай бойы жүрген уақытымның көпшілігі осында өтті. Ауа райның қолайлы күндері Илияс екеуміз жағажайда боламыз. Күн ыстық болғанымен бұлтты, жауын-шашынды күндер жиі кездеседі. Ондай күндері үйде демаламыз.
Мұхиттың тұзды суына шомылу буындағы, аяқ-қолдағы сырқыраған кеселдеріме ем болғандай. Сондықтан да, мүмкіндік болса, уақытты теңізде өткізуге ниет етеміз.
Бөтен елдің жақсылығын көргенде, өз елің ойға орала береді екен. Тәуелсіздік тұсында Сырдария мен Есіл өзендерінде он жылдап салынған көпірлер мұндағы көпірлермен салыстыруға келмейді. Мұндағы мұхит ортасындағы шағын аралдарды көпірлермен жалғап, жер жаннатына айналдырған байлыққа еріксіз бас иіп таңқаласын. 

   
МҰРАҒАТТАР СЫР ШЕРТЕДІ
Кеңестік дәуірде социализм жолына түскен Куба американдықтардың көзіне шыққан сүйелдей болғаны белгілі. Кубамен шегаралас Батыс кілті саналған осы шағын қалада сол кезде қорғаныс күштері шоғырланған көрінеді. Соның сарқыншағы әлі де бірден көзге ұрады. Шағын қалада әскери әуежай, қарулы күштер казармалары мен әскени кеме айлақтары жетерлік. Мұхиттағы ең үлкен жағажайда әскери казарма жанына орналасқан мұражай,  бұрынғы теңіз қарақшыларынан қорғанатын мекен болған екен. Мұндағы демалушылардың бәрі де осы мұражайға соқпай өтпейтін көрінеді. Теңіз жағасына салынған екі қабат үйдің ұзындығы атшаптырым. Мұрайжайдың мұхитқа қараған бетінде бақылау пункттері орнатылып, үлкен снарядті пушкалар қойылған. Оның әр снарядін бір адам көтеру мүмкін емес. Бұл мұражайда келушілерді қабылдап, түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Тек жазылған жазулардан ғана оқып, аңғарғандайсың.


Әр елдің ұлттық намысын, мемлекеттік санасын шыңдайтын, елдік идеямен ұлттық патриотизмге жұмылдыратын саналы ұлдар болады. Солардың бірі және бірегейі, шығармаларын бүкіл әлем халқы сүйіп оқитын, атақты жазушы Эрнест Хемингуэй Миллер (1899-1961). Ол АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Чикого қаласына жақын жердегі Оук-Паркте, дәрігер Кларенс Эдмонт Хемингуэй отбасында 1899 жылдың 21 шілдесінде өмірге келеді. Анасы Грейс Хол бала тәрбиесімен айналысады. Болашақ жазушы 8 жасында-ақ өзінің алғырлығын байқатып, жер, су, аң, құс, теңіз жануарларының аттарын біліп, өмірге деген ерекше құштарлығы мен көзқарасы арқылы ата-ана құрметіне бөленеді. Еңбек жолын журналист-репортерліктен бастаған ол бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстарға қатысады. Франция, Африка және әлемнің талай елдеріндегі баслымдарда репортер қызметін атқарады. Кемелденген кезінде көптеген шығармаларын Флорида штатында өмірге әкеледі. Жазушы өзі жақсы көретін ең түкпірдегі Кеу Вест қаласында тұрақтап, өмірнің соңғы кездерін осы шағын аралда өткізеді. Елі сүйген ұлдарын еске сақтау үшін қала ортасындағы қалың тоғай ішінен жазушыға арнап үлкен мұражай ашыпты.
Жазушының жұмыс бөлмесі, жатын жері, төсектері мен ұстанған бұйымдары бәрі де сол қалпында сақталған. Шығармаларының тізімінің өзі бір бөлмені алып тұр. Жазушының өзі жақсы көретін мысықтарына дейін мұражайдың іші мен сыртында, бау-бақшада өріп жүр. Мұражай екі қабатты үлкен үйге орналасқан. Оның жанындағы өзі тұрған шағын үй де сол қалпында сақталған. Мұнда да келіп-кетушілерде есеп жоқ.


Өмірінде төрт некелі болған есімі әлемге мәшһүр жазушының соңғы өмірі қайғылы болады. Ол бірнеше сырқат түрімен ауырады. Қан қысымы, қант ауруы, ең соңынжа жүйке кеселіне ұшырап, дәрігерлер электр тоғымен емдеу арқылы, оны есінен тандырады. Жазушының соңғы сөзі: «Дәрігерлер менің жазушы екенімді түсінбеді, мықты болса өздері жазушы болып көрсін. Мені тоқпен емдеп ақылымнан адастырды. Біреуге бірауыз соңғы алғысымды да жаза алмай жатырмын.»,- Ол осы сөзді айтып, сүйікті мылтығын қолына алып, өзіне қол жұмсапты.
Бұл қаланың туристер көп келетін екінші жері мұхит жануарларының мұрағаты. Онда келген дам өзін мұрағат емес, тура мұхитта жүргендей сезінеді. Су сиыры, қолтырауын, теңіз тасбақасы, дельфин, акула және әртүрлі малюскалар тек сеткамен қоршалғаны болмаса, ашық мұхитта жүзіп жүргендей көз алдыңда тұр. Теңіз шағалалары мен су құстарының сан алуан түрлері қоршаусыз ұшып-қонып тұғырларда қонақтап отыр. Оларға да қолдан жем беріп, адамдардан сескенбеуге үйретіп қойған сыңайлы. Зер салған адам теңіз астындағы өсімдіктер  әлемімен де танысып, әсер алуына болады. Мұрағат жанындағы дүкендерден әртүрлі ракушалар мен теңіз жануарларының сүйектерінен жасалған жәдігерлерді сатып ала аласыз. Аты мұрағат болғанымен тірі мұхит жануарлары мен өсімдіктер әлемінен толық мағлұмат алуңа болады.


Туристердің тағы бір назар аударатын жері көбелектер мұражайы. Ең өмірі қысқа, әрі сүйкімді тірі көбелектер мұнда күн сайын көрсетіліп, келушілерді үлкен әсерге бөлейді екен. Өкінішке қарай біз келген күні тірі көбелектер бөлмесі жабық болды. Қатырып қойған өлі көбелектерді көріп шығуды қанағат еттік. Осылардың бәрінен келушілер зор әсер алса ол американдықтар үшін үлкен табыс көзі. Әр мұражайға кіріп-шығу үшін келушілер 10-20 доллардан кем төлемейді. Ағылып жатқан есепсіз туристерді ескерсек, қазына қазанының аузы жоғары екенін түсінгендейміз.


МАЯМИДІҢ МАҚТАНЫШЫ
Маями - Флорида штатының шығысындағы ресми мәлімет бойынша Джесонбиль қаласынан кейінгі екінші үлкен қала.  Маямидің мақтанышы да, туристердің көбірек барып аялдайтын жері де бірнеше гектар жерді алып жатқан хайуанаттар саябағы. Бұл саябақты жаяу аралап шығу мүмкін емес. Сондықтан бірнеше шағын вагон тіркемесін сүйреткен арнайы көлік келушілерге қызмет етеді. Мұнда Африка, Индия пілдері, мойындары сорайған керік, зебр, құлан, түйе, арыстан, жолбарыс, аю, қарақұйрық, арқар, елік әлемдегі барлық аң-құқстардың түрлері бар. Олар әдеттегідей торға қамалмай еркін жүр. Жыртқыш аңдардың тұрағына айналдыра ор қазып тастаған. Ордың түбінде ағын су, шыға берісіне ішіне қарай иілген қаңылтыр темір қапталған. Орды жағалап қасына дейін жақындап бара беруге болады. Қоқиқаз, түйеқұс, жыртқыш құстар да еркін жайылып, кейбірі талға қонақтап отыр. Ұшатын құстарға биіктен тор керіліп қойылған. Ал, маймылдар тұрағында талдардың арасына арқан керіліп, олардың жататын жерлеріне тор төсектер орнатылған. Шынында да хайуанаттар әлеміндегі ғажайыптарға таңданбасқа амалың жоқ. Осыларды аралап жүріп қызыққанымыз сонша күннің кеш батқанын да, қарнымыздың ашқанын да сезбей қалыппыз. 


 НЬЮ-ЙОРК - БАС ҚАЛА
Маями мен Нью-Йорк қалаларының арасы осы заманғы алып ұшақпен үш сағатқа жуық жол екен. Жергілікті уақыт бойынша 16 сағаттан өте аспанға көтерілген ұшақ Атлант мұхиты үстінде Нью-Йоркке қараай бет алды. Әне-міне дегенше айдынды мұхит көзден ғайып болды. Өркеш-өркеш бұлттар да төменде қалды. Тура Алатаудың үстінде ұшып келе жатқандаймыз. Шудаланған бұлттар қарлы тау жоталарын елестетеді. Ашық, бұлттсыз жерде көк мұхит қарауытады. Өзіңді тылсым әлемнің тұңғиығына батып бара жатқандай сезінесіз. Үлкен қалаға жақындаған сайын төменде жалт-жұлт еткен жұлдызды сәуле көріне бастады. Демек, бұл осы қаламен аттас штаттың елді мекендері болуы керек. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?». Бәрінен де көк аспан мен көк теңіздің ортасындағы қиялдан жүйрік ештеңе жоқ-ау деген ойға келдім. Иә, ата-бабаларымыз көрмек түгіл ойламаған жерлерді көріп, аралаудың өзі бір ғанибет емес пе? Бұл да тәуелсіздігіміздің жемісі-ау. Өзімді ата-баба арманына қолы жеткен бақытты жандай сезіндім. Ой үстінде отырып, ұшақ доңғалағының жерге тарс ете қалғанында ұйқыдан оянғандай болдым.
Ұлым Нұрлан, немерем Ілияс үшеуміз таксилетіп, алдын-ала тапсырыс беріп қойған қонақ үйге жайғастық. Таңертеңгі астан соң Нью-Йорк қаласын аралату еркін Нұрланға бердік. Қала жайлы мәліметке түнде қонақ үйде жатып-ақ қаныққанбыз. Қала орталығына келген соң білгенімізді еселей түстік.
Қысқасы Нью-Йорк әлем бойынша 17 орында тұрған АҚШ-тың ең ірі қаласы екен. Қала халқының саны 8.459026 адам болса, бүкіл штат бойынша 18.8 миллиондай адам бар. Тұрған жері Нью-Йорк штатының оңтүстік шығыс бөлігіндегі Атлант мұхиты жағалауы. Нью-Йорктің негізін ХVІІ ғасырдың басында голландық отралаушылар қалаған. Ол 1664 жылға дейін Жаңа Амстердам аталып келді. Қала 5 әкімшілік ауданнан тұрады: Бранкс, Бруклин, Квинс, Манхэттен және Статен-Айленд. Қонақтардың көп аялдайтын жері Манхэттен әкімшілік орталығы. Мұнда аспанмен тілдескен тарихи (эмпайр-стейт-билдинг, Крайслер-бидинг), Рокфеллер орталығы, көркемөнер мұражайы, Метрополитен, Метрополитен-Опера, Соломон Гуггенхаймның (Живописші) осы заманғы өнермұражайы, Американың дүниетану мұражайы (динозаврлар мен планетарилер қаңқалары), атақты «Чесли» отелі, БҰҰ-ның штаб-пәтері орналасқан. Осыншама мәдени-рухани орталықты шоғырландырған экономикалық аймақ 1898 жылдан бастап қанатын кең жая бастаған.


