Жамбыл облысында ҚМДБ Әйел-қыздар секторының құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты мерекелік кеш өтті. Рухани мазмұн мен ұлттық дәстүрді тоғыстырған басқосуды белгілі жүргізуші, «Вице Миссис Қазақстан – 2026» атағының иегері Назгүл Бақыт жүргізді.
Мерейтойлық жиын Құран аятымен ашылып, ақ жаулықты әженің батасымен жалғасты. Салтанатты шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы мен наиб имам Әбдіқадір Сейтқали қатысты. ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Жамбыл облысындағы жетекшісі Жазира Иманалиева мен аға ұстаздар сөз алып, он жылдық белестің маңызына тоқталып, ізгі тілектерін жеткізді. Кеш қонақтарына ҚМДБ қызметі туралы арнайы бейнеролик те ұсынылды.
Жиында облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлы уағыз айтып, сектордың мерейтойымен құттықтады. Әйелдер мен қыз-келіншектерге діни білім беріп, шәкірт тәрбиелеу жолында қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздардың қызметіне айрықша тоқталды. Ұстаздар да бас имамға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
Мерейтойдың ең маңызды сәттерінің бірі – өңірдегі әйел ұстаздарды марапаттау рәсімі болды. Асқар Зәкіржанұлы сахна төріне облыстағы барлық ұстазды шақырып, олардың жылдар бойғы еңбегіне алғыс білдірді. Діни сауат ашу ісіне, Құран үйретуге және шәкірт тәрбиесіне үлес қосқан ұстаздарға арнайы марапаттар мен сыйлықтар табысталды. Бұл – көптің көз алдында еленген еңбектің, шәкірт жүрегіне білім мен ізгілік дәнін еккен ұстаздық жолдың лайықты бағасы болды.
Кештің құрмет төрінен «Әжелер алқасы» да орын алды. Ақ жаулықты аналарға сөз беріліп, олардың өнегелі қызметі дәріптелді. Әжелерге орамал жабу рәсімі өтіп, үлкенге құрмет пен ұлттық дәстүрге тағзымның мәні көрініс тапты.
Мерекелік бағдарлама өнер көрсетілімдерімен жалғасты. Шәкірттер нашид орындап, Айгүл Есекеева мен Облыстық филармония әншілері домбырамен ән шырқады. Ұстаздар дайындаған рухани көрініс пен түрлі ойындар да көрермен ықыласына бөленді. Ал 35 сұрақтан құралған Kahoot зияткерлік ойыны қатысушылардың діни білімін сынап, кештің көркін қыздырды. Жауап берген қатысушыларға түрлі сыйлықтар үлестіріліп, үздік үш ойыншы арнайы жүлделермен марапатталды.
Шара барысында шәкірттерге өз білімдері мен тапқырлықтарын танытуға тағы бір мүмкіндік берілді. Олар мақал-мәтел, өлең жолдары, жыраулардың нақыл сөздері мен хадистерді арқау етіп, көпшілік алдында ұстаздарға тосын құттықтауларын арнады. Жүрекжарды тілектерімен ерекшеленген шәкірттер де сыйлықтарға ие болды.
Мерекелік кештің соңында өңірдегі барлық ұстаз сахнаға көтеріліп, жиналған қауымға ақ тілектерін жеткізді. Ал ұстаздардың мемлекеттік Туды желбірете отырып орындаған «Атамекен» әні салтанатты жиынның әсерлі қорытындысына айналды.
Он жылдық мерейтой – бір күндік мерекеден әлдеқайда терең мәнге ие. Бұл – діни білімді дәріптеп, талай шәкірттің сауатын ашқан, рухани тәрбие мен ізгілік жолында аянбай еңбек еткен ұстаздарға көрсетілген құрмет. Ұстаз еңбегі ұлықталып, әжелер батасы берілген тағылымды кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



16 Қараша 2026
5 Джумада-сани 1448

