Өмірдің құны

Өмірдің құны

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кейбір кісілер өмірінің ұзақтығын айтып, масаттанып жатады. Кейбір кісілер қыршын кетті деп біреудің өмірінің қысқалығын айтып күйзеліп жатады. Бірақ өмірдің құны оның қысқалығы не ұзындығында емес екен. Бәлки, оның ізгілікке толы болуы не күнәдан алшақ болуы екен. Өйткені адам өмірі басқа жаратылыстардың тіршілігіне ұқсамайды. Оның өмірі саналы түрде өтеді. Ол күнә жасауға да қайыр жасауға да толықтай еркі әрі мүмкіншілігі бар. Алла бұл өмірде адам баласын әр түрлі нәрселермен сынайды. Сондай-ақ сыны болғандықтан Алла адамға өмірді бірақ рет береді. Ойлануға, ақыл тастап, ой жүгіртуге жетерліктей мүмкіншілікте береді.

Алла да Құран аяттарында уақытпен көп ант ете береді. Әр уақыттың бағамын түсіну үшін әркезде еске салады. Ғасыр (Аср сүресі-1), Таңсәрісі (Фажр сүресі -1), Сәскеуақыты (Духа сүресі -1), Күндізгі уақыт (Лайл сүресі-2), Қараңғылық уақыты (Лайл сүресі-1) т.б. Осы арқылы Алла бізге уақыттың қадірін түсінуге. Оған өте мұқият қарауға, үнемдеуге, бағалауға бұйырады. Өйткені оны күтіп баптай білсең, ақыры мол табысқа кенелтетін жаннат бағына апарады. Яғни, Құран аяттарымен айтқанда; Өмірін егістігін, еккенін орасын, орғанынды жинайсын, жинағанынды жейсің.

Құран-Кәрім Хаққа сүресі 19-24аят.

Сонда енді кімнің кітабы оңынан берілсе; «Алыңдар, кітабымды оқыңдар!»,- дейді (19). «Расында мен осы есепке кездесетінімді ойлап ем» (20). Сонда ол, қуанышты тіршілікте, (21) Көтеріңкі жаннатта болады; (22) Жемістері салбырап түрады (23). (Оларға): «Өткен күнде істеген ғамалдарыңның арқасында ішіңдер, жеңдер сіңімді болсын» (делінеді) (24). Немесе оның баптай алмасаң, қадіріне жетпей, бос істермен күнәлармен өткізсең, опық жейсің.

Құран-Кәрім Фатир сүресі 37 аят.

Олар тозақта: «Бізді тозақтан шығар! Істеген ғамалдарымыздан басқа жақсы амал істейік» деп шыңғырады. «Сендерге; үгіт алғысы көлген кісі, үгіт алатын өмір бермедік пе? Әрі сендерге ескертуші де келген еді. Енді татыңдар Залымдар үшін ешбір көмекші жоқ» (делінеді) (37).

Ақиқатында бұрыңғы үмметтер ұзақ-ұзақ жасаған деседі.Олар өздеріне берілген өмірді өте ұқыпты пайдаланыпты.Сол үшін де олардың қияметтің қиын күнінде қолы бос келмейді.Ал Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С өз сөзінде - Менім үмметімнің жасы 60-70 тен аспайды, азы ғана одан асады-деген екен. Бұрыңғы үмметтер бұл туралы білген кездерінде Мұхаммад С.Ғ.С үмметіне жаны ашып қараған деседі. Олар еш нәрсеге үлгере алмайды ғой деп. Ал Алла бұл үмметті аса қадірлеп, құрметтеген.А дамзаттың кенже туған ұрпақтары болса да, Алла оларды қиямет күні алдыға шығарады. Алланың Елшісі С.Ғ.С бұл туралы «Біз үмметтердің ақырғысымыз, бірақ қиямет күні әуелгісі боламыз (Муттафақу алайһи)-деген. Оның себебі бұл үмметке Алла аз өмір берсе де берекесін бергені. Кісі ғасырлап жасаса да мүмкіншілігі келмейтін қайырлы істерді атқаруға оңайластырған. Аз өмірдің өзін ұзаққа созып, аз істің өзіне мол сауаптар дарытқан. Олардың бірқатарларына тоқталсақ, Алланың бізге деген кеңшілігіне таңданбасқа шарамыз қалмайды. Аллаға деген шүкірлігіміз оянып, өміріміздің қадірін бағамдап қалармыз деп үміт етемін.

