Иә,
кімнің қандай болып өлетінін, қалай қайта тірілетінін ешкім біле
алмайды. Баяғыда елдің тақуа данышпан адамдарына барып сәлем беріп,
«хал-ахуалыңыз қалай?» деп сұрағанда: «Е, е несін сұрайсың? Өмір бойы
жасаған құлшылығыңның қияметте алдыңнан қалай шығары белгісіз, мақтаныш
адамның барлық сауабын құйындай әкетуі де әбден мүмкін. Жасаған
амалдарымның қабыл болуы да белгісіз.
Кісі ақысын жегендер қияметте сауабының бәрін құн орнына беруі мүмкін.
«Қалай өмір сүрсең – солай өлесің, қалай өлсең – солай қайта тірілесің»
дегендей өлімімнің қандай болары да беймәлім. Өйткені, мен өзіме толық
баға бере алмаймын. Мүмкін, мен заманым осындай болған соң діндарлықты
Хақ үшін емес, ел үшін, елден ұялғаным үшін не болмаса атақ-даңқ,
мансап, байлық үшін ұстап жүрген болармын.
Ақтық сәтім жақындап, ажал
жанымды алғанда иманыммен бірге кетем бе, әлде күпірліктің шірік
діңгегін арқалап кетем бе бұл да беймәлім. Иманмен өтсем де, қабір
әлеміндегі екі періште келіп: «Өміріңді қай жолда өткіздің? Кімнің
ақысын жедің?» т.б. деп сұрақтың астына алса, міңгірлемей дұрыс жауап
бере алатыным да беймәлім. Одан кейін қияметке дейін мұсылман әлемінде
болам ба, әлде қабір азабын тартып, кейбір хадисте ишарат етілгендей жер
астындағы екі жүз мың градустағы оттағы жан айқайым жер бетіндегі адам
мен жыннан өзге күллі жандыға естіліп жата ма ол да белгісіз.
Қиямет-қайым болып қайта тірілгенде, мұсылмандар арасында әлде кәпірлер
арасында тірілетінім де беймәлім. Таразыға тартылып, есеп бергенде
дәптерім солдан ба, әлде оңнан ба берілуі тағы белгісіз. «Сират» аталған
қыл көпірден аман өте аламын ба әлде тозақ отына түсемін бе? Ақыр
соңында Аллаһ нәсіп етіп Жәннатқа барамын ба әлде забани періштелер
күллі таныс-туыстарымның көзінше жан дауысымды шығарып, шырылдатып
Жәһаннамға қарай сүйрей ме бұл да беймәлім. Ендеше, осындай қауқарсыз
пенденің хал-ахуалы сеніңше қандай болады? Ал енді өзің айтшы?»,- деп
жауап береді екен. Олай болса, тақуа жандардың түнде жападан жалғыз
маңдайын сәждеге қойып, көз жасына ие бола алмайтындығы осыдан болар.
Иә, Абай жарықтық та: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі» дегені де
осы ғой.
Иә, қанша тақуа болсаң да, өлеріңде қабірге кім болып
кіретінің беймәлім. Ешкімнің қолында кепілдік жоқ. Біреулер бар, өмір
бақи тақуа болып ғұмыр кешіп, дінге қызмет етіп «дін қайраткері» атанып
сол үшін атақ алып ал өмірінің жапырағы сарғая бастағанда Құдайға
күпірлік етіп, кәпір кебінін киіп өлмек. Енді біреулер бар ғұмырын
күпірлік ұйығында өткізіп, ақтық сәтінде иман келтіріп, арғы жағалауға
иман желкенін желбіретіп өтпек. Иә, осыған қатысты бір досымнан естіген
мына бір жуық арада болған оқиға айта кетейін. Досымның жан түршігерлік
кейіппен айтқаны сонша – әңгіме аяқталғанда сол оқиғаның ішінде өзім де
болғандай сезіндім.
Бірнеше жігіт өз елінде жастайынан бірге
медреседе оқып, кейіннен әр бірі имам болып мешіттерде қызмет атқарады.
Арада жылдар өтіп бір күні біреуі науқастанып хал үстінде жатады. Имам
достары жиналып, басы қасында отырып, тілін кәлимаға келтірсін деп
кәлиманы қайталайды. Бұл уақытта әлгі науқастың есі кіресілі-шығасылы
еді. Кенеттен әлгі науқас жастықтан басын жұлып алып, жан-жағына
алақ-жұлақ етіп қарап әлденені іздей бастайды.
Алдында отырған достарына
көз салып та қарамайды. Оның мына адам шошырлық сұсты халі оны басқа
адамға айналдырып жібергендей. Бейне бір әб жыланға айналғандай
сұп-суық. Бір кезде әлденге іздеп алас ұрған көздері сөреге түсті де
тоқтай қалды. Демдерін іштеріне алып қатты сасып қалған достары да соның
қараған жеріне қарайды. Сөреде Хақ Тағаланың Құраны тұрған еді. Сол
жаққа қарай қолын созған ол әлдене деп сол жайлы (Алла сақтасын)
күпірлік сөз айтып барып демі бітіп, жастыққа сұлқ етіп құлай кетеді.
Жанындағы имам достары әлгінде ғана оны қимай, іштей толқып жылауға шақ
қалып отырған болатын. Әлгінің мына сөзінен кейін олар оған емес, еңіреп
өздерін ойлап балаша жылай бастайды.
Өйткені, өлген имам досы жиырма
бес жыл мешітте имамдық етіп, бес уақыт азан шақырған кісі еді. Өмірінің
жартысын мешітте өткізіп жиырма бес жыл азан шақырып, кәлиманы айтып ал
өлерінде Құранға тіл тигізіп, арғы жағалауға имансыз кеткен еді. Оның
мына халін көрген достары өздерінің де әлгінің кебінін киюі мүмкін
екендігін ойлап, өлген достарын ұмытып, өз бастарымен қайғырып
қайыршының күйін кешіп кетеді. Сол имамдардың қазіргі кезде әлі де жер
басып тірі жүр ме ол жағын досымнан сұрамадым. Өйткені солардың сол бір
қайыршылық күй-шекпенін мен де жамылған едім.
Иә, хазіреті Әсуад атқандай: «Ақыретте хал мүшкіл, жағдай қиын, хал мүшкіл, жағдай қиын»...