Қараша айының 04-ші күні – Мухаррам айының 01-ші күні (хижри1435 ж.)

Қараша айының 04-ші күні – Мухаррам айының 01-ші күні (хижри1435 ж.)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аллаһ тағала айтты: «Расында Аллаһтың қасында көктер мен жерді жаратқалы Аллаһтың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі  (Зул-Қағда, Зул-Хижжа, Мухаррам, Ражәб) тыйым салынған айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық жасамаңдар» («Тауба» сүресі 36 аят.). 

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Уақыт Аллаһ көктер мен жерді жаратқан күндегі түрге қайтып келді. Жыл он екі айдан тұрады. Олардың төртеуі (Зул-Қағда, Зул-Хижжа, Мухаррам, Ражәб) тыйым салынған болып табылады» (әл-Бухари 3197). Сонымен қатар, бұл ай «тыйым салынған», «киелі» деген ұғымдарды да қамтиды. Сөздік кітаптарда «мухаррам» сөзі, «құрметтелген», «ұлықталған» деген мағыналарды білдіреді.

Хасан әл-Басри айтатын: «Расында, Аллаһ жылды Мухаррам айымен бастап, және осы аймен жылды аяқтайды. Және осы жылда, Аллаһтың алдында қасиеттілігі себепті Рамазаннан кейін Мухаррамнан басқа ай жоқ» (“Ләтаиф әл-ма’ариф” 79)

Мухаррам айында ораза ұстаудың артықшылығы туралы Абдуллаһ ибн Амрдан келген хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Рамазан айының оразасынан кейінгі ең жақсы ораза, ол Аллаһтың айы әл-Мухаррамда ұстаған ораза» (Муслим 1163)

Ашура күнгі оразаның артықшылықтары

Ашура күні – ол Аллаһ Мұса пайғамбарды (аләйхи-ссаләм) құтқарып, Ферғаунды және оның әскерін суға батырып өлтірге күн. Ибн Аббас айтатын: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мединаға келгенде, яхудилердің Ашура күні ораза тұтатындығын көріп, олардан«Бұл не (үшін)?»- деп сұрады. Сонда олар: «Бұл Аллаһ Исраиль ұрпақтарын жауынан құтқарған қасиетті күн, сол себепті Мұса осы күні ораза тұтатын болды»,- деп жауап берді. Бұған пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Менің Мұсаға хақым сендерге қарағанда көп!», осыдан кейін осы күні өзі ораза тұта бастады, әрі басқаларға да айтты» (әл-Бухари, 2004)

Шейх Шамсуль-Хаққ Азым Абади Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Менің Мұсаға хақым сендерге қарағанда көп!» деген сөздері жайлы айтты: «Яғни, мен Мұсаға еруге сендерге қарағанда жақынмын. Өйткені, біздің онымен негізіміз бірдей, әрі оның Кітабін мойындаймыз, ал сендер өзгертумен, бұрмалаумен қарсы келесіндер» («‘Аунуль-Ма’буд» 7/109).

Бұл күнгі оразаны тіпті жәхилиет заманында арабтар да ұстайтын болған. Айша айтатын:«Жәхилиет заманында құрайыштар Ашура күні ораза ұстайтын, және Аллаһ елшісі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстайтын. Ол Мединаға келгенде, осы күнгі оразасын жалғастырып, басқаларға да ұстауды айтты. Ал Рамазан айының оразасы парыз қылынғанда, ол Ашура күнгі оразасын тоқтатты. Осы уақыттан бері осы оразаны қалаған адам ұстап, қаламаған ұстамайтын болды». (әл-Бухари 2003, Муслим 1130)

Имам әш-Шафии «ол Ашура күнгі оразасын тоқтатты» деген сөздерді түсіндіріп айтты: «Яғни, осы күнгі оразаны ұстау міндет деп санауды тоқтатты». ( “Ихтиляф аль-хадис” 103)

Ибн Омар айтты: «Жәхилиет заманындағы адамдар Ашура күні ораза ұстайтын, және Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және мұсылмандар Аллаһ Рамазан айының оразасын жүктегенге дейін ораза ұстады. Рамазандағы ораза парыз қылынғаннан кейін, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Расында, Ашура – Аллаһтың күндерінен болған бір күн. Кімде-кім қаласа, ораза ұстасын, ал қаламаса, ұстамасын»». (Муслим 1126)

Әбу Қатада жеткізген хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты:«Ашура күніндегі ораза өткен жылғы күнәларды өтейді деп Аллаһқа үміт етемін!» (Муслим 1162)

Имам әт-Тыйби айтты: «“Үміт етемін” деген сөздер “Аллаһқа” деген сөзбен байланған, бұл нәрсе уәденің орындалуы міндетті түрде болатындығын көрсетеді» (“әл-Кашиф ан хақаиқ әс-Сунан” 5/1608).

Әл-Асуад ибн Зайд айтты: «Мен Али ибн Әбу Талиб пен Әбу Муса сияқты Ашура күніндегі оразаны ұстауға шақырған адамдарды көрмедім!» (Ибн Әбу Шайба 3/56, әт-Таялиси 1212. Хафиз Ибн Хаджар хабардың иснад сахих деді).

Ашура әл-Мухаррам айының қай күні екені жайлы Имам Ахмад айтты: «Мен Ашура тоғызыншы немесе оныншы күн екенін білмеймін, бірақ біз екі күн ораза ұстаймыз» (“Лятаиф аль-ма’ариф” 112).

Әл-Хакама ибн А’ражә айтты: «Бір күні мен ибн Аббасқа келіп: «Маған Ашура жайлы хабар бер»,- деп сұрадым. Ол айтты: «Егер сен Мухаррам айынның туылғанын көрсең, күн санап, тоғызыншы күні ораза ұста». (Сонда) мен: «Осылай Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстады ма?»- деп сұрағанымда, ол «Ия»,- деп жауап берді». (Муслим 1133)

Дегенмен, имам әл-Байхақи осы хабарды келесі түрде түсіндірді: «Бәлкім, ибн Аббас Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оныншы күнмен бірге ұстаған тоғызыншы күнін меңзеген болар» (“Сунан әл-Кубра” 4/287).

Және осы түсіндірме дұрыс болып саналады, өйткені сол ибн Аббастың өзінен «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оныншы күні Ашура күнінде ораза ұстауды айтты»,- деген сөздер келеді. (әт-Тирмизи 755. Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деді)

Сол себепті, дұрысы Ашура ол Мухаррам айының оныншы күніне келеді. (“Шарх Сахих Муслим” 8/12, “Фатхуль-Бари” 4/671)

Ашура күніндегі оразамен бірге алдында және кейін келетін күндері ораза ұстау туралы Ибн Аббас айтты: «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күні ораза ұстайтын, және осыны сахабаларына да бұйыратын, олар айтты: «Иә Аллаһ елшісі, бұл күнді еврейлер мен христиандар құрмет тұтады». Сондай Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Аллаһ қаласа, ендігі жылы біз тоғызыншы күнде де ораза ұстаймыз». Бірақ келесі жыл келер алдын Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болды». (Муслим 1/151)

Ибн Аббас айтты: «Тоғызыншы және оныншы Ашура күні ораза тұтып яхудейлерден өзгешеленіңдер!» (‘Абдур-Раззакъ 7839, әл-Байхақи 4/287. Хафиз Ибн Ражәб, шейх әл-Альбани и шейх ‘Абдуль-Қадир әл-Арнаут хабарды сахих деді).

Ата айтатын: «Ибн Аббас, Аллаһ оған разы болсын, (Ашураға дейін) бір күн бұрын, және кейін бір күн ораза ұстайтын» (әт-Табари “Тахзиб аль-асар” 1430.  “Ма сах мин әсәр әс-сахаба” 2/675).

Осыған сүйеніп, бір топ ғалымдар Кітап иелеріне ұқсамау үшін Ашура күнінің оразасын бір күн бұрынғы немесе кейінгі күнмен бірге ұстауды дұрыс санайды.

Ал басқа ғалымдардың пікірі бойынша, бір күн бұрын және кейін ұстаудың себебін, Мухаррам айының басталуын дұрыс санамай қалу қауіпі бар себепті, осы Ашура күнін жіберіп алмауды меңзейді. Олардың айтуы бойынша, жоғарыда келтірілген «Аллаһ қаласа, ендігі жылы біз тоғызыншы күнде де ораза ұстаймыз» деген хадисті, басқа хадис түсіндіреді, ол «Аллаһ қаласа, егер келесі жылға дейін өмір сүріп жатсам, Ашура күнін жіберіп алу қаупі бар себепті, тоғызыншы күні де ораза ұстаймын» деген хадис. (әт-Табарани “аль-Кабир” 10817. Хадис сахих. Қараңыз. “әс-Сильсилә әс-сахиха” 350).

Кейбір ғалымбар айтуы бойынша, Мухаррамның оныншы күні, яғни Ашура күні ғана ораза ұстау қайтарылмаған, макрух емес. Ибн Таймия айтты: «Ашура күніндегі ораза бір жылдық күнәларды өтейді, және тек осы күнде ғана ораза тұту қайтарылмайды» (“аль-Фатауа аль-кубра” 4/461).

Шу’ба айтты: «Ибн Аббас Ашура күнінде оразаны жолда да ұстайтын, сондай-ақ жіберіп алудан қауіптеніп бір күн бұрын және кейін ораза ұстайтын». (әт-Табари “Тахзиб әл-әсәр” 597)

Имам Ахмад айтты: «Кімде-кім Ашура күнінде ораза ұстауды қаласа, тоғызыншы және оныншы күндерін де ұстасын. Егер ол ай күндерін санауда күмәнданса, үш күн ораза ұстасын, осылай ибн Сирин айтты» (“әл-Муғни” 4/441)

Ашура күннің мейрам емес екендігі жайлы Әбу Муса әл-Аш’ари (Аллаһ оған разы болсын) айтты: «Ашура күні яхудилерде мейрам (‘Ид) болып саналды, сол себепті Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер осы күні ораза ұстаңдар» - деп айтты» (әл-Бухари 2005, Муслим 1131).

Хафиз ибн Ражәб айтты: «Бұл хадистен Ашура күнін мейрам қылып алуға харам екенін біле аламыз. Осы күні ораза ұстау, бұл күннің мейрам емес екенін көрсетеді» (“Ләтаиф әл-ма‘ариф” 112)

 

Дайындаған:

«Һибатулла Тарази» медресесінің

тыңдаушысы Құдиярбеков Мұхтар

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: