Сапар (сафар) айы (арабша: شهر صفر) — мұсылманша күнтізбе бойынша екінші ай, Мухаррам айынан соң келеді. Хиджраның 1435 жылындағы сапар айының басталуы 2013 жылдың 4-желтоқсанына сай келді.
“Сапар” сөзінің (арабша: صفر) ай атына қатысты кең тараған екі мағынасы бар:
1) сары, сарғаю: сапар айына атау берілгенде күз болып, айнала сап-сары түске оранған;
2) бос, нөл (араб: сифр): мұсылмандар осы айда Меккеден көшіп кеткеннен кейін қала босап қалған.
Қазіргі таңда ел арасында: «Осы сапар айында үйленуге, неке қиюға және той жасауға, ұзақ жолға шығуға болмайды» деушілер де кездеседі. Мұндай түсінік сонау ертеректе Ислам діні келмей тұрып арабтарда болған ырым. Оларда сапар айы – бақытсыздық айы, сорлы бір ай деп қабылдаған. Сондықтан, бұл айда үйленсе яки бір істі бастаса ол іс нәтижесіз болады деген наным бар еді. Алайда, Ислам діні келгеннен кейін Алланың Елші етіп жіберген құлы әрі сүйікті елшісі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «..Сафар айында сәтсіздікке ұшырау деген нәрсе жоқ»-(Бухари, Тыб-№5425 хадис), дей отырып, сапар айы жайында қалыптасқан теріс түсініктің исламда жоқ екенін, пұтқа табынушылардың жоққа сенуінің дұрыс емес екендігін айтты. Демек, бұл айда некелесудің яки бір істі бастаудың немесе ұзақ жолға шығудың ешбір ағаттығы жоқ.
Және Алланың елшісі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Ауруға, үкіге және сапар айына қатысты бақытсыздық хақындағы жалған сенімге орын жоқ» — деп, адамдарды ақиқатпен хабардар етті. Мұнда үкінің сөз болуы Ислам дініне дейінгі адамдардың “үкі (құс) қонған үй қайғы-қасіретке тап болады” деген жалған сенімдеріне байланысты айтылған.
Ислам дінінде соқыр сенімге орын жоқ. Мұсылман жақсылық пен жамандық бір Алла тағаланың құзырында екендігіне куәлік етіп, тағдырына иман келтірген.
Сондай-ақ, сапар айының соңғы сәрсенбісінде адамдар арасында «Сапар айының соңығы сәрсенбісі күні әдеттегі намаздардан тыс қосымша арнайы нәпіл намаз оқылуы тиіс. Себебі, Сапар айының соңғы сәрсенбісінде жер бітіне 320 мың түрлі алапаттар мен қасіретті жағдайлар түседі. Олардан сақтану үшін арнайы нәпіл намазын оқу керек» деген сенім бар. Бірақ бұл құлшылықты жасау керек деген ешқандай Құран аяты, хадис немесе сахабалардың жасағандықтары туралы дерек жоқ. Адамзат тарихындағы діндердің арасында ең көп әрі сенімді дерек көздері бар дін — Ислам діні. Ислам діні дәлелсіз, күмәнді әрекеттерді харам етіп, оларды жасауға тыйым салады. Сондықтан да Сапар айының соңғы сәрсенбісі күні ешқандай арнайы құлшылық жасаудың қажеті жоқ. Басқа айларда оқылатын дүғалар мен ғибадаттармыз бұл айда да дәл сол қалпында орындалады.
Жалпы сапар айында: «Аллаһумма фаррижнә бидухулис-сафари уәхтим ләнә билхайри уәз-зафари», мағынасы: «Аллам, сапар айы кіруімен бізге қуаныш нәсіп ет. Ол айда жақсылықпен, сондай-ақ, жеңіспен шығуды нәсіп еткейсің», – деп дұға етудің мәні зор.
Сонымен қатар, өзге айлардағыдай бұл айда да айдың басында, ортасында және соңында үш күн нәпіл ораза ұстауға болады. Бір күн нәпіл ораза тұтуға да болады. Бұл туралы хадис шәріпте Алланың елшісі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ай сайын үш күн ораза ұстау — жыл бойы ораза ұстағанмен тең» ( Имам Бухари мен Имам Муслим риуаят еткен) – деп, баршамызды сауапты амал жасауға шақырған. Сондай-ақ, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, татуластыру, науқастарымызды зиярат етіп, олардың қал-жағдайын білу, ата-ана, ағайын-туысқандармен тату тұру және жағдайы төмен отбасыларына қол ұшын беріп, қайырымдылық жасау үлкен сауап.
Ендеше, баршамыздың мүбәрак сапар айында жасаған ізгі істерімізді, ғибадат-құлшылықтарымызды, дұға-тілектерімізді Алла тағала қабыл еткей. Әмин!
Құрастырған: Ахметжан Керімбек