Қасиетті Құрбан айт туралы таным

Қасиетті Құрбан айт туралы таным

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күллі Ислам әлемі асыға күткен ұлық мереке - Құрбан айт мерекесі де күн санап жақындап келеді. Алдағы қазан айының 15 күні басталатын қасиетті Құрбан айт 3-4 күнге жалғасады. Бұл күндері мұсылмандар құрбан шалып, садақа таратады, ғибадат жасап, бір-біріне қонаққа барып, құттықтайды. Араб тілінде «құрбан» сөзінің мағынасы «жақындау» дегенге саяды. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы - Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде мал шалу. Ал «айт» сөзінің аудармасы «мейрам» деген мағына білдіреді. Сол себеппен Құрбан айт мейрамы мұсылмандардың сол күндері  Алла Тағаланың кешіріміне, ризашылығына, мейіріміне ең жақын болатын  күндер. Және сол күндері  Алла Тағаланың нәсібімен елдің бірлігі күшейіп, өзара бауырластықтары артады. Адамдардың иманы күшейеді.

Аллаға шүкір, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз еліміз «Құрбан айт» мерекесінің алғашқы күнін республикалық деңгейде демалыс күні ретінде мерекелеп келеді. Қазақ елінің қазіргіден де биік рухани жаңарып, береке-бірлікке бастаған мұндай сауапты істері ұрпағынан-ұрпағына мирас болғай!

Мұсылман үмметі Құрбан айттың бірінші күні таңертең дәрет алып, өзінің алғашқы қадамын тазарудан бастап, мұнан кейін үстіне кіршіксіз таза да жаңа киімдерін киіп, хош иіс себініп, мешітте көпшілікпен бірге мерекелік айт намазын оқиды. Намаз соңынан бірін-бірі құттықтап, қуанышттарын бірге бөліседі. Осылайша мұсылман мерекесі құлшылықпен басталып, өзінің барлық сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.

Тәкбір-тәшриқ

Арафа күні (14-қазан күні) таң намазының парызынан кейін басталып, құрбан айттың төртінші күні (18-қазан күні) екінті уақытына дейінгі болатын әрбір парыз намаздың (барлығы 23 парыз намазы) соңынан төмендегі тәкбір-ташриқ дұғасын оқу уәжіп болып табылады. Мұны да осы бастан білгеніміз жөн. Дұғаның оқылуы: «Аллааһу әкбар, Аллааһу әкбар, ләә иләәһә иллаллааһу уаллааһу әкбар, Аллааһу әкбар уа лиллааһил-хамд». Мағынасы: «Алла ұлы (2 рет), Алладан басқа тәңір жоқ! Алла ұлы (2 рет), Барлық мадақтар мен мақтаулар тек Аллаға ғана тән».

Сүйікті амал - Құрбан шалу

Құрбан айт күндері  шамасы келген әр бір мұсылманға  құрбан шалу - уәжіп.  Құрбан шалу Ибраһим (а.с.) пайғамбардың сүннеті. Мұхаммед Мустафа (с.а.с.) Пайғамбарымыз: «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим аталарыңның сүннеті» - деуі құрбан шалудың уәжіптігіне  саяды. Тіпті, Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын», - деп қатаң ескерткен. Сондықтан қорада малыңыз яки қалтаңызда қаражатыңыз болса, сараңдыққа салынбай Алла жолында малыңызды құрбан етіп, мұқтаж жандарға үлестіріп бергейсіз. Бұл рәсім Құрбан айт намазынан кейін айттың үш күнінде орындалады. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз - намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», - деген.

Төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтының сыртқы көрінісі күйлі болса, құрбандыққа жарайды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Сиырдан тек екі жасқа толғаны, түйеден 5 жасқа толғаны құрбандыққа жарамды. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етілсе, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп құрбан етіп шала алады.

Құрбандық қалай шалынады?

Ең алдымен құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратып жатқызылады. Сосын малды бауыздаған уақытта осы дұға оқылады: «Инна сәләти уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилляһи  Раббильғалямин ля шарика ляһ» Мағынасы: «Күмәнсіз менің намазым және басқа  ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Онын еш серігі жоқ одан кейін, тәкбір-тәшриқ дұғасын айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» - деп бауыздалады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисте былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рақатына қауыштырсын». (Муслим, Сайд,57.). Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малдың жаны шықпастан алдын жұлынына пышақ салу, басын кесіп алу және терісін алу - мәкруһ амал. Малды бауыздап жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» сөзін әдейі айтпай қойса, ол малдың етін жеуге болмайды.

Еті кімге таратылады және терісін пайдалануға бола ма?

Құранда «Хаж» сүресінің 28-аятында: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», - делінген. Демек, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзі және өзгелер де жей алады. Дұрысы, бұл мәселеде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өсиетін басшылыққа алып, құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж жандарға, екінші бөлігін туған-туыстарға немесе көршілерге, ал қалған бөлігін өз отбасына алып қалған жөн. Сондай-ақ, «барлығын Алла жолында атадым» деп құрбан етін түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруге де болады. Ал, құрбан шалушы адам сойылған малдың терісін пайдалана алмайды және қасапшыға ақы ретінде де беруіне болмайды. Терісі садақа ретінде берілуі тиіс. Осы орайда айта кеткен жөн, шалынған малдың бас-сирағы мен ішек-қарнын ысырап етіп тастамай, оларды тазалап алып, мұқтаж жандарға үлестіріп беру керек. Құрбан айттың ең сүйікті амалы және осы мерекенің басты құлшылығы болған құрбандығымыз толықтай қабыл болуы үшін малдың жеуге жарамды болған ешбір ағзасы күл-қоқысқа тасталмауы қажет.

Тазалық - иманнан

Осы аталған сауабы мол ғибадатты орындау үшін Тараз қаласы бойынша Төлеби даңғылы №89 үйде орналасқан «Һибатулла Тарази» мешіті және «Әулие ата» мешіті (Адамбаев көшесі №24), «Әбдіқадір» мешіті (Абай даңғылы №5), «Бегалы ата» (Фазлаев көшесі №49), «Шейх Зуннун» мешіті (Асқаров №243а) секілді мешіттерде арнайы орындар қарастырылған. Ислам діні - тазалықты ту еткен дін. Сондықтан ұлық мереке қарсаңында қаладағы көп қабатты тұрғын үй аулалары мен көше бойларында тазалықты сақтау мақсатында құрбан шалу рәсімін арнайы орындарда ғана атқаруларыңызға кеңес береміз.

Жаратқан Иеміз құлшылықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей! Қасиетті орындарда қажылық парыздарын өтеу үшін жолға шыққан бауырларымызға дін аман елге оралуды жазғай! Алла Тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз - Исламға күш-қуат бергей! Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалғалы жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болғай! Әмин.

 

Тараз қалалық «Әулие ата» мешітінің

Бас имамы Ахметжан Керімбек

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: