Өмір деген өткінші дүние, кеше өмірге келген кісі бүгін, бүгін өмірге келген кісі ертең, әйтеуір күні біткен бұл жалған дүниемен түптің түбі қоштасып жатады... Бірақ бұл өмір жай ғана кісі келіп кететін есепсіз дүние емес.
Әрбір пенде үшін сынақ дүниесі. Ол жай ғана өмір сүрмейді. Оған өмір сыйлаған Раббысының алдында әрбір саналы өмірі үшін есеп береді. Біреу бұл өмірі арқылы шын өмірінде табысқа жетеді. Біреу керісінше, өз өмірінің шын бағамын білмегендіктен түбі опық жейді. Біреу мол табысқы кенеліп ұтады. Біреу қолда бар мүмкіншілігінің бәрінен айырылып оңбай ұтылады. Адам өмірінің ақыры түптің түбінде осы екеуінің біреуімен ғана аяқталады.
Құранда өлімнен кейін өмірдің ақыры туралы баяндалады. Біреу Құранға сәйкес өмір сүріп, кемел бақытқа жетеді. Біреу керісінше тіршілік кешіп, орны толмас өкінішке, қасіретке шалдығады. Кемел бақытқа жеткендерді Құран Муминун сүресі арқылы ерекше сипаттармен ерекшелейді. Соның бірі бос сөзден қашып, тіліне еге болғандар.
Ия, сол тілде тұрған не бар деуіміз мүмкін. Тілде сүйек жоқ деп, сөйлеу үшін берілген тілді оңды-солды жұмсай бергенде не қасірет бар деп ақталуымыз мүмкін. Алайда, тек қана ақиқатты сөйлейтін Құран мен сүннет ұғымында тіл сақтау ол әжептеуір маңызы бар дүниеден екен. Сол үшін Алла иман келтірудің айрықшалап тұратын қасиеті ретінде тілге еге болуды білдіреді.
Шынында иман келтіргендер құтылды. Олар, сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады. Олар, бос нәрселерден аулақ болады... ( Муминун сүресі 1- 3).
Құранда келтірілген «лаға» деген сөз, Абу Қатаданың түсіндіруі бойынша, бүкіл ешбір қажеттілігі, пайдасы болмаған сөзді не амалдарды білдіреді. Оған Құрандағы Фурқан сүресінің мына аяты дәлелге қояды.
Олар өтірікке айғақ болмайды да бос (пайдасыз) сөздерге кездессе, маңғазданып өтеді. (Фурқан сүресі 72).
Ибн Хажар Асқалани; бұл сөзді ешбір шариғатта дұрыс көрмеген, сондай-ақ сөйлеушіге ешбір пайдасы болмаған бос сөз деп түсіндіреді (Фатхул бари 308\11).
Сөз сөйлеу адамға берілген ерекше нығмет. Ол арқылы адам баласы жаннаттың төріне шығады. Немесе еш байқамастан тозақтың шұңқырына құлауы да мүмкін. Өйткені адам баласы көбінесе ойланбай сөйлей береді. Ал әрбір сөз ауыздан шыққан соң ескерусіз қалмайды. Біз оны есепке алмақ түгілі байқамауымыз да мүмкін. Ал Алланың сақшы періштелері қалдырмай жазып, түгендеп отырады.
Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсісінің не сыбырлаганын білеміз. Өйткені Біз, оған күре тамырынан да жақынбыз. Оның, оңынан да солынан да екі байқаушы отырады. Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын. (Қаф сүресі 16 -18).
Тафсірші ғалымдар бұл жерде екі түрлі пікір білдіреді. Ибн Аббас; Періштелер сөздің бәрін емес, оған алар сыймен жазаны жазады деп түсіндірсе, ал Хасан, Қатада сияқты ғалымдар сөздің әріпіне дейін қалдырмай жазады деп айтады. Басым пікір соңғысы (Ибн Касир тафсірі).
Сөз тіпті екі әріптен құралса да, ол періштелерді жадынан шығып не есебінен жаңылып, ұмытылуы мүмкін емес. Адам күніне қанша сөз сөйлеуі мүмкін. Ол сөз оның көркін келтіреді. Не қадірін қашырады. Адам күнәсінің басым бөлігі, яғни оннан тоғызы көбінесе тілден келеді.
Ол туралы халқымыз «Мал аяғынан, адам тілінен жазады» дейді. Ия, расында адам тілінен келетін күнәлардың тізбектеп тауыса да алмайсың. Маңғазданып масаттанған, күншілдіктен күбініп, ісінген әрбір кісі өтірік сөйлейді, не қосып айтады. Әңгімесін әсерелеу үшін өтірікті шындай шынды құдай ұрғандай қылады. Ал өтірікпен иман ешуақытта бір жерде тұрмайды. Кісі сыртынан сөйлейді. Ғайбаттайды, көзі көрмеген істі көргендей соғады. Біреуді біреуге шағыстырады, өсек әңгіме өрбітеді. Не жағымпазданып әсіре мақтайды. Немесе жала жабады. Не әзіл ғой деп біреуді келемеждейді, көпті күлдіру үшін сайқымазақ етеді .т.б осы сияқты күнәлі сөздердің бір күнде қаншауын сөйлеп тастайды. Ең қауіптісі ол мұны тіпті байқамай да қалады. Ол оны жай қалжың не бос сөз деп ойлайды. Алланың қасында ол тозаққа пендені есеп сұрақсыз топырлатар өте ауыр қылмыс болып есептеледі.
Алланың Елшісі С.Ғ.С ол туралы былай дейді: «Пенде бір сөзді ойланбай айтуынан тозақ отына түсуі мүмкін. Әрі түскен орны тозақтың шетінен шығыс пен батыстың аралығындай қашықтықта болуы мүмкін» (Хадисті Әбу Хурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті).
«Пенде байқамастан Аллаһ Тағаланың разылығына лайық сөз айтуы мүмкін. Аллаһ Тағала сол сөздің себебінен оның дәрежесін есесімен көтереді. Сонымен қатар, пенде байқамастан Аллаһ Тағаланың қаһарына лайық сөз айтуы мүмкін. Аллаһ Тағала сол бір ғана сөздің себебінен оны тозақ отына душар етеді» (Хадисті Әбу Хурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят етті).
«Бір адам Аллаһ Тағаланың разылығына лайық сөзді айтып тұрып, ол сөз сауаптылығы жағынан қаншалықты құнды екенін білмеуі мүмкін. Аллаһ Тағала сол сөздің себебінен оған Өз разылығын жазып, жазған разылығы онымен кездесетін күнге дейін жалғасады. Сондай-ақ, бір адам Аллаһ Тағаланың қаһарына лайық сөзді айтып тұрып, ол қаншалықты жаман сөз екенін білмеуі мүмкін. Аллаһ Тағала сол сөздің себебінен оған Өз қаһарын жазып, жазған қаһары онымен кездесетін күнге дейін жалғасады» (Хадисті Биләл ибн Әл-Харистен (р.л.ғ.) Имам Тирмизи риуаят етті).
Осы хадистерді түсіндіре келе Имам Науауи былай дейді: «Әрбір кісі сөз сөйлеместен бұрын ойланғаны, ақыл таразысына салғаны дұрыс. Әрбір сөздің ақыры пайда ма зиян ба анығын аңғарып алуы керек. Ал одан пайда болмаса, тілін тартсын. Кісі кейбір сөзді сөйлеуі мүмкін. Мысалға патша не әмірші туралы жағымсыз сөздер, өзге жала жабу, мұсылмандарға зиянын тигізетін т.б сөздер оның соңы Алланың ашуын алып келеді. Ол оны аңғармай да қалады. (Шарх муслим 317\18).
Ия, Алланың Елшісі С.Ғ.С бұл сөздері Алладан үміті бар әрбір жанға ой тастайды. Адам тілі өте қауіпті, ойнап отырып та от басып қалуымыз да мүмкін екен. Ардақты Алланың Елшісі С.Ғ.С әйгілі сахабасы Мұғаз ибн Жабал бірде:
- Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Маған мені тозақтан алыстатып, жәннатқа кіргізетін амалды айтыңызшы?, -дегенінде.
Ол (с.ғ.с.): «Сен өте маңызды іс жайында сұрадың. Алайда, Аллаһ Тағала жеңіл еткен пенде үшін ол іс жеңіл. Жалғыз Аллаһ Тағалаға құлшылық етіп, Оған серік қоспа. Намаз оқып, зекетіңді бер. Ораза ұстап, қажылығыңды орында»,-деп айтып, артынша: «Мен саған жақсылықтың қақпасы не екенін айтайын ба? Ораза - ол тозақ отынан қалқан. Садақа - Су отты сөндірсе, садақа да күнәларды кетіреді. Әрі, түн ортасында оқылған нәфіл намаз» - деді. Кейін үш қайтара: «Олардың жамбастары төсектен ажырап (яғни, олар түнде ұйқыларынан тұрып) Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ, оларға берген несібемізді тиісті орынға жұмсайды. Амалдары есесіне оларға қандай сыйлық бар екенін ешбір жан білмейд»,-деп оқыды. (Сәжде сүресі, 16-17 аят). Осыдан соң: «Діннің басты нәрсесі, тірегі мен шыңы не екенін айтайын ба?»,-деп сұрағанда мен: «Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Иә, айтыңыз»,-дедім.
- Діннің басты нәрсесі-Ислам (яғни, Аллаһ Тағалаға мойынсұну), тірегі-намаз, шыңы-жиһад (дін жолында күресу). Осының барлығы не нәрсеге негізделетінін айтайын ба?
- Иә, айтыңыз.
Расулуллаһ (с.ғ.с.) қолын тіліне тигізіп: «Мынаған ие бол»,-деді. Мен: «Я, Нәби (с.ғ.с.)! Біз айтқан сөзіміз үшін сұраққа тартыламыз ба?»,-деп сұрағанымда.
Ол (с.ғ.с.) таңдана: «Бұл не дегенің? Адамдардың тозаққа етпетінен тасталуына себеп болатын өсек-аяңнан басқа не нәрсе бар?»,-деп жауап берді.(Хадисті Муъаздан (р.л.ғ.) Имам Тирмизи риуаят етті).
Осы хадистен соң ұғынарымыз, біздің дініміздің тұғыры мен тура тұруы ол тілімізге байланысты екен. Бір қараусыз қалған тілдің кесірінен қалған барлық дене мүшелерімізді әуреге салып, істеген барша қайыр амалымызды дем сәтте-ақ жоғалтып алуымыз мүмкін екен. Тырнақтап жиған сауапты шелектеп төккеніміз сияқты. Алладан әрі ахиреттен үміті бар кісі сол үшін тіл сақтауға қатты көңіл бөлуі керек. Әрбір сөзін сөйлеместен бұрын, ақыл таразысына салып, бұл сөзден маған зиян жоқ па, ал зиян жоқ болса, қандай пайдасы бар, ал пайдасы жоқ болса, мен оны не үшін сөйлеуім керек? Міне осындай сан-қилы сұрақтар арқылы өз-өзімізге есеп беруге тиісті екенбіз.
Алланың Елшісі С.Ғ.С бізге бұл тақырыпта айтқан насихаттары өте көп.
«Кім Аллаһ Тағалаға және Қиямет күніне иман келтірген болса-қонағын құрметтесін. Кім Аллаһ Тағалаға және Қиямет күніне иман келтірген болса-көршісіне зиянын тигізбесін. Кім Аллаһ Тағалаға және Қиямет күніне иман келтірген болса-жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» (Хадисті Әбу Хурайрадан (р.л.ғ.) Имам Әбу Дауд риуаят етті).
Аллаһ Тағаланы еске алу болмаса, басқа көп сөзділіктен сақтаныңдар. Себебі, Аллаһ Тағаланы еске алудан тыс көп сөзділік-жүректің тасбауырлануы. Ал, Аллаһ Тағаланың ең жақсы көрмейтін адамы-тасбауыр адам. (Хадисті Ибн Омардан (р.л.ғ.) Имам Тирмизи риуаят етті).
Ъуқба ибн Ъамир айтады. Мен Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Тозақтан не пана бола алады?»,-деп сұрағанымда.
Ол (с.ғ.с.): «Тіліңе ие бол, үйіңді кең деп есепте (яғни, барына қанағат ет) және істеген күнәң үшін көз жасыңды төк»,-деп жауап берді (Хадисті Ъуқба ибн Ъамирден (р.л.ғ.) Имам Ахмад риуаят етті).
Суфйан ибн Абдуллаһ айтады. Мен Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Маған әрдайым орындап жүретін бір амалды айтсаңыз?»,-деп өтінгенімде.
Ол (с.ғ.с.): «Раббым-Аллаһ деп, дінде турашыл бол»,-деді. Кейін мен: «Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Сіздің ойыңызша мен үшін не нәрсе қорқынышты?»,-деп сұрағанымда, Расулуллаһ (с.ғ.с.) қолымен тілін ұстап: «Мынау»,-деп жауап берді. (Хадисті Суфйан ибн Абдуллаһтан (р.л.ғ.) Имам Тирмизи риуаят етті).
Әрбір күні Адам баласы оянғанда дененің барлық мүшесі тілден аза бойы қаза болып (яғни, сақтана): «Бізге зиян келтіруден Аллаһ Тағаладан қорық! Себебі, біз саған тәуелдіміз. Сен тура болсаң, біз де турамыз. Сен тура болмасаң, біз де тура болмаймыз»,-деп шағымданады екен. (Хадисті Әбу Саъид Әл-Худриден (р.л.ғ.) Имам Тирмизи риуаят етті).
Міне сондықтан да ілгергі өткен пайғамбарлар, әулие-әнбиялар, Пайғамбар тәрбиесін алған сахабалар, ізгі кісілер тілдерін сақтаған. Сөз сөйлегенде байыппен ақылмен сөйлеген. Иса Ғ.С айтады: «Өз күнәсі үшін жылаған, тілін сақтап, өз үйін кеңге санаған кісі қандай бақытты». (Хадисті Салим ибн Жагдтан Имам Ахмад жеткізеді). Абу Мугауия айтады: «Ұзақ уақытқа қапасқа қамауға лайықты нәрсе ол адамның тілі» ( Хадисті Ьұқба ибн Тәимиден Имам Ахмад жеткізеді).
Абдулла ибн Масғуд Сафа қыратында талбия айтып жүріп, сөз арасына мына бәйітті оқиды. -Ей тілім, жақсы сөз сөйле олжа табасың не үндеме аман қаласың, әйтпесе түбі өкініп қайғырасың. Мұны естіген сол жердегі кісілер: - Ей, Ибн Масғуд бұл сенің өзіннің айтқанын ба, әлде естігенін бе? -деп сұрайды.Ол: -Жоқ бұл менім естігенім, Алланың Елшісі С.Ғ.С өз сөзінде: «Адам баласының қателігінің көпшілігі тілінен болады»,-дейтін. (Абдулла ибн Масғудтан һайсами жеткізеді 300\10). Хасан айтады: «Тілін сақтамаған өз дініне ақыл қоймаған кісі» (Ибн Мубарак Зуһд кітабы 111\3). Уаһиб ибн Уарид айтады: «Даналық он бөліктен тұрады, тоғыз бөлігі үндемеуде, бір бөлігі адамдардан бөлектенуде» (Абу Нагим Хилиатул аулия 142\8). Абдулла ибн Мубарак адамдардан бөлектенуді бөлектену, безіну деп түсіндірмейді. Керісінше ол адамдармен бірге өмір сүреді. Егер адамдар Алланың еске алуға ұмтылып отырса, олармен бірге Алланы еске алумен жарысады. Ал егер одан басқа мәселе болса, ол үндемей қалады (Ибн Аби Дуния «Үнсіздік» кітабы 37 б).
Иса Ғ.С-нан жұртшылық: «Бізді жаннатқа алып баратын амал қандай?» -деп сұрайды. Ол: «Сөйлеуді доғарыңдар, ешқашан сөйлемейтін болыңдар» - дейді. Олар: «Біздің бұған шамамыз келмейді» - дейді. Ол: «Олай болса, сөйлейтін болсаңдар, тек қана жақсы сөз сөйлеңдер»,- деп айтқан екен (Ихия улумуддин 110\3). Сулеймен Ғ.С-нан қалған сөз бар екен: «Сөз күміс болса, үндемеу алтын»,-деген (Ибн Ьаскар Тарих кітабы 38 б). Мухаммад ибн Уаһһаб Куфи айтады: «Үнсіздік адам баласына екі жақсы қасиетті дарытады, Дінінде амандық, сұхбатында түсінік» (Ибн Абу Дуния Үнсіздік кітабы 55 б).
Жалпылама мұсылманның тілі ешкімге зиян бермеуі тиіс. Пайғамбарымыз С.Ғ.С мұсылманды бейне бір құрма ағашына теңеген. Алланың Елшісі С.Ғ.С: «Мұсылман құрма ағашы сияқты, одан не нәрсе алынса да пайдаға жарайды» (Ибн Умардан Бухари,Муслим жеткізеді.) Яғни, мұсылманнан тек қана жақсы нәрселер ғана шығуы керек. Олардан өзгелерге не тілінен не қолынан зиян келмеуі керек. Мұсылман жағымсыз, кісінің көңіліне зәредей болса да қаяу түсірер бейәдеп сөздерден, әсіресе кісі сыртынан сөйленетін өсек-аяннан үзілді күйде тиылуы тиіс. Егер өзімізді өзіміз тәрбиелей алмасақ, бізді ешкімде Алланың ашуынан құтқарып қала алмайды. Қиямет күні көп мүмкіншілікпен бедел дәреже берілген Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С-ның өзі араға түсе алмайды. Ал керісінше, тілін сақтап, сөйлесе тек пайдалы жақсы сөздер сөйлеп жүрген кісіге, оның басқа күнәларына қарамастан қиямет күні оның жаннатқа кіруіне кепіл боламын-,дейді.
