Қордай ауданының дін қызметкерлері уағыз-насихат жұмыстарына белсене кірісті. Жыл басындағы алғашқы кездесу Қақпатас ауылдық №30 орта мектеп қабырғасында өтіп, жиынға жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Кездесуде «Дін және жастар», «Тәрбие тал бесіктен басталады» атты тақырыптар көтерілді. Найб имам-дінтану магистрі Д.Жандосұлы оқушыларға діннің адам өміріндегі маңыздылығына тоқталып, қоғам мен тұлғаның дінмен байланысын ашып көрсетті.
Ата-бабаларымыздың ислам дінін еркін қабылдау себептерін тарихи дәлелдермен келтіріп, дініміздің құндылықтарын паш етті.
Діни негіздегі тәрбиеге тоқталып, дін құндылықтарымен сусындап өскен халқымыздың дара тұлғалары жайлы мысалдар келтірді. Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тоқтала келе өзіне-өзі қол жұмсау жайлы, зинақорлық жайлы кең көлемді уағыз айтылды. Оқушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, баршасына нақты дәлелдермен түсінік берілді.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі