Қасиетті Рамазан айында «Кеңесхан қажы» мешітінде балаларға арналған жазғы имандылық тəрбие сағаты басталды.
Аталған іс-шараның ашылу салтанатында қаланың бас имамы Қанат Жұмағұл тәрбие сағатының маңыздылығы, мақсаты жайлы сөз сөйлеп, жиналған балдырғандар мен ата-аналарына діни тәрбиенің мәнін жеткізді. «Болашақ ұрпақты имани тәрбиеге баули отырып, халық дәстүрін жүрегіне ұялатып, санасына құю – бүгінгі білім мен тәрбиенің басты міндеті» - дейді дін маманы.
Оқушылардың мұсылманшылық туралы адами қасиеттерін қалыптастыру, ана тілін сүюге, ата салтын, бабалардан қалған ұлағатты, ғибрат сөздерді түсіндіріп, содан үлгі-өнеге алуға баулу мақсатында ұйымдастырылып отырған тәрбие сағаты 2 аптаға созылады.
Тәрбие сағаттын қыз балаларға «Кеңесхан қажы» мешітінің ұстаздары Жайна Бекназарова, Жібек Қолағұлова жүргізсе, мешіттің найб имамдары ұл балаларға дәріс беретін болады.
Биылғы балаларды оқытудың әдісі жылдағыдан өзгеше. Өйткені, бұл жазғы маусым лагерь де сауат ашу курсы да емес, имани тәрбие сағаты. Мұнда ұстаздар жасөспірімдердің діни тәрбиесі мен ұлттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлмек.
Балаларға дәріс барысында жалпы тынығу үзілісі беріліп, тәтті сусындар мен балмұздақ таратылады деп жоспарлануда.
"Кеңесхан қажы" мешітінің баспасөз қызметі