Алақандай ауылдағы Ақ мешіт

Алақандай ауылдағы Ақ мешіт

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Жамбыл облысы, Шу ауданы, Тасөткел ауылдық округінде жаңа мешіт бой көтеріп, ауыл тұрғындарына иман есігін айқара ашты.

Мешіт салу ең сауапты іс саналады. Ауыл тұрғыны болған Жапек атаның ұрпақтары тарапынан жасалынған бұл игілікті іс көпшілікті нұрлы шапағатқа бөледі. Мешіттің салтанатты ашылуына ауыл тұрғындары мен қонақтар, иман жүзді жандар жиналып, шарапаты мол шараның куәсі болды. Жиынның басын аудандық мешіттің бас имамы Аят Дыбысұлы Құран оқудан бастады. Ал сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков барша ауыл тұрғындарын ақ түйенің қарны жарылған күнімен құттықтап, ақ жолдары әрдайым Алла үйіне алып келуін тіледі.

«Жас ұрпақтың жүрегіне иман үйіретін мекен мешіт екені белгілі. Бұл мешіт ауылдың кіндігінен орын алған екен. Бұдан былай көшеде өтіп бара жатқан адам мешітті айналып кетпес деп ойлаймын. Осындай игілікті іс жасаған жомарт жанды азаматтарға, оларға қолдау көрсетіп, бір кірпішпен болса да жәрдемдесе білген ауыл тұрғындарына Алланың нұры жаусын.» - деп ақжарма тілегін жеткізген ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев Тасөтел ауылының имамы Әбдіқадыр Балқыбаевқа қасиетті Құран кітап пен «Жаңа мұғалим сани» әліппиді тарту етті. Сөз сөйлеп, тілек білдірушілердің қатарында Аят Дыбысұлы, ауыл әкімі Қамбар Жақсымбетов, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тоқтағұл Санабеков те болды.

«Бұл мешіт тек ауылдың зәулім сарайындай болып қалмай, таза құлшылық орнына, рухани ордаға айналсын» деген ниетін білдірген Жапек ата ұрпағы Еркін Жапеков ағайын туыстарының қолдауымен мешіттің қазығын өткен жылы қағып, ауыл тұрғындарының діни сауатын ашуға үлкен септігін тигізе білді.

Игі дәстүрге сай, мешіттің лентасын қию рәсіміне Данияр Әлимухамедұлы, Әлихан Әбіләшұлы және Жапековтер әулетінің үлкені Жанарбек Жапеков қатысты.

Бүгінде аудан бойынша 23 мешіт діни қызмет көрсетіп жатқан болса, солардың ішінде жаңа ғана бой көтерген бұл мешіт сапалы әрі ыңғайлы жағдай жасалғандарының қатарына кіреді. Себебі, бір мезетте намазханды қамтитын мешіттің дәрет алатын орны да талапқа сай жабдықталған.

Ашылу салтанатының соңында мешіттің ескі ғимаратында өңірдің әр түкпірінен ат терлетіп арнайы келген қонақтар мен барша қатысушылар Құран бағышталып берілген астан ауыз тиіп, ауыл әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен қазақтың ұлттық ойыны көкпарды тамашалады.

                                               Шу аудандық «Төле би» мешітінің баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: