Рамазан айына байланысты брифинг өтті

Рамазан айына байланысты брифинг өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін қасиетті Рамазан айына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға «Ақ жол», «Жамбыл-Тараз», «Арай», «Знамия Труда» газеттері мен «Қазақстан Тараз», «77» арналарының тілшілері қатысты.

Баспасөз мәслихатында Рамазан айының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының халыққа үндеуі жеткізілді. Сонымен қатар діни басқарма тарапынан келген бұйрық бойынша атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды.

Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы өз сөзінде: Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы. Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сондықтан, бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі. Мұсылман үмбеті бұл айды сарыла күтіп, сағына қарсы алады. «Ендігі жылы бұл қасиетті аймен қайта қауышуға ғұмырым жете ме, жоқ па?» деген қимас сезімдермен шығарып салады. Сондықтан, Хақ Елшісінің тілінде мына бір дұға әрдайым қайталанатын да тұратын: «Уа, ұлы Құдірет! Бізді қасиетті Рамазан айына жеткізе гөр!» деп атап өтті.

Өкіл имам қасиетті айдың құрметіне рухани кештер ұйымдастырылып, ауызашар дастархандары жайылатынын жеткізді. Қадір түнінде арнайы бағдарламалар жасалып, айт мерекесі ұлттық нақышта өтетінін, Ораза айт мерекесінде қоғамдық көлікте тегін жүру науқандары жүргізіліп, қайырымдылық іс-шаралары жасалатынынан хабардар етті. Сонымен қатар, пітір сақасының құны туралы айтып, мешітке келе алмайтын адамдар үшін рамазан айында қауырт желінің жұмыс жасайтынын тілге тиек етті. Ол үшін Жамбыл облысының тұрғындары 8 707 360 41 70 нөміріне хабарласа алады.

Ал облыстық Дін істері басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Есмаханов Рамазан айындағы мешіт айналасындағы тәртіп сынды мәселелерге тоқталып, халықты ауызашарда ысырапшылдықтан сақтануға шақырды.

Тілшілер өз сауалдарын қойып, керекті мәліметтерін түртіп алды. Аталған брифингті арнайы эфирде бүгін кешкі сағат 21.00-де жергілікті арнамыздан көре аласыздар.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: