Меркі ауданының мешіттерінде жұма намазына жиналған жамағатқа аудан имамдары «Ас беру мәдениеті» және «Құдайы аста ысырапқа жол бермеу» құжаттарын таныстырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Имамдар жұма намазынан кейін жамағатқа ас беру дәстүрінің мәні мен маңызын түсіндіріп, құдайы ас өткізуде қарапайымдылықты ұстану қажеттігін атап өтті. Әсіресе, ас беру рәсімін бәсекеге айналдырмай, шамадан тыс шығынға жол бермеу, отбасының жағдайын ескеру және елге қаржылық салмақ түсірмеу мәселелеріне баса назар аударылды.
Сонымен қатар марқұмға дұға бағыштау, ағайынның басын қосу және сауапты амал жасау құдайы астың негізгі мақсаты екені айтылды. Жамағатты ұлттық дәстүрдің озық үлгілерін сақтауға, ысырапшылдықтан аулақ болуға және ас беру мәдениетін қалыптастыруға шақырды.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деп ескертеді.
Құдайы ас – жарыс емес, сауап. Ас берудің қадірі мол дастарқанмен емес, ізгі ниетпен, шынайы дұғамен өлшенеді.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі



26 Қазан 2026
14 Джумада-авваль 1448

