Шу аудандық «Төле би» мешітінде наурыз мейрамы аталып өтті. Жылда асыға күтетін ұлыстың ұлы күні жайма шуақ наурыз биыл да табалдырығымыздан аттады.
Ежелден келе жатқан көктем мезгілінде тойланатын бұл мереке ырыстың, береке мен молшылықтың, бірліктің, бейбітшілік пен көктемгі жаңғырудың мерекесі екені бәрімізге мәлім.
Қоғамда бейбітшілікті, келісімді, достықты нығайтуда оның атқарар рөлі ерекше. Бұл күн – дүбірлі той, ақ түйенің қарны жарылған күн.
Айтулы мейрамға жиналған жамағатты ауданның бас имамы Аят Дыбысұлы ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап сөз сөйледі.
Жиналған жұртшылық аудандық мешіттің ауласында ұйымдастырылған спорттық сайыстарға ( қол күрес, турникке тартылу, гір тасын көтеру, сертпе және арқан тартысы) қатысты. Жастарға өнеге болған ақсақалдарымыз да өз өнерлерін көрсетті. Жеңімпаздар кілем және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында жамағатқа арнайы дастархан жайылып, наурыз көже ұсынылып, ерекше құрмет көрсетілді. Сонымен қатар наруыз мейрамы ауданға қарасты барлық ауылдық мешіттерде кең көлемде аталып өтті.
Шу аудандық «Төле би» мешітінің баспасөз қызметі