Рамазан айы – он екі айдың сұлтаны, берекесі де, кешірімі мол ай. Барша үмметтің асыға күткен Құран айы да келіп жетіп, жұртшылық ауыз бекітуде. Биылғы жылы да Алла нәсіп етіп, Аудандық «Төле би» мешітімізде ауызашарлар ұйымдастырылып, күнделікті тарауих намазына арнайы Астана қаласындағы қарилар медресесінен Манас ,Нұрмухаммед және Түркия елінен келген Харун Алай Қасиетті Құран кәримді хатым жасап, тарауих намазын жүргізуде.
Шу аудандық «Төле би» мешітінің бас имамы Аят Дыбысұлы күнделікті ауызашарға жиналған жамағатқа Рамазан айының қасиеттері, ораза ұстаудың құндылықтары сынды басқа да тақырыптар аясында әсерлі уағыз-насихат жүргізуде.
Сонымен қатар, жұма намазына келіп қатысқан аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаев аудан тұрғындарына, елімізге шын ықыласымен Алланың мейірімін, кеңшілігін тілеп, Рамазан айымен құттықтап сөз сөйледі.
Асыға күтіп, қасиетті Рамазан айына жеткен мешіт жамағаты, ақсақалдарымыз Алланың берген нығметтеріне , сансыз мейірімділігіне өз ризалықтарын шын ықылыстарымен білдіруде.
Шу аудандық «Төле би» мешітінің баспасөз қызметі