Соның бірі Алла және оның Елшісі Мұхаммад С.Ғ.С бойұсынып өмір сүру өміріміздің құнын арттырады. Құран мен сүннетке үйлескен әрбір ісіміз құлшылыққа айналады. Тіпті біздің ешбір мақсатсыз қажеттілік ретінде атқаратын ісімізге дейін. Яғни, ішіп-жеу, ұйықтау, отыру, жүру, еңбек ету, үйлену, отбасын асырау т.б осы сияқты. Алланың Елшісі С.Ғ.С; -Тіпті сендердің әйелдерімен қосылғандарына да сауап жазылады,-деді. Сахабалар; Я, Алланың Елшісі, сонда өз жұбайымен қосылып, өз лаззатын тапқаны үшін де сауап жазылады ма? Әлбетте - деді Алланың Елшісі С.Ғ.С – Егер сен шахуатыңды өзге жолдан тапқанда, күнә жинар едің ғой. Өз адал жұбайына қосылған себебті сен сол үшін сауап таптың. Ілгергі өткен сәлаф ғалымдары осы себебтен; Момынның ішіп-жемі, ұйқысы т.б осы сияқты қажеттіліктері Алла және оның Елшісі Мұхаммад С.Ғ.С бойұсынып атқарылса, ол істердің бәрі ізгі амалдар болып есептеледі деп тұжырымдаған.

Адам өмірін ұзартып, құнын бағамын арттыратын істің бірі – туыс-туғанмен қарым-қатынасты жақсы ұстану. Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады:

- Кімде-кім ризығы мол,өмірі ұзақ болуын қаласа, туысымен қарым қатынасты орнатсын. (Имам Бухари). Туысымен қарым-қатынасын жақсартқан кісінің өмірі қысқа да болуы да мүмкін. Бірақ оның туысына жасаған жақсылығы өмірінің құнын арттырады. Яғни, оған Алла разы болады да, қиямет күні әрбір туысына жасаған қарым қатынасы үшін, өмір бойы жия алмайтын сауаптарды дарытады. Ал оның керісінше жағы: туыс-туғаннан қарым-қатынасты үзсе, Алла да ол кісіден қарым-қатынасын үзеді. Ол қиямет күні Алланың ашуы мен лағнетіне ие болады. Құран Кәрімде Алла ол туралы былай дейді: - Егер іс басына келетін болсаңдар, (немесе бет бұрсаңдар,) сендерден жер жүзінде бүзақылық істеу, жақындық байланысын үзу ғана үміт етілмей ме? Олар, Алла, лағынет етіп, саңырау және көздерін соқыр қылғандар. (Мұхаммед сүресі 22-23 а). Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады: Қиямет күнге де қалдыра отырып, дүниеде де Алланың жазаға асықтырар ең лайықты күнәсі бұзғыншылық пен туыстық қарым қатынасты үзу. (Хадисті Имам Термизи Абу Бакір А.Р.Б жеткізеді). Демек, осыдан ой түйе отыра, өміріміздің құнын туған туыспен қарым қатынастан іздегеніміз абзал екен.

Мінез-құлықтың көркем болуы да қиямет күні сені қуанышқа бөлейді. Алланың Елшісі С.Ғ.С: - Қиямет күні мизан таразысына ең ауыр түсетін ізгі іс ол - көркем мінез құлық. Ақиқатында Алла құлығы нашар, азғынды жек көреді, - дейді. Тіпті кісі жақсы мінез құлығымен Аллаға ұнағаны сондай, Алла оны күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқығандармен бірдей көреді. (Айшадан Абу Дауд бұл турасында хадис келтіреді). Қияметтің қиын күнінде кім жақсы кісілермен, әсіресе Пайғамбардың қасында тұрып, қолдау тапқысы келмейді. Қияметтің күнінде мінезі жақсы кісілер Пайғамбардың да сүйіктісі болып, мәжілісінде отырады.

Ал көршіге жасаған қайырын да қиямет күнгі дәрежең екен. Алланың Елшісі С.Ғ.С бір кісі сұрайды: - Бәленше деген бір кісі бар, түнде намаз оқыды, Күндіз ораза ұстайды, Қайыр садақа қылады. Бірақ көршісіне тілімен аза береді. Алланың Елшісі С.Ғ.С: Істеген ісінде қайыр жоқ,ол тозақы, - деді.

-Ал бір кісі бар, бес уақыт бекітілген намаздарды оқиды. Рамазан оразасын ұстайды. Ешкімге зияншылық жасамайды. Алланың Елшісі С.Ғ.С: - Ол жаннатқа барады, - деді.

Сондай-ақ адам өмірінің құны Аллаға деген шүкірлікпен артады екен. Аллаға айтар алғысты, ақыл бергені үшін иманмен, өмір бергені үшін намазбен, денсаулық бергені үшін оразамен, дүние бергені үшін зекет, үшір, садақамен, қажылықпен өтейді екенбіз. Мұсылман тиеселі бес парыз қиямет күнінің басты сұрақтарының біріне айналады. Осылайша Аллаға шүкірлікті Алла қалағандай атқарылған құлшылықтар арқылы білдіріп, өміріміздің құнын арттыра аламыз. Ең әуелгі қиямет күні Алланың бұйырғаны сұралады. Егер ол істерде кемшілік болса, қосымша атқарған сауап істері ескеріледі де, сол арқылы бүтінделеді. Қиямет күні тура осы шарттармен пенденің өлшем таразысына әуелгі намазы түседі. Ол сұлу, сымбатты, бүтін болса, қалған ізгі амалдары да шырайлана түседі. Ал кемшілік болса, керісінше әсер етеді. Сол үшін өміріміздің құнын арттыру үшін біз намазымызды қалай көбейте аламыз, қалай шырайлы қыла аламыз?

Ол үшін әлбетте біз намазымызды хушуғпен, яғни Алладан қорқу арқылы оқуымыз керек. Бойға Алладан қорқыныш даруы үшін намазды жеке емес, жамағатпен оқуды әдетке айналдыру керек. Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады: Жеке оқыған намаздан жамағатпен оқыған намаз 27 есе артық-деп. Яғни, жеке оқыған жиырма жеті кісінің намазынан жамағат оқыған бір кісінің намазы артық. Жамағатпен намаз оқуды әдетке айналдырған кісі, жай кісіден сауап тұрғысында жиырма жеті есе артық өмір сүреді деген сөз. Сондай-ақ намаздың ажарын келтіретін іс үйден мешітке дәрет алып бару. Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады: Кімде-кім өз үйінен бекітілген намазды атқару үшін дәрет алып, тазаланып шықса, оның сауабы толық қажылықты сауабына теңеседі.(Абу Дауд).

Намазға ерте келіп, алдыңғы сапқа тұру да намаздың сұлулығы. Алланың Елшісі С.Ғ.С өзі саптың алдында тұрғандар үшін үш мәрте, ал кейінгілерге бір мәрте Алладан кешірім сұрайтын да айтатын: - Шындығында Алла және періштелер алдыңғы сапта тұрғандар үшін дұға етеді,- деп.(Имам Насай,Имам Ахмад жеткізеді).

