Сарысу аудандық мешітінде жамағатқа уақыптың маңызы мен сауабы жайында рухани насихат айтылды.
Насихат барысында мешіттің наиб имамы Әбибулла Әлинұр ұстаз адам баласының дүниеден өткеннен кейін де сауапты амалдары жалғасып отыруының маңыздылығын түсіндірді.
Уағызда уақыптың мәні, оның қоғамға тигізер пайдасы және мұсылман баласы үшін қалдыратын мәңгілік сауапты мұрасы кеңінен баяндалды. Адамның дүниеден өткеннен кейін де артынан сауап жетіп тұруына себеп болатын игі амалдардың бірі – уақып екені айтылды.
Уақып – мұсылманның дүниедегі мал-мүлкін Алла разылығы үшін халықтың игілігіне арнап, одан үздіксіз пайда келуіне себеп болатын қайырлы амал. Мұндай игі іс адамның өмірден өткеннен кейін де сауап алуына себепкер болады.
Алла елшісі ﷺ: «Адам қайтыс болған кезде оның амалдары тоқтайды. Тек үш нәрседен басқа: үздіксіз садақа (садақа жария), пайдаға асатын білім және оған дұға ететін ізгі перзент», – деген. (Муслим риуаят еткен, 1631-хадис)
Осындай рухани насихаттар жамағатты қайырлы амалдарға ұмтылуға, уақып мәдениетін қалыптастыруға және артынан ізгі мұра қалдыруға ынталандырады.
Сарысу аудандық мешітінің баспасөз қызметі



21 Қараша 2026
10 Джумада-сани 1448