Алғашқы бас сұққанымыз Рокфеллер орталығы болды. Әлемдегі ең биік үй дегеніміз де осы үй екен. Бұл есім маған ілгеріден, жастау кезімізден таныс, Рокфеллерді америкадағы миллиордер, ең бай адам деп еститінбіз. Ғимараттың қазіргі мұрагері оның баласы көрінеді. Кезекте тұрған адамдар да есеп жоқ. 96 қабат үйдің әр этажы бір тарих, бір ғалам көрінеді. Кезек алуға дауаламай алдыңғы лекке келіп есікке жақындай бергенімізде Нұрлан біреумен сөйлесіп тұрып қалды. Бірер ауыз сөзден соң бізді соңынан ертіп бүйір жақтағы бір есіктен кіргізіп жіберді. Екінші этаждың баспалдағынан жоғарыға дейін тұрған адамдар. Бір әйел сөйлеп тұр. Түснібесем де көппен бірге құлақ  түріп тұра бердім. Үшінші этажға көтерілдік. Үлкен залдағы орындықтарға жайғаса бастадық. Бәрі жайғасып болған соң алдыңғы орындықтың артында байланып тұрған бөренені шешіп алдымызға қойды да, екі басынан жіппен байлап тастады. Жарық өшірілді де, экранда қала пайда болды. Орындықтар ұшып бара жатқандай селкілдей жөнелді. Биік үйлерге соғып кетердей құлдилап таяп келеміз. Әйелдер жағы үрейден шыңғырып жіберді. Нью-Йорктің биік үйлері мен көшелерін бойлай ұшып, тіпті көшедегі көліктер мен адамдарды қағып кетердей шүйлігіп, қайта көтерілгендей әсер етеді. Үрейлі айқай-шу басылар емес. Сөйтіп үлкен қаланы әп-сәтте аттракцион арқылы аралап шыққандай әсер алдық.
Лифтімен 86 этажға дейін көтеріліп, лоджыны айнала жүріп қала панарамасымен таныстық, оны суретке түсіріп, өзіміз де суретке түстік. 96 этажға көтерілу үшін тағы да қосымша он доллар төлеу керек екен. Балаларымның жоғарыға шыққысы келіп еді, қала көрінісін осы жерден-ақ анық көріп, тамашалап тұрмыз ғой, деп мен қарсылық білдірдім.


Рокфеллер үйі 1930 жылы салынып болып, дүниежүзілік сауда орталығының солтүстік мұнарасы 1972 жылы салынып біткенге дейін 40 жылдан астам әлемдегі ең биік ғимарат болып келген. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған лаңкестік әрекеттің нәтижесінде 200 метрдей жерде тұрған бұл үйге де зақым келіп, терезелері қираған.  Ол қалпына келтірілгеннен кейін биік үй дәрежесін қайта сақтап қалған.    


Қираған ғимараттың орнына жан жағы қоршалып, жаңадан салынып жатқан құрылысты биікте тұрып, жоғарыдан көрдік. Білетіндердің айтуынша, қираған ғимараттың орнын имам Фейсал Абдул Рауф сатып алған көрінеді. Оның негізгі мақсаты әртүрлі діни бағыттарды ұстанатын Нью-Йорк қаласының тұрғындарын біріктіру мақсатында қала ортасынан мешіт салу болса керек. Құрылыстың жақтастары 11 қыркүйек оқиғасын ислам дінінің негізіне қайшы келетінін дәлелдеп, мешіттің салынуын қала басшысы Майкл Блумберг, кейін төменгі Манхэттен жергілікті әкімшілігі қолдапты. Үш этажы көтеріліп қалған ғимарат құрылысын жоғарыдан анық көрдік.


Парк-Плейс көшесіндегі көптеген мұрағаттардың қайсысына барып, қайсысын көргенімізден жаңыла бастадым. Американы қойып, Африка, Араб әлемімен де осы жерден таныстық. Әлемнің жеті кереметіне жататын пирамидаларды бұл жерден көрем деп кім ойлаған. Көріп қана қоймай пирамидалар ішінде қолды болған, жерленген адамдардан алынған алтын, күміс, сан алуан асыл тастарды, інжу маржандарды көргенде таң қалмасқа амал қалмады. Ол аз десеңіз Перғауынның, оның әйелі мен қызының саркофакта жатқан денелеріне дейін осында сақтаулы тұр. Әрине бұларды американдықтар ұрлап әкелді деуден аулақпыз. Бірақ қолды болған жәдігерлерді ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне жол бермей, бағалап сатып алып, көпшілік көзайымына айналдыру да үлкен ерлік іс қой. Соған риза болдым. 


АЗАТТЫҚ СТАТУСЫ
Азаттық статусы Американ Революциясының 100 жылдығына және олардың француздармен одақтасып, Британдықтар иелігіндегі американ жерін қайтарып алуына француздардың тартқан сыйы екен. Осындай алып мүсін жасау ойды француз мүсіншісі Ф. А. Бартольде ұсынады.
Ол 1871 жылы Нью-Йоркке сапарында кеме қалаға жақындағын кезде Бедлеу аралындағы жұлдыз сипатты бекіністі көріп, болашақ мүсін ескі бекініс үстінде алау көтерген әйел бейнесінде болады және ол «Әлемді сәулелендірген Азаттық» деп аталуға тиіс деген ойға келеді. Француздар мүсінді, ал американдықтар оның тұрағын жасауға келіседі. Бет-бейнесіне мүсінші өз анасы Шарлотта Бертольдиді үлгі етіп алады. Мүсінді Бертольди жасап, металл қаңқасын Г. Эйфельт құрастырады. Ескерткіш 1888 жылы 28-қазанда Бедлеу аралында ашылады. Міне, содан бері «Азаттық статусы» Нью-Йорк пен АҚШ-тың символына және тәуелсіздік символына айналуды.


Оған бару үшін қала орталығына келіп, бір тәуліктік билет алып, метроға отырдық. Екі сағаттай жол жүріп, баратын жерімізге де жеттік. Ескерткіш тұрған аралға қарай жаяу шұбырған халықта есеп жоқ. Біз де сол топқа қосылдық. Енді аралға жету үшін  билет алып, кемеге міну кезегін күттік. Жағадан адамдарды мінгізіп алып кетіп жатқан параход, моторлы қайық пен паромдар да бар. Соған қарамастан халықтың көптігінен кезекте тұруға талай уақытымыз кетті. Екі этажды кемеге мініп, алыстан мен мұндалап тұрған ескерткішке де жеттік.
Мүсіннің биіктігі 46,5 метр, тұғыры 46,94 метр, жалпы салмағы 225 тонна. Ескерткішке 356 баспалдақпен, ал, одан әрі ұшар басына шығу үшін тағы да 192 баспалдақпен көтерілу керек екен. Бұл мен сияқты қартқа едәуір жүк.
Әйел мүсінінің басына 7 шабағы бар тәж кигізілген. Оң қолына алау көтерген, сол қолында заңдар кітабы. Ол кітапқа АҚШ-тың тәуелсіздік Декларациясының қабылданған күні: «»Jul 4 ІV MDL ХХVІ (4 июль 1776 ж.) деп жазылған. Мыс табақшаға Э. Лазарустың дастанынан үзінді жапсырылған. Тәждегі 7 шабақ батыстың болжамы бойынша жеті теңіз бен жеті құрлыққа жарқырап түскен сәулені білдіреді екен.


Мүсін әуелде боялмаған, кейіннен мыстың қышқылдануынан бірте-бірте жасыл түске енген. Азаттық белгісі ретінде ұлттық ескерткішке айналған мүсін тұғырының ішінде АҚШ-қа емигранттардың келу тарихын және осы ескерткіштің құрылысын баяндайтын мұражай бар екен. Сондай-ақ ғимарат ішінде сувенирлер менАмерика тарихына арналған кітапшалар сататын дүкендер бар. Біз асығыс болғандықтан және алған билетіміз бір тәуліктен аспайтынын біліп, кері қайтуымызға тура келді. Өйткені кері қарай алға метромен екі сағаттық жол жатыр еді.


ВАШИНГТОН -АСТАНА 
Бас қала Нью-Йоркті өз бетімізше аралап, тіл білмегендіктен көп нәрсенің байыбына бара алмай қиналған едік. Жол басшымыз Нұрлан қонақ үйде жатып, телефон арқылы күн сайын Вашингтонға таңғы сағат 6-да туристік автобус жүретінін, қаланы аралатып кешке Нью-Йоркке қайта алып келетінін біліп алды. Сонымен таңғы 5-ке таксиге тапысырыс беріп, туристік базаға уақытында жеттік. Көлік те дайын тұр екен. Орнымызды белгілеп, автобусқа адам толғанша асхандан шай ішіп, жеңіл тамақтанып алдық. Қайта келсек көлікке сапарластарымыз толып қалыпты. Кешікпей жолға шықтық.


Жол бастаушымыздың бірі егде тартқан ер кісі де, екіншісі орта жастағы әйел. Кезек-кезке ортаға шығып, сөйлеп келеді. Вашингтон 3 сағаттық жол көрінеді. 6 штаттың жерін басып өтеді екенсің. Әр штаттың экономикалық-әлеуметтік жағдайларын тәптіштеп айтып жатқан көрінеді. Мен бірде-бір сөзін қақпаймын. Қасымдағы тілмаш балаларым түсіндірген болады.
Қалаға кіргенімізде алғашқы аялдаған жеріміз Американың үшінші Президенті Томас Джефферсонның мемориал-мұражайы болды. Өкінішке қарай мұражай жабық екен, кіре алмадық. Жан-жағы ашық, айнала сәнді ағаштар өскен, екі қабат үйдің биіктігіндей еңселі ғимараттың алдында тұрып жетекшілеріміз президент туралы біраз әңгімелеп берді. Қазіргі 44-ші Президент билеп тұрғанда Америкада халық есінде мәңгі сақталып қалған 3 президент бар. Солардың біріншісі Джордж Вашингтон, екіншісі осы Томас Джефферсон болса, үшіншісі Аврам Линкольн. Қазақшалап айтқанда үш арысқа, үш президентке арнап мемориал-мұражайлар арналған. Оның бәріне баратынымызды жеткізді. Қарапайым плантатор отбасында өмірге келген Томас 1767 жылы құқық қорғау колледжін тамамдағаннан кейін практикада жүріп-ақ Виргиниидің ұлттық жиналысына мүше болып сайланады. 1774-1776 жылдардағы континентал конгресске мүше болған кезде 1776 жылғы 4 шілдеде қабылданған тәуелсіздік Декларациясының авторы ретінде оның есімі Американдық патриоттардың алдыңғы легінде атала бастайды. Ол ұлы француз революциясының алғашқы кезеңінің куәгері болады. АҚШ тарихында 1790-1793 жылдардағы мемлекеттік хатшы қызметін тұңғыш атқара жүріп, мемлекетте дипломатиялық қызметтің негізін қалайды. 1797-1801 ж.ж. вице президент қызметін атқарады. 1800 жылға президенттік сайлауға Джефферсон мен партиясы жеңіске жетеді. Билік басына келген соң ол халықты ұлттық бірлікке үндеп, ел мүддесі үшін партиялармен келісіп отыруды жақтайды. «Біз бәріміз де Республикашылармыз, федералистерміз» деген ұранмен өз жұмысын бастайды. Джефферсонның партиясы Президенттік сайлауға екі рет жеңіске жетіп, екі мерзім Президенттіке сайланады. Оның есімі мемлекет қайраткері, дипломат, жазушы және сөзге жүйрік шешен ретінде американдықтар есінде мәңгіге қалды.


Ендігі әңгімеміз Американың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның мемориалында жалғасты. Екі қабатты үйдің биіктігіндей еңселі ғимараттың төбесі биік күмбез. Ортада Вашингтонның биік мүсіні. Оның балалық шағынан бастап, әскери өмірі мен мемлекет қайраткеріне дейінгі сан-салалы қызметінен сыр шертетін құнды заттар, жәдігерлер жетерлік.


Вирджиния штатының бақуатты плантаторының отбасында дүниеге келген Джордж Вашингтон (1732-1799) жиырма жасынан бастап армия қатарында қызмет етіп, француздармен, үндістермен соғыста мол тәжірибе жинақтайды. Ол І-ші және ІІ-ші Континентальдық конгрестің мүшесі бола жүріп, осы армияның қолбасшылығына дейін көтеріледі. Бұл армия АҚШ-тың Британиядан тәуелсіздік алуына көп еңбек сіңіреді. Ала-құла елде әскери диктатураның орнауына жол бермей, өміршең Конституцияның негізін қалайды. АҚШ-тың демократиялық жолмен дамуына даңғыл жол ашады. Шебер басқарушы, өте беделді Президент Джордж Вашингтон құдретті король, диктатор болуды емес, биліктің бейбіт жолмен сайланбалы ауысқанын қалайды. АҚШ-тың тарихында өзіндік із қалдырған. 44 президенттің арасындағы ең шоқтығы биігі дәл осы Вашингтон, деген сөзді жетекшіміз қадап айтты. Ол бір долларды қолына ұстап тұрып: Қалталарыңда бір долларларың болса қолдарыңа алыңдар. Мен сендер біле бермейтін бір жайды түсіндірейін. Осында бүкіл Америка тарихы жазылған,-деді.


- Бірінші бетте алғашқы президент Джордж Вашингтонның суреті, екінші беттің жоғарғы жағында «Аллаға сенеміз» деген жазу тұр. Доллардың сол жағында Пирамида, ол 13 қатар кірпіштен қаланған, төбесінде Аллаһ Тағаланың көзі, ол бәрін көріп тұр деген мағынаны білідреді. Оң жағында қыран құс, құстың сол қанатында 13 садақ жебесі, бұл 13 штат соғысқа дайын дегені. Қыранның оң қатарында бидайдың бір масағы, масақта 13 дән, ол тамырымыз бір дегені. Қыранның төбесінде 13 жұлдыз бар, ол Америка алғаш 13 штаттан құрылғанының белгісі. Қыранның төсінде АҚШ-тың туы, бүгінде 50 штаттан тұратын АҚШ тарихын осылай баяндап берді. Қазіргі туда 50 жұлдыз бар. Ол да барлық штаттардың жұлдыздары биік болып жарқырай берсін дегені болар,- деп жорыдық.
Шын мәнінде президенттік басқару жүйесін әлемде бірінші болып енгізіп тыңнан жол салған, президенттік институттың негізін қалаған, астанасын Нью-Йорктан Вашингтонға көшірген, көпшілік көңілінен шығып, қатарынан екі сайлау президент болған Джордждың үрдісі біздің тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа да жұғысты болуы заңды құбылыс іспетті көрінді. Ұлыларды құрметтеп, солар жүрген соқпақпен жүру пенделерді адастырмасы хақ. Назарбаевтың билігін тағы да он жылға ұзарту туралы халық талабы осыдан туса керек.


Вашингтон мемориалының қарсысында аспанмен тілдескен үш қырлы обелиск тұр. Екі арада жан-жағы цементтелген ұзындығы 300 метрдей хауыз. Судың оң жағынан қарасақ сол жақтағы обелискіні, ал сол жақ шеттен қарасақ оң жақтағы мемориалды су ішінен көресің, хауыздың ортасында тұрсаң екеуі де су ішінде тұрғандай әсер қалдырады. Сөйтсек бұл обелискі АҚШ-тың 16-ші Президенті Авраам Линкольнге орнатылыпты. Жетекшіміз бұл туралы да біраз ақпарат берді.
Кедей шаруа отбасында дүниеге келген Авраам мектепте бір-ақ жыл оқып сауатын ашады да, білімін одан әрі жалғастыруға мүмкіндігі болмайды. Зерек те алғыр жас өз бетінше білімін жетілдіріп, қара жұмыстан қолы қалт еткенде әр түрлі кітапты көп оқиды. Есейе келе өз бетінше адвокаттыққа емтихан тапсырып, сынақтан сүрінбей өтеді. Үндістер көтерісіне қарсы іс-әрекеттерге қатысып, капитан шеніне дейін өседі. АҚШ-тың конгресстер палатасының өкілі ретінде американ-мексика соғысына қарсы болады.  Оның республикалық пратиясы құл иеленушілікке, нәсілдік кемсітушілікке қарсы күресте жеңіске жетіп, осы партиядан бірінші рет президент сайлауында дауысқа түскен А. Линкольн жеңіп шығады. Ол билік басына келгеннен бастап аграрлық мәселелерді транспортты дамытуға зор үлесе қосады. Нәсілдік кемсітушілікке қарсы күресін күшейте түседі.


Линкольн сөзге жүйрік, өте шешен сөйлейтін, «ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтіннің» өзі еді. Адамдарды жылы сөзімен ұйытып, соңына ертіп алатын. Ол айтты деген сөздер әлі де ел аузында жүр. Линкольн 1865 жылдың 14 сәуірінде театрда отырған жерінде атылған оқтан жараланып, кісі қолынан қаза тапқан алғашқы АҚШ президенті. Соған қарамастан ол бұрынғыдай халқы, елі сүйген президент болып жүректерде қала бермек. Дәл осындай қасиет Барак Обамада  да бар көрінеді.


Ендігі жолымыз Ақ үйден бірақ шықты. Аты зор болғанымен екі этаждан тұратын шағын Ақ үй бізге қораш көрінді. Ашық темірмен қоршалған. Ақ үйдің жан-жағы ашық алаң. Сирек ағаштар өскен көкмайса саз. Ары-бері өтіп жатқан жүргінші, ойнап жүрген балалар. Ағылып жүріп жатқан автокөліктер де ұшыраспайды. Шулы қаланың бір тыныш түкпірі іспетті.


Жетекшіміздің айтуы бойынша Ақ үйдің мұндай жұпыны болуы қарапайымдылықтың бір үлгісі көрінеді. Ақ үйде президент отбасымен тұрады екен. Онда жұмыс кабинеті, өзінің көмекшілері ғана болады екен. Үйдің үлкен сұсты болуы, келушілердің мысын басатыны белгілі. Сондықтан қарапайым көріну келгендермен еркін пікірлесуге мүмкіндік беретін көрінеді. Ал үлкен мелекеттік мәселелер билік басындағылармен бірлесіп, Конгресс Холда шешіледі екен.
Ақ үйден кетіп қала ортасындағы үлкен саябаққа аялдадық. Саябақтың бір қабырғасына (ұзындығы жарты шақырымдай) адамдардың аты-жөні жазылған екі-үш қатар тақта ілініп қойылған. Оған үңілушілер де аз емес. Кейбіреулері көз жасын төгіп жылап тұр. Сөйтсек, ол баяғы Вьетнам соғысында қаза тапқан жауынгерлер тізімі екен. Жылап тұрғандар жаңа келіп, өз адамдарының аты-жөнін тапқандар болу керек. Қала ортасындағы жасыл желек көмкерген ойлы-қырлы жерде аппақ ақшағала жайылып жүргендей әсерге бөлендік. Қасына келгенде байқадық, Ақ шағала болып көрінген кісі аттары жазылып, жерге қадап қойған мрамор тақтайшалар. Ол тақтайшалараға президенттерден бастап, Америкаға еңбегі сіңген 35 мыңнан астам қайраткерлердің, халық қаһармандарының, есімдері жазылып қойған атақты Арлитон мазары екен. Ерін сыйлаған ел ешқашан қор болмақ емес. Білектің күшімен, найзаның ұшымен ұлан байтақ жерімізді қорғаған ата-бабаларымыздың, қала берді кешегі Ұлы Отан соғысында есімдері аңызға айналған батырларымыздың, одан берідегі Тәуелсіздігіміздің бастаушысы болған желтоқсан қаһармандарына айналған жастарымыздың есімдерін біз де осылай құрметтеп жатсақ, бұл да елдігіміздің айғағы болар еді-ау деген ойға оралдық. 
 СӨЗ СОҢЫ 


Америка сияқты алып елді бір көріп қайтуды қанша армандағанмен, бәрі  бір туған елге қайта оралу одан зор арман ба деп қалдым. Алғашқы көрген әсерлер өткінші нәрседей болып қалды. Жат-жұрттағы бір айлық сапар да аяқталып, елге деген ыстық сезім қайта от алды. Ол жақтағы ең сүйсінген нәрсеміз қай қалаға, елді мекенге барсаң да мұсылмандықтың исі аңқып тұрғаны сезілді. Шағын қала Кеу Вестің өзінде жұма намаздарын мешітте оқып тұрдым. Исламда ұлтқа бөлу жоқ, ақ, қара, сары түсті ұлт өкілдерімен бірге сәждеге бас қойып, бірге құлшылық етудің өзі бір ғанибет екен. Ал, Нью-Йорк, Вашингтон сияқты үлкен қалаларда мешіт сандары 30-40- қа жететін көрінеді. Олардың біразына бас сұғып, Алланың парыздарын өтедік.


Елге оралу жолы ауыр да, ұзақ болып көрінді. Сөз басында айтқанымдай барарда күнді қуалай ұшып, күннің ұзақтығы тәулікке созылса, қайтарда күннен кері ұшып түн ұзаққа созылды.
Аталарымыз айтатын түнде жол ұзарады деген сөз шындыққа айналды. Мұхит үстінде ұшқан 11 сағатымыз тым ұзақ көрінді. Терезеден төменге көз саламын. Соқыр қараңғылық басып алған солардың арасынан анда-санда мұхит үстінде жылт-жылт еткен нұрды көзің шалады. Мүмкін ол суға түскен аспан жұлдызы болар, не болмаса шағын аралдардағы елді мекен болар. Мейлі, жер немесе аспан жұлдызы болсын, әйтеуір жұлдызымыз сөнбесін!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: