Тұтас қоғамның індеті болып отырған жайдің бірі жастардың ажырасуы болып отыр. Жас шаңырақтың шайқалуына не түрткі болатынын дәл басып айту да қиын. Дей тұрғанмен кейде ағат ойдың жетегіне арбалып, жас жұбайлардың бірін-бірі құрметтей ала алмауының сыры түрлі себептерге толы. Дерек көздеріндегі мәліметтерге сүйенер болсақ. 2013 жылдың сегіз айында 34 мыңнан астам ажырасу тіркелген. Міне бұл қандай аянышты жағдай! Тәуелсіздіктің ашық аспаны астында өмір сүріп жатқан жас шаңырақтардың шайқалуы қабырғаны қайыстырады.
Алла тағала қасиетті Құранда, «Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте, оны жақсы тіршілікте жаратамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз» (Нахыл-97)-деп ескертеді. Сол үшін екі жастың көздеген мақсаты бір жерден шығып, Жаратушының бұйырығынына қарсы келмей, адамдық қасиетті сақтап, мұсылман баласына жат қылықтан аулақ болғаны абзал.
Хакім Абай: «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»,- деп айтады. Кешегі өткен бабаларымыздың тарихында мұндай келеңсіз жағдай болған ба? Өркениетті заман дегеніміз осы шығар, бірақ біз нені қабылдауымыз, неден бас тартуымыз керектігін жақсы ойланатын уақыт жетті. Кейде жас келіндер ұзатылып барған жеріне барып, аз уақыт тұрақтап тұрып жұбайынан Алланың қалауымен перзент сүйіп бақытты отбасыға айналып жатқанда, аяқ астынан шу шығарып босана сала, ажырасып кетуге асығатыны да өтірік емес. Ұнатып өз қалауымен қосылған қосағынан ат-тонын ала қашар не күн туды дерсіз. Өзгедей шалқып өмір сүрмедім, омалып үйде отырдым, ел секілді той-томалақ думанға қатынаса алмадым дегеннен басқа уәжі жоқ.
Отбасы аса жауапкершілікті қажет ететін құрылым, отбасының тәрбиелік қызметі ана және әке болуда. Балалармен қарым-қатынаста, оларды тәрбиелеуде, балалардың өз бетімен өсуі кезіндегі жеке қажеттіліктің қанағаттанарлығынан тұрады.
Отбасы қоғаммен байланысы бойынша өсіп келе жатқан ұрпақтардың әлеуметтенуін, қоғамның жаңа мүшелерін дайындауды қамтамасыз етеді. Осы арада әлеуметтену жолда қалып, алимент төлемін алу деген ой сананы жаулаған сыңайлы. Қаракөздеріміздің арасында «Баланы алсам болды» жан бағып кетермін. Ақша болса бәрі шешіледі деген түсінік қалыптасқан. Ал ойланып көріңіз.
Алимент атауына тоқталып көрсек (лат. alimentum сөзінен — «тағам, асырап-бағу» дегенді білдіреді) — заңда белгіленген жағдайларда бір отбасы мүшелерінің оның өзге мүшелерінің пайдасына төлеуге міндетті белгілі бір ақшалай қаражат. Алименттік міндеттемелер негізгі отбасылық қатынастар болып табылады, ал олардың мақсаты — отбасының еңбекке қабілетсіз және көмек қажет ететін мүшелерін асырау. Бұл да бір жаһанданудың әкелген жат қылығы.
Сонда қарсы жағыңды рухани күйзеліске салып қойғанымен тынбай, тапқан маңдай тер нәпақасын тартып алуда адамдыққа жата ма? Алимент балаға әке бола ала ма? Уақыттың қиыншылығы шешілер, алайда жас балғын сәбиге, әкесіндей мейірім, отағасындай қорған болатын кім бар. Есейгенде бала анасынан осы менің әкем қайда?,- деп сұраса, не деп жауап бермек. Баланың өсуін бейне бір гүлге теңер болсақ, зерттеушілердің пікірінше, үй-ішінде ұрыс-керіс, жанжал, келеңсіз жағдайлар жиі болса, гүлдер солып, сарғайып, ауруға шалдығуы мүмкін екенін айтып отыр.
Ал балаға ата-ананың мейірімінен қымбат нәрсе жоқ. Отбасын құрған ер мен әйел бір-бірінің қадіріне жетіп, жақсылық жағын көруге тырыспайтын болса, ол үйде жылылық болмас. Құранда: «Алланың біріңе-біріңді артық еткен нәрсесін көксемеңдер. Еркектердің еңбектерінің үлесі өзіне және әйелдердің еңбектерінің тиесісі өзіне тән. Алладан оның кеңшілігін сұраңдар.
Шәксіз Алла әр нәрсені толық білуші (Ниса сүресі 32 аят). Дүниеге құл болғанша, бір Аллаға сиынып, отбасын сақтап, Отанның дамуына үлес қосудан артық бақыт жоқ. Әрбір адам баласы өзінің танымын айқындап, көзқарасын туралыққа бұрмайынша, бақыт та мойын бұрмайды. Егемен еліміздің ертеңі болатын саналы инаббатты ұрпақтар көбейіп, жас шаңырақтардан береке кетпесін Лайым.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы
бойынша өкілі, «Һибатулла Тарази»
мешітінің бас имамы: Данияр Жұмабаев