Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ұйғарымымен әрбір ай қайырымдылық жасау арқылы ерекшеленіп, науқандармен өтуі тиіс. Бұл ай «Мүгедек жандарға мейірімділік танытайық» атты тақырыпта өтті.
Қордай ауданының дін қызметкерлері де науқаннан қалыс қалмай, өз мүмкіндігінше үлестерін қосып, бауырларымызға өз көмектерін көрсетті. Аудандық «Қордай» мешітінің ұйымдастыруымен тағдырдың сынағына ұшыраған азаматтарға азық-түлік (5 кг қант, 25 кг ұн, 5 макарон, 5 литр сұйық май және 5 кг күріш) үлестірілді.
Бас имам Д.Қасымалиев бастаған топ арамызда мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өмірден үміті көп жандарды аралап, сыйлықтарды табыстап, Алланың құлдарына беретін сынағы мен тағдырға иман келтіру турасында уағыз-насихат айтылды. Жандос есімді бүлдіршін ағаларының келгеніне қуанып, өз құрбыларынан қалмай әрекет етуге ылғи дайын екенін жеткізіп, үмітінің үзілмегенімен бір қуантты. Азық-түлік қабшықтары мүгедек жандарға және кейбіреулерінің ем алуына байланысты қамқоршыларна табысталды.
Тағдырдың ауыр соқпағынан селт етпеген олар қандай қиындық болмасын, қасқайып қарап тұра білді. Мұндай науқан әлеуметтік көмек көрсетіп қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Қордай ауданының дін қызметкерлері осы айтулы көмектерді жалғастырып тұрудың жолдарын қарастыруға білек сыбана кірісіп те кетті.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі