Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешітінде аудан бас имамы Абдразахов Азамат Берікұлы жамағатқа арналған кезекті уақып сағатын өткізді. Тағылымды шара барысында уақып ұғымының мән-мағынасы, оның шариғаттағы орны мен үкімдері, сондай-ақ қоғам өміріндегі маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Бас имам уақыптың – адам баласының Алла разылығы үшін өз мүлкін қайырымдылық жолына арнап, оның игілігін көпшіліктің қажетіне жаратуы екенін жеткізді. Сонымен қатар уақыптың мешіттер мен діни нысандардың дамуына, діни білімнің таралуына, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге және қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға қосар үлесі айтылды. Азамат Берікұлы уақып жасаудың адамға берер рухани пайдасына тоқталып, бұл амалдың сауабы үзілмейтін садақа қатарына жататынын түсіндірді. Жамағатты қолынан келгенше сауапты істерге атсалысып, дін мен ел игілігіне қызмет етуге шақырды.
Кездесу соңында жамағат көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Басқосу ел амандығы мен бірлігі үшін жасалған дұғамен қорытындыланды.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


24 Қараша 2026
13 Джумада-сани 1448