Намазды санын артырып, молайтатын іс таң намазы мен құтпан намазын мешітте жамағатпен оқу. Ғажаптылығы сол, кімде кім таң намазын жамағатпен оқыса күндіз бойы, ал құтпанды оған қосса, күні-түні бойы үздіксіз намаз оқығанның сауабына ұқсап кетеді. (Имам Бухари бұл тұрғысында хадис келтіреді). Кейде бекітілген намаздардан басқа адамдардан көзінен таса жерде, яғни үйде оқылған нәфіл намаздарымыздың сауабы әдеттегіден жиырма бес есеге артып кетеді. (Жамиғул Сахих). Ал күндіз оқылатын аз ғана уақыт алар Духа намазы, 360 буынымыздың амандығымен, шүкірлігіне тең келеді. Ал мешітке келген кісі білім беру немесе білім алу мақсатында келсе-ші. Ол бейне бір толық бір қажылықты өтегендей сауап табады. (Имам Табарони бұл тұрғысында хадис келтіреді). Ал жұма намазының құнын бағамдай беріңіз. Жұмаға ниет қылып, жуынып-шайынып, ерте тұрып, жаяу шыққан, имамға жақын отырып, сөйлемеген, тыңдаған кісінің мешітке басқан әрбір қадамы бір кісінің өміріне тең келер қазынаға толы. Алла оның әрбір қадамына бір жылдық намазбен бір жылдық оразаның сауабының үйіп, төгіп бере салады. Ал қарапайым азанды айтудың сауабы қандай. Азанды естіп, намазын оқыған адам, жын періште т.б жаратылыстың қай түрі болсын, азаншы барлығының сауабына теңдес сауап табады. Ал азанды тыңдаудың өзі соңынан дұға қабыл болуға себеп.

Қиямет күнінің құнды бір байлығы, оразаны қалай арттырып көбейте аламыз. Бір айлық Рамазан оразасының сауабы бөлек әңгіме. Қаншалықты Рамазан оразасының сауабы шексіз болса да, қиямет күні күнәміздің қасында аздық етеді. Сол үшін де кемшілігімізді жабатын оразаны кім көп ұстағысы келмейді. Кімде-кім Рамазан оразасынан соң, келер ай шаууалдан алты күн ораза ұстаса, еш қиналмастан бір жыл тоқтамай ораза ұстағанның сауабын алады. Немесе әр айдың ортасында үш күннен ораза ұстаса, бір ай тоқтамай ораза ұстағанның сауабына татиды. Арафа күнгі ораза екі жылғы, ал ашура күнгі ораза бір жылғы күнәнің каффараты болады. Ораза ұстағанға қиналған кісі, ауыз аштырса, бейне бір ораза ұстамаса да ұстағандай сауап табады. Өмірде бос өткізген кездеріміз қаншама. Бүкіл өмірінің өтемі болған Рамазанның түндері Қадір түнінің қадірі біз өмір сүрген мың айдан да бағалы. Мың ай өмір сүрерінен беймәлім, өмір сүре қалғанның өзінде дәл соған теңдес жақсылық таба аласың ба? Өмірінің қадірін түсінсін деп, Алланың құлдарына дарытқан шексіз жомарттығына таңданбасқа шара жоқ.

Айта берсек, адамның өмірі осы сияқты көптеген қазыналарға толы екен. Бірақ оның бағамына жетіп, ұғынып, жүрген біз бармыз ба? Жаз бойы шырылдаған шегіртке тәрізді, қыстың қамын ұмытып, бүгініміз үшін өмір сүріп жүрміз ғой. Шал ақынның: - Жігіттер жас күнінде ғибадат қыл, Бұл өмір басымыздан өткелі тұр,-деген сөзін,тоңынан теріс айналдырып киіп, Жігіттер жас күнінде ойна да күл, деп асыр салып жүрміз ғой. Ертеңгі қияметтің күнінде өкініштен шайнар бармағымыз қалмай, опық жеп қалмайық ағайын. Ең құнды дүние өміріміздің бағамына жете білейік.

Жуалы ауданының бас имамы

Кенжемолдаев А.Р

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: