Пайғамбарымыз аләйһис-салату уәс-сәләмнің бір күні
Жетінші бөлім
«Аллаһ пен ақыретке иман келтірген адам ішімдік ішпесін.
Аллаға және ақырет күніне сенген адам арақ-шарап қойылған дастарханға отырмасын» (Табарани).
Арақ-шарап қойылған дастарханда отыруға болмайды. Ішпесе де солардың ішкеніне мәз болып, ырзалық білдіріп отырса үлкен күнәға қалады. Бірақ бұл жерде мынадай сауал туады. Біздің ел Ресей мен Совет үкіметі деген тажалдық қармақтан жаңа ғана құтылған халық. Елімізде әлі күнге дейін ішімдік тұрмақ тілі кәлимаға келмей жүрген қаншама адамдар бар.
Той-домалақтар әлі күнге дейін көбінесе ішімдікпен өтеді. Ал мұсылман болып намазға жығылғандар егер арақ-шарап қойылды деп сол жерлерге бармайтын болса ағайындарымен мүлде араласпай жат болып кетеді. Олар сіздің «харам-халалыңызды» қайдан түсінсін. «Намазға жығылғанын қайтейін, тойыма келмеді, тілегін айтпады, тәкаппарланды, өйткен тақуалығын қайтейін» деп ренжиді. Ал Исламда ағайынға сәлем беру, шақырған жеріне бару, туыстық қатынас жасау – парыз. Тіпті туыстық қатынас жасамау Исламда ең үлкен күнәлардың бірі. Әрі оларды жаман ойға қалдыру да жеке бір күнә. Һәм олар осы қылығыңыз арқылы діннен мүлде безіп кетуі әбден мүмкін.
Пайғамбарымыз «Дін – насихат» дейді. Сондықтан біріншіден сол тойға дінді насихат ниетімен баруы тиіс. Сөз бере қалса тілек арасында жұмсақ және сыпайы тілмен арақтың атасынан қалған ас еместігін, ұрпаққа зияндығын оның харамдығын айтып жұқалап жеткізуі керек. Екіншіден алдын-ала өз столдарына ішімдікті қоймауын сұрауы ләзім. Сіз сыйлаған кісі болса ол да сізді сыйлауы керек. Үшіншіден ондай тойда қысқа ғана отырып той иесі мен келген ағайындарға сәлем беріп, хал сұрасып тез қайтқаны жөн. Бұларды зәрулік үшін ғана айтып отырмын. Егер зәрулік болмаса әрине бармаған абзал. Тойдан бұрын да алдын да сыйлығын беруге болады. (түсініктеме).
Ең жаман ас
«Ең жаман ас байлар ғана шақырылып кедейлер шақырылмаған ас. Кімде-кім шақырғанды қабыл етіп тамағын жемесе Аллаһ пен Елшісіне қарсы келмек» (Бухари).
Сол себепті атам қазақ той жасағанда дастархан басында байы да кедейі де бірге отырған. Бай жолаушылап келе жатып кедейдің үйіне, кедей де байдың үйіне қонақ бола алған. Ешқандай ұят саналмаған. Бұл – қазақтың сүннетпен жүргенінің белгісі. Ал орыс секілді христиандарда мұндай әдет жоқ. Олар үстем тап, төмен тап болып екіге бөлінген. Ал Совет үкіметі осы бай мен кедей ұғымын өздерінің христиандық ұғымы бойынша түсініп Орта Азияға да солай қарады. Бір дастарханнан бірге ас ішіп отырған бай мен кедейді бір-біріне қарсы қойды. Алайда бай мен кедейдің арасындағы түйткіл мәсел бізде емес оларда болған еді. Олар өз түсінігін бізге әкеліп тықпалап байларды, зиялыны елден қуды.
Совет үкіметінен қалған сол бір түсінік-індет қазақта әлі де аз да болса жалғасын табуда. Өйткені кейбір қазақтар аяқ астынан дәулеті таси қалса кедей жақындарымен араласуды ұят санайды. Той жасаса, қонақ шақырса іріктеп «бай байға, сай сайға» деген қағидаларымен шақырмақ.
Пайғамбарымыздың сүннет жолы – ең үлкен мәңгілік байлық. Сондықтан жалған байлық үшін мәңгілік байлықтан мақұрым қалу неткен өкінішті десеңізші!
Жүніп кезінде ас ішу
Умми Сәләмә жеткізеді: «Аллаһ елшісі (с.а.у.) жүніп болғанда намазға дәрет алғандай дәрет алмай еш нәрсе жемейтін» (Бухари).
Әсмә бинти Язид жеткізеді: «Аллаһ елшісіне (с.а.у.) бір тамақ әкелінді. Бізді де дастарханға шақырылды. Біз «тәбетіміз жоқ!» деп жауап бердік. Ол: «Аштық пен жалғанды біріктірмеңдер» деді (Ибн Мәжә).
Кейде қонақта отырған адамдар сыпайы болам деп отырып жалған сөйлегенін аңғармай да жатады. Дастарханға шақырған соң орынсыз сызылмай жұрпен бірге қосылып дәмнен алып отырған дұрыс. Қонақта отыр екенмін деп өзіңді басқаша танытудың қажеті жоқ. Исламда қалай болсаң солай көріну абзал (түсініктеме).