Сарысу аудандық мешітінде жамағат арасында «Құранмен қауышқан жүректер!» атты рухани іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жамағатты Құран Кәрімді оқуға ынталандыру, Алланың кәләмімен жүректерді нұрландыру, сондай-ақ ізгі амалдар арқылы мұсылмандар арасындағы бірлік пен бауырмалдықты нығайту.
Рухани жиын барысында қатысушыларға Құран Кәрімнің паралары үлестіріліп, әрбір жамағат мүшесі хатым оқуға өз үлесін қосты. Осылайша, мешіт жамағаты Құран оқудың сауабына ортақтасып, рухани тұрғыда бір-біріне демеу болды.
Құран хатымы толық аяқталғаннан кейін жамағатпен бірге хатым дұғасы жасалып, Алла Тағаладан оқылған Құранның қабыл болуын, ел мен жердің амандығын, мұсылман үмбетінің бірлігі мен ынтымағын тілеп дұға етіледі.
Құран Кәрім – мұсылман жүрегінің рухани азығы, өмірінің бағыт-бағдары. Осындай игі бастамалар жамағаттың Құранға деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Сарысу аудандық мешітінің баспасөз қызметі


21 Қараша 2026
10 Джумада-сани 1448

