Е, е адам баласының жаратылыс мақсаты Аллаға құл болу, құлшылық қылу, дұға қылу. Дұға қылу демекші Алла Құранда: «Егер дұғаларың болмаса Раббым сендерді не деп бағаласын?» дейді. Қай пенде өзінің дұғасын қабыл болмауын қалайды дейсіз? Бірақ ғалымдар дұғаның қабыл болуын кейбір шарттарын айтқан. Соны тілге тиек ете кетейік.
1. Дұғаны Аллаһ Тағалаға мадақ пен тәсбих-пәктеу арқылы бастау.
2. Жасаған күнәларына тәубе етіп, Хақтан кешірім тілеп, истиғфар ету.
3. Дұғаның әуелі мен басында Пайғамбарымызға салауат айту. Өйткені айтылған салауаттар Пайғамбарымыз үшін жасалған дұға болғандықтан, Аллаһ оны қабыл етеді. Қабыл етілген екі дұғалы салауаттың ортасында айтылған тілек те қабыл болуы мүмкін. Пайғамбарымыз: «Аллаһтан тілек тілегенде маған салауат айтыңдар. Өйткені, Аллаһ Тағаладан екі тілек тілегенде бірін қабыл етіп, бірін қабыл етпей қоймайды. Ол – жомарт иесі» дейді.
4. Дұғада шынайы ықылас болуы. Яғни Аллаһ үшін ғана дұға жасауы.
5. Дұғаның абзалы – аят пен хадистердегі дұғаларды айтып жалбарыну. Өйткені олар ең көркем дұғалар. Әрі онда таңғажайып тылсым-сырлар бар.
6. Дұғаға толық сенуі. Яғни, жаратылыстың тізгінін басқарған Ұлы Жаратушының құзырында тұрып, Одан тілек тілеп тұрғанын білу. Сондықтан Аллаһтан үлкен тілек тілеу қажет. Пайғамбарымыз: «Дұға оқығанда үлкен үміт күтіп үлкен нәрсе тілеңдер. Өйткені, Аллаһ Тағалаға еш нәрсе қиын емес» дейді. Басқа хадисте: «Қабыл болатынына анық сеніп Аллаһ Тағаладан тілек тілеңдер. Мынаны жақсы біліңдер! Аллаһ селқос, құлықсыз жүрекпен тілеген тілекті қабыл етпейді» дейді.
7. Дұғада табандылық таныту. Бір рет қолын жайып қоя салу емес, үнемі жалбарыну.
8. Дұғаны түннің ақырғы мезгілінде және парыз намаздардың соңынан жасау. Бірде сахабалар Пайғамбарымыздан «Қандай дұға жылдам қабыл болады?» деп сұрағанда, түннің ақырғы мезгілі мен парыз намаздардан кейін жасалған дұғаның қабыл болатындығын ескерткен.
9. Пайғамбарымыздың бір хадисінде жұма күнінің бір уақыты бар, кімде-кім сол уақытта тілек тілесе сөзсіз қабыл болатындығы айтылады. Яғни, не тілесе де сол сәтте қабыл болып, тілегі орындалмақ. Оның аз ғана сәт екендігі себепті Пайғамбарымыз саусақтарының ұшын ғана көрсетеді. Бірақ ол жұма күнінің жиырма төрт сағатының қай сағаты яки қай сәті екені бізге жұмбақ. Бұдан басқа мүбарак түндерде, Рамазан айында, Қағба, Мәдина мешіті, Ақса мешіті, Арафат тәрізді қасиетті жерлерде, жауын жауып тұрғанда да дұғаның қабыл болу ықтималы мол. Өйткені, жауын – Хақтың жерге төккен рақымы.
10. Біреуге сырттай дұға етуі. Пайғамбарымыз мұсылман адам өзге мұсылман бауыры үшін тілек тілесе, қабыл болатынын айтып сүйіншілеген.
11. Аллаһ Тағаладан тілек тілеген соң Оның ісіне араласпауы керек.
...........................................................................................................
Бұл күндері қазақтың тәуелсіздік күні болса да қаралы да азалы күндері ғой. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Сол бір желтоқсаншылардың ыстық дұғаларының қабыл болуымен келді.
Желтоқсан – сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған елдің жүректерінің терең түбінен тас түнек қараңғылықты қақ айырған таңның сәулесіндей жарып шыққан шынайы да ыстық дұғалары болатын. Құранда Аллаһ «Дұғаларың болмаса Раббыларыңа қандай ерекшеліктерің бар»,– дейді. Иә, осылайша сөзінен жалын, ісінен ұшқын шашқан қазақтың қайратты жастары алаңға шығып іс-қимылымен дұға етті. Дұға – іс-әрекет дұғасы және сөз дұғасы болып екіге бөлінеді. Егін егіп, бейнет төгу – іс дұғасы, бейнеттен соң Аллаһ тағалаға ризық сенен деп оған тәуекел ету сөз дұғасы. Ал, дұғаның қабыл болудың негізгі шарты – ыстық ықылас пен шынайы ниет. Бұзылуы – немқұрайдылық пен рияшылдық. Міне, алаңға шыққан жастардың ниеттері пәк болатын. Олардың ешқайсы да не мақтан, даңқ, не мансап байлық үшін шыққан жоқ етін. Олар азаттық үшін шыққан болатын. Тіпті сол жолда жандарын да пида етті. Олардың өз жандарын пида, құрбан етуі олардың шынайылықтары еді. Билік те халық та бәріміз соларға қарыздармыз. Шейіт болғандардың жанын Алла жұмақтан етсін.
Иә, желтоқсаншылар демекші бір кездері бір досымнан естіген мына әңгіме әлі есімнен кетпейді. Оның бір досы болған екен. Бұл жақтың баласы емес, шет елден бізге елге оқуға келген. Өзі бірақ мұсылман, тақуа жігіт болған көрінеді. Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндері болса керек. Әлгі жас тақуа автобусқа мініп әдеттегідей оқуына қарай кетіп бара жатады. Жолда желтоқсаншылар алаңынан өтіп бара жатып халықтан естіген, оқыған желтоқсаншылар көтерілісін ойлап, терең ойға батады. Оларға дұға қылады. Іштей "қандай қырғын болды екен?" деп ойлайды. Сол-ақ екен желтоқсан алаңы кенеттен өзгеріп сонау 16-шы желтоқсан күні көз алдына көлбеңдеп көрініп, ақырында тарихтағы сол уақиға анық көзіне көрінеді. Ол алдында қатты сасып жан-жағына қасындағы адамдарға қарайды. Бірақ оларда үн жоқ, жайбарақат. Мұнын көре алғанын олар көре алмайды. Көрініс сұмдық еді. Алаңда мыңдаған қазақтың өрімдей жас қыздары мен қайратты жас жігіттері. Әлдене деп айқайлап жатыр. Оларды сырттай мұздай қаруланған, бастарына каска киген түсі суық жендеттер қолдарындағы сойылдарымен, шоқпарларымен ұрып қырып жатыр. Әне бір жас қызды тепкілеп шашынан сүйреп машинаның артына лақтырды. Ол жалғыз емес машинаның арты толған еді. Ыңырсыған, үсті-бастары қан-жоса. Айқай шу. Бірақ осынау болып жатқан оқиғаны әлгі жас тақуадан басқа ешкім көре алмайды. Ол әрі қарай шыдай алмайды. Қос жанарына жас толып соларға қарап кемсеңдеп жылап жібереді. Қасындағылар мұның жылағанын көріп көмектеспек болып көңілін сұрайды. Тақуа "мыналарды көрмейсіздер ме, алып кетіп барады ғой боздақтарды" деп тамағы тығыла, тұншыға сөйлейді. Бірақ айналасындағылар "мынау нені айтып, нені көріп тұр?" деп бір-біріне аңтарыла қарап жайына кетеді. Иә, осылай көрінген. Жас тақуға осылай көрінуі желтоқсан көтерілісінің Алла құзырында иншаллаһ қадірлілігінен болса керек.
Біреуге айтсам "мына мұғәлім молда ақжолдың жолын қуайын деген екен" деп ешкімге айтпағам. Айтқандарым да мән берген емес. Өзім де сол жас тақуаның кім екенін іздеп көрген емеспін. Бәлкім тақуалығым мен ұлтшылдығымның аздығынан шығар.