Тілді сақтаудың қаншалықты маңызды екендігін міне осыдан -ақ ұғына берейік.
Өткенімізге үңілсек атамыз қазақ, сөз қадірін білген халық. Не айтса да бейәдеп, бос сөйлемей, бірауыз аталы сөзге де жүйесі келсе тоқтаған. Сөз қадірін ұғындырар даналық сөздері қаншама. Алда келтірілген Құран мен сүннет түсінігіне үйлескен, халық ауызындағы мына даналықтардың өзі сөзімізді қуаттайды.Мысалға, тіл сөздің қадірі туралы: Көп сөз - көмір, Аз сөз - алтын. Тіл - буынсыз, ой - түпсіз. Ауызда жиек жоқ, Тілде тиек жоқ. Әдеп басы - тіл. т.б. Ал оны сақтау турасында: Байлауы жоқ шешеннен, Үндемеген есті артық. Бәйгі алмаған жүйріктен ,Белі жуан бесті артық. Адам көңілден азады, тілден жазады. Адамға келген он пәленің тоғызы - тілден. Айтпас жерде тілің тарт. Көнектей басыңа шүмектей тілің жау.
Басқа пәле - тілден. Үндемеген үйдей бәледен құтылады. Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі.т.б.
Әсіресе Бөлтірік шешеннің баласы айтқан мына насихаты, қозғаған тақырыбымызды басынан аяқ дөп басып тұр.
Жатқа сөйлеме,жаманға сөйлеме
Асырып сөйлеме,батырып сөйлеме
Жасқа сөйлеме,масқа сөйлеме
Жаманға айтқан сөзден
Жақсыға айтқан сөз дұрыс
Ойсызға айтқан сөзден
Ойлыға айтқан сөз дұрыс
Айтылмай қалған сөзден
Айтылып қалған сөз дұрыс
Сөйлемес жерді білсең
Бәрінен де сол дұрыс.
Олай болмаған жерде
Сөзіннің алды дұрыс, арты бұрыс
Сөз атасы Құран мен сүннеттен де, ізгі кісілердің өмірлерінен де, салихалы ата-бабаларымыздың насихаттарынан да, біз тілді сақтаудың маңыздылығын байқадық. Қаншалықты сөзімізге мән берудің бағамын түсіндік...
Алайда біз бүгін бұл тақырыпта амал тұрғысында ақсап тұрмыз ғой. Бір күнде қанша сөз сөйлейміз. Олардың кейбіріне біз ойланып та көрген емеспіз. Оның ішінде тіл жаттыққан боқтық бейәдеп сөздер қаншама. Кісі сыртынан сөйлегенде бір-бірімізге жан салмаймыз.Ілгергі ізгілер уақытында өсек айтылған жерде бір жағымсыз иістер пайда болады екен. Ал қазір тілімізбен қатар мұрнымызда дағдыланған, ол иісті сезу қабілетінен де айырылғанбыз. Әсіресе өсектің ең жаманы басшылардың сыртынан сөйлеуде кейбір БАҚ бірге асыға аптыға елге де жайып жатамыз.
Келемеждеу, мазақтау, шағыстыру, кісі абыройын ашу, жала жабу, өтірік сөйлеу қылмыс болу жайында қалып, дағдыға айналып бара жатқандай...
Күнәлі сөздерді қаперге алмаған күннің өзінде, сағаттап отырып айтылатын бос, ешбір сауабы жоқ, лағып айтылар әңгімелер қаншама. Қиямет күні осы сөздеріміздің барлығы, азы-көбіне, кішісі-үлкеніне қарамай, том-том кітап қылып, көз алдымызға: «ал енді бұған есеп бер»-деп, тастағанда, жағдайымыз не болар екен деп ойланып та көрмеппіз.
Қадірлі жамағат! Сөйлеу ол Алланың өзгеге дарытпаған ерекше нығметі. Ол нығметтің құны да бағамы да осы ерекшелігінде. Судың да сұрауы болғаны сияқты, отыз тістен сытылып шыққан әрбір дыбыспен әріптің де сұрауы бар.
Мен берген тілмен, ауыз, тіс арқылы не жақсылық жасадың, мен берген ерекшілікпен өзгелерден қай жерде артық тұрдың, -деп, Алла қиямет күні сұрақтың астына алады. Ол сұрақтан сүрінеміз бе, әлде жанымыз көзімізге көрініп, терлеп-тепшіп жауап береміз бе ол біз үшін ең өзекті мәселе.
Тілімізге еге болайық, қадірлі жамағат!
Жуалы ауданының
бас имамы Кенжемолдаев А Р