Жамбыл облысында өткен Мәуліт кештері. (ФОТО)

Жамбыл облысында өткен Мәуліт кештері. (ФОТО)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам мәуліт мерекесі деп аталады. Қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту – құптарлық жақсы амал.

Осы айтулы мереке Жамбыл облысының әрбір ауданында үлкен дәрежеде аталып өтті.

Облыстық "Һибатулла Тарази" мешіті

Жұма күні екі дүние сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан айына орай "Һибатулла Тарази" мешітінде мəуліт оқылды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілдігі, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастыруымен ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған айы мәуліт мерекесіне арналған рухани-сазды кеш өтті.

Шара алдында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті жемісі таратылды.

Кеште пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолы туралы көрсетіліп, Құранның теңдесіз аяттарымен басталды. Рухани іс-шараны «Асыл мұра» өнер орталығының таланттары жүргізіп, ақын-жыршылар мен әншілер Алла, оның пайғамбары, имандылық пен бес парыз жайында термелер мен әндер айтты.

«Һибатулла Тарази» медресесінің директоры Данияр қари Жұмабаев бастаған білім ордасының шәкіртері мен қала имамдары мәуліт оқып, көрермендер қосылып Расулуллаға салауат айтты.

Сондай-ақ, жамағатқа діни кітаптар мен журналдар таратылды. Ал ақ жаулықты әжелеріміз дәстүрлі шашуын шашты. Облыс имамы жергілікті имамдарды және мешіт қызметкерлерін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының алғыс хатымен марапаттады.

ҚМДБ «Һибатулла Тарази» мешітінің жастар қоры ұйымдастырған қайрымдылық науқаны өтіп, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестірілді.

«Әулие ата» мешіті

«Әулие ата» мешітінде мәуліт мерекесі аталып өтті. Іс-шара барысында аталған мешіттің бас имамы Ораз Баймаханов мәуліт оқыды. Ақ дастархан жайылып, әжелеріміз ақ батасын берді. Мерекелік кештің соңында 3 отбасыға қайырымдылық жасалып, азық-түлік, аяқ киім мен қаржылай көмек көрсетілді.

"Бегалы ата" мешіті

Пайғамбарымыздың өмірбаянынан сыр шерткен мәуліт жырын бас имам Данияр Жұмабаев пен «Әулие ата» мешітінің имамы Ораз Баймаханов тебірентіп оқып, «Бегалы ата» жамағатының баршасы имамдарға қосылып салауат жолдады.

Мәуліт мейрамының мән-маңызы жайында уағыз айтылды.

Меркі ауданы

Меркі ауданында өткен рухани кеште Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмір жолынан бейне фильмдер көрсетілді. Имам-молдалардың қатысуымен Пайғамбарлық өмір жолынан Мәуліт оқылды.

Сонымен қатар «Меркі ата» мешітінің асханасында жиналған халық мерекелік дастархан басында бас қосып, 300 адамға даярланған астан дәм татып, Құран оқылып, қариялар батасын берді.

Мәуліт мерекесін салт-дәстүрмен ұштастырып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Арқан тартыс, білек-күш сынасу, көкпар ойындары жүргізілді.

Жамбыл ауданы

Мереке басында Үміткен Қапанқызы іс-шараға жиналған қауымды меркесімен құттықтап, ауданның бас имамы мәуліттің мән-мағынасына тоқталды.

Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындалған діни көріністермен діни өлеңдер айтылды.

Байзақ ауданы

Облыстық “Һибатулла Тарази” мешітінің найб имамы Бақтияр Амреев Мәуліттің маңызы, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі мен көркем мінезі туралы уағыз айтты. «Қалмұрат баба» мешітінің молдасы Бақытбек Сағымбаев пен Хазірет қари пайғамбарымызға (с.ғ.с) араб және қазақ тілдерінде салауат айтты.

Шарапаты мол Мәуліт мерекесінде тұрмысы төмен 30 отбасыға азық-түлік өнімдері үлестірілді.

Жақсылыққа жақын жүретін “Шыңғыс” мейрамханасының басшысы Бейбіт Абдуалиев 300 адамға дастархан жайып, жағдайы төмен 7 отбасыға көмек берілді.

“Байзақ баба” мешітінің бас имамы Рәмиз қажы дін жолында қызмет етіп жүрген бір топ молдаларды және демеушілерді алғыс хатпен марапаттады.

Т.Рысқұлов ауданы

Мәуліт жайлы уағыз-насихат жүргізіліп, Басқар Битанов атындағы театр өнерпаздарының дін насихатындағы ғибратты көріністері, актерлік шеберліктері көрермен көңіліне ой салып, көздеріне еріксіз жас келтіріп, ерекше әсерге бөледі.

Сарысу ауданы

Құран аяттары оқылып, дұға жасалды. Жастардан құрылған топ жиылған жұртшылыққа мәуліт жырын оқып, құлақ құрышын қандырды.

«Пайғамбарымызға махаббат» тақырыбында уағыз айтып, келген жұрттың ықыласына бөленді.

Осындай игі шараға жыл сайын ат салысып жүрген Шәкизат апаға, жүргізуші Аманбаев Бекайдарға және бір топ жастарға марапат жасалып, аудан имамының алғыс хаттары мен кітаптар табыс етілді.

Қордай ауданы

Қасиетті жұма күні аудандық «Қордай» мешітінде мәуліт мерекесіне арналған іс-шара өтті. Ауданның бас имамы Дастан Қасымалиев ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәлім-тәрбиеге толы мүбәрак өмір жолына тоқталып, салуат айтудың ерекшелігіне тоқталып уағыз айтты.

Дулат пен Абдунұр қарилар мәуліт шәриф оқыса, имамдар мен жамағат Пайғамбарға салауат айтты.

Шу қаласы

Шу қаласындағы орталық «Жәми» мешітінде Пайғамабарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған күні аталып өтті.

"Жәми" мешітінде мəуліт шәриф оқылып, дастархан жайылды.

Мәуліт айының құрметіне демеушілер арқылы тұрмыстық жағдайы төмен 4 отбасыға 10 тонна көмір үлестіріп берілді.

Шу ауданы

Ауданның бас имамы Аят Дыбысұлы және найб имамдары Мәуліт оқып, Пайғамбарымыз (с.а.у.) жайлы өмір тарихын айтып, жиналаған жамағатпен Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат оқыды.

Келген жамағатқа Сияр кітәбі, мәуліт жайлы қысқаша мәлімет кітапшасы және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті жемісі Құрма таратылып, дастархан жайылып ас берілді.

 

hibatulla.kz

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: