Шу қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жастарды керағар ағымдардан сақтандыру, дін туралы білімдерін кеңейту мақсатында «Терроризм мен экстремизмге қарсымыз!» атты имани кездесу өтті.
Іс-шараға Шу қаласының бас имамы Қуат Үрпеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар» ресурстық орталығының «Дін істері және ақпараттық талдау бөлімінің» меңгерушісі Мырзабек Смайылов, аға инспекторы Медет Атайбеков, Шу ауданы мемлекеттік архивінің архивисті Айнұр Абиева, мәдениет үйінің қызметкерлері және С.Сейфуллин орта мектебінің 8 сынып оқушылары қатысты.
Кездесуде бірінші болып сөз алған қаланың бас имамы тағылымды да, тартымды уағыз айтып, Ислам – бейбітшілік, тыныштық, ынтымақ, бірлік екенін түсіндіріп, дініміздің терроризмге ешқандай қатысы жоқ екенін айтты.
Мырзабек Смайылов, Медет Атайбеков, Айнұр Абиева және мәдениет үйінің директоры Ермахан Азаматовтар өз ойларын ортаға салды.
Жиын соңында қаланың бас имамы жиналған оқушыларға, ақиқаттан айнымай тура жолмен жүруге, үлкенге құрмет көрсетіп, ата-ананы сыйлауға шақырды.
Шу қалалық